«Байқоңыр» кешенін дамыту барысы баяндалды

9 қарашада Петропавл қаласында Қазақстан және Ресей мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен шекаралық аймақтардың ынтымақтастық аясындағы ХV форумда «Байқоңыр» кешенін дамытудың перспективалық мәселелері қаралды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың ХХІV кезектен тыс сессиясында осы шараға байланысты өткізілген жеке кеңесте Қазақстан мен Ресей Президенттеріне ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласының даму барысы туралы баяндалғанын атап көрсетті.

Ғарыш айлағын дамыту, «Бәйтерек» бірлескен ғарыштық жобаны жүзеге асыру туралы  ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов және «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин баяндады.

Байқоңыр қаласын дамыту туралы облыс әкімі Қ.Көшербаев және Бай­қоңыр қаласы әкім­шілігінің басшысы Константин Бусыгин хабарлама жасаған.

Облыс әкімі атап айтқанда Мемлекет басшысына қаланың өмірлік маңызды қызмет көрсету салаларының жұмысын қамтамасыз ету барысында атқарылған жұмыстарды, бас жоспарға сәйкес қалаға жақын орналасқан Төретам және Ақай елді мекендерінің даму перспективалары туралы мәлімдеді. Өткен жылы газдандырудың бірінші кезеңі аяқталып, қазақстандық әлеуметтік нысандардың барлығы табиғи газға қосылды. Өз кезегінде қала әкімшілігі тұрғын үйлерді кезең-кезеңмен газға қосуда.

Аймақ басшысының хабарла­ға­нындай, жел­тоқсан айында «Бай­қоңыр» кешенін газдандыру туралы үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Қол қойылғаннан кейін қаланың басқа да тұтынушылары, оның ішінде коммерциялық нысандар газға қосылатын болады. Газдың бағасы облыс аумағындағы бағамен бірдей болады.

Қайта жаңғыртуға жататын су және кәріз жүйесі жалға беруден алынып облыстың коммуналдық меншігіне беріледі. Аталған жұмыстардың техникалық-экономикалық негіздемесі 17 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы басқа да құжаттар жасалып, 2020 жылдан бастап басқа жүйелер жаңғыртылатын болады.

Кеңес одағы тараған уақыттан бастап тұңғыш рет қалада тұрғын үй құрылысы жүргізіле бастады. Үстіміздегі жылдың соңына дейін 250 пәтерге арналған бес тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша, оның ішінде коммерциялық бағыттағы үйлер құрылысы жалғасын табады.

Облыс әкімі сондай-ақ облыстық медицина орталығының филиалы ашылуына байланыс­ты медициналық қызмет көрсетудің сапасы жақсарғанын атап көрсетті. Қалада қазақстандық емхана жұмыс істей бастады. 2019 жылы операциялық блокпен 30 төсекке арналған хирургия бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.

Қазақстандық мектептердің барлығы инновациялық интерактивті физика, химия, биология кабинеттерімен және роботтехникасымен жабдықталған. Орыс тілінде оқытылатын балабақшалар мен мектептерді қазақстандық білім беру мен тәрбиелеу стандарттарына көшіруге дайындық жүргізілуде.

Қала экономикасын әртараптан­дыруға жағдай жасалуда. «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қаралуда. Газдандыру және инженерлік коммуникацияларды жаңғырту коммуналдық қызметтердің тарифін төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік қызметті жүргізуді жеңілдетеді.

«Байқоңыр» кешеніне туристерді тарту бойынша үлкен жұмыстар жүр­гізілуде. Бірқатар турфирмалар тіркеліп, оларды ғарыш айлағына жіберу тәртібі жеңілдетілуде. Ғарышқа ұшатын жердегі бақылау пункттері жарақтандырылуда. Қонақүйлерін ха­лық­аралық стандартқа бейімдеп, 1961 жылдың 12 сәуірінде Ю.Гагарин ұшқан  жерге қонақүй салу жоспарлануда.

«Байқоңыр» туристік аймағының құрылысы Қазақстанның  ТОП-10 турис­тік бағдарламасына енгізіліп отыр.

Кеңестің қорытындысы бойынша үкіметтерге 2019 жылдан бастап тиісті тапсырмалар берілді. Оның ішінде ҚР бюджетінен Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай елді мекендерінің инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларына  қаржы бөлу, сондай-ақ қаланың тұрғын үй қорының  өңірлік маңызды нысандарын ұстап тұруға Ресей федерациясы бюджетінен бөлінетін қаржыны  ұлғайту туралы тапсырмалар берілді. Сондай-ақ облыс әкімі «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша үкіметаралық комиссия шеңберінде бірқатар мәселелер нақтыланып жатқанын хабарлады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қараша 2018 г. 527 0