ҮНЕМДЕЛГЕН ҚАРЖЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРУГЕ ЖҰМСАЛАДЫ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Ғани Төлебаев мәлімдеді.
Сонымен бірге, баспасөз конференциясына ҚОПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев қатысты.

Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстан полициясын жаңғырту мәселесіне ерекше тоқталды. Онда Президент құқық қорғау органдарының жұмысын жаңа сатыға көтеру қажеттігін атап көрсетті. Себебі, қауіпсіздік мәселесі – біздің әрбір азаматымыздың өміріне тікелей қатысты.

"Осыған орай, Ішкі істер органдарын жаңғырту туралы Жол картасы» әзірленіп, жұмыстар атқарылуда. Ол бойынша Министрлік жүйесінің штаттық саны
және құрылымы реттеледі, кейбір басшылық лауазымдар қысқартылады. Ал, үнемделген қаржы полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалады.
Сондай-ақ, қызметкерлерге тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы беру мәселесі де шешілмек. Қазіргі уