ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТКЕ МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР СЫЙЛАҒАН

 Бүгінгі технократтық дәуірде сурет дегеніңіз бәсі төмендеген дүниелердің қатарына қосылды. Өйткені әрқайсымыздың қолымыздағы телефонда жүздеген бейне сақтаулы. Кейде құрылғысы құрғырдың жадына сыймағандарын өшіріп жіберетініміз бар. Суретке түсу үшін арнайы фонға ақылды, әдемі түр «жасап» тұра қаламыз.  Түрлі-түсті, мың бояулы, бірақ жансыз, сөлсіз.  Осындайда ақ-қара реңктегі ескі суреттерге көз салып көріңізші... Әсіресе, біздің басылымның ардагері, фототілші Болат Омарәливтің суреттеріне зер салыңыз. Адамдардың күлкісінде де, айналасын қоршаған әлемде де жасандылық жоқ. Бәрі шынайы, табиғи... Көзің демалып, жансарайың ашылып сала береді.
Күні бүгін жетпіс жасқа толып, ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын Сыр бойының шежіресін жасауға жұмсаған Болат Омарәлиевті танығалы жиырма жылға жуықтады. Ол кісінің облыс тарихына, руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін ел біледі. Сонау Аралдағы Құланды мен Қаратау сілемдеріне дейінгі аралықты жүріп өткен жолы туралы өзі, замандастары  айтқан әңгімелерден көңілге көп нәрсе түйдік. Бірақ шығармашылығына баға беруге, еліміздің фотоөнер саласындағы орнын айқындауға шамамыз жете бермейді.  Бір білеріміз, Болат Омарәлиев ұлтқа, ұр¬паққа, тарихқа керек дүниелерді таспаға түсіру арқылы тұтас дәуірдің бет-бейнесін мәңгілік игілікке айналдыру миссиясын адал атқарды.
Болат ағаның суреттері күнделікті күйбең тіршіліктің тақырыбынан алыс, адам өмірінің сәулелі сәттерін еске түсіруімен құнды. Кәсіби фотошебер қарға оранған тал-теректі, жерде шашылған жапырақты, батқан күн мен атқан таңды бізге қарағанда басқалай көреді. Оның архивіндегі көк аспанда жөңкілген қазбауыр бұлттардың, тізбек жасап ұшқан құстардың, көл жағасындағы құрақтың суреттеріне бұрын-соңды мұндай көрініске кезікпегендей, құмарта қарайтынымыз содан болар.
Ол балаң жасында қолына фотоаппарат ұстағанда қазақ ұлтының қайталанбас тұлғаларының фотогалереясын, Сыр өңірінің жартығасырлық шежіресін жасауға қадам басқанын түсінбеген шығар. Талай негативтер мен пленкалар әлі  қорабынан алынбаған да болар. Өйткені бір сөзінде «кейбір  фотографтар қорында 200 мың сурет екенін айтады. Олар түсіргенінің барлығын жинай берген. Менде 2 мың сурет бар. Ең сәтті дегендерін іріктеп алдым. Оның жартысына жуығы ғана жарияланды» деген еді.
Фотогалерея демекші, Болат аға Қызылордаға ат басын бұрып, табан тіреген атақты адамдардың ешқайсысын кадрдан тыс қалдырмаған.  Бірде «Мұқағали Мақатаевтан басқа қазақтың маңдайына біткен таланттарды, ақын-жазушы, әнші-актерларды суретке түсірдім. Менде тек ақиық ақынның суреті жоқ. Алматыға барғанда талай іздедім. Таба алмадым. Өлең оқып отырған сəтін түсіргім келді» деді. Бәлкім, тағдыр жолдарын тоғыстырмаған шығар. Әйтпесе, өзіміз тамсана қарап жүрген Оралхан Бөкейдің, Нұрғиса Тілендиевтің, Әбділдә Тәжібаевтің суреттеріндей «сөйлеп» тұрған дүние туар ма еді?
Дегенмен қолдағы бар суреттердің құндылығы уақыт өткен сайын артып келеді. «Құрыш қазақ» Зейнулла Шүкіровтің, «ұлтымыздың ұланғайыр күлкісі» Қалтай Мұхамеджановтың,  қазақ киносының анасы Әмина Өмірзақованың, тағы да басқа біртуарлардың қас-қағым сәттегі көріністерінен олардың жан тебіренісі, ішкі дүниесіндегі иірімдер байқалмай қалмайды.  Ол түсірген суреттерде кейіпкерлерінің мінезі, сол сәттегі толқынысы көрініп тұрады. Кей кадрлар аяқ астынан сөйлеп кететіндей әсерлі әрі жанды. Болат ағаның «суреттен образ шығару үшін кейіпкердің сырт келбеті мен ішкі тебіренісі сəйкес келуі керек» дейтін өзіндік ұстанымы бар. Өзі сол сәтті, мыңнан бір мезетті қалт жібермей, ұстап алу үшін үнемі шығармашылық ізденісте жүрді.  
 Фотошебер әр суреттің түсірілу тарихын қызықты етіп әңгімелеп  бергенде, фотоөнердің қыр-сырына, ашылмаған әлеміне бойлай түсесің. Мысалы, Мәскеудегі көрмеге қойылған «Соғыс жесірлері» сериясындағы кейуананың суреті. Онда соғыстан қайтпаған балаларын күткен ананың жүзіндегі сағыныш табы мен қайғы-қасіреті де, «балаларым келіп қалар» деген үзілмеген үміті де көрініс тапқан. Мына суреттегі өмірінің жарымын жырақта өткізіп, атамекеніне алғаш табан тіреген, туған топырағына тәу еткен қарияның бейнесі тебірентпей қоймайды.  Боз далада бауырын жазып шапқан ат, бір-бірімен жарысқан ойын балалары, таң алдындағы қой өргізген шопан, түн қараңғысында үшбұрыш болып ұшқан тырналар, тізбектей берсек, ұшы-қиырына жетпесіміз анық.    
Зейнетке шыққалы Болат аға әлеуметтік желінің белсенді қолданушысына айналды. Соңғы жылдары архивтегі қазынасын цифрлық форматқа көшіруді бастаған еді. Содан көмбенің құлпы ашылды. Жылдың төрт мезгілі, адамның кейбір кездері, көңіл толқынысы, қуанышы, шаттығы еш боямасыз бейнеленген кадрлар жарыққа шықты. Әсіресе, қазақ әдебиеті мен өнерінің алыптары, Сыр бойында өмір сүрген еңбек адамдары бейнеленген суреттерді ақпараттық сайттар көшіріп басып, желі қолданушылары бөлісіп пайдалана бастады. Ол кісі жүктеген тарихи әрі тағдырлы суреттерге лездің арасында мыңдаған «бас бармақ» басылып, желідегі жұртшылықты біразға дейін желпінтеді. Желіде шығармашылық адамының жан  дүниесін түсінетіндер, ескі суреттерден қимас адамдарын кезіктіргендер, балалық пен жастық шақтың сәулелі шақтарын еске алғандар Болат ағаға алғыстарын жаудырып, бағасын беріп жатады.    
«Қай жаста болмасын қолымнан фотоаппарат түспепті. Өмірдегі көргендерімнің бәрін түсіріп алдым деп айтуға да болмайды. Суретке түсіре алмай кеткенім қаншама. Мысалы, бір ірі талантты тұлғаның қимыл-қозғалысы, композиция шешімдерін шығара алмай өкініп қалған сәттерім көп болды» депті ол бір жазбасында. Өз-өзіне көңілі толмау –  шығармашылық адамына тән қасиет. Бірақ, Болат Омарәлиев қазақтың, Сыр өңірінің кешегісі мен бүгінінің, тұлғаларының бейнесін мәңгілік ету жолында қыруар жұмыс тындырды. Оның бағасын халық пен оқырман берді, еңбегі тарихқа таңбаланды. Жарыққа шықпаған кадрлар қаншама... Бұл фотошебердің алтын қорындағы қазынаға әлі де қаныға түсетінімізді білдіреді. Жетпісінші белесіңіз құтты болсын!

   

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».  



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қараша 2018 г. 1 461 0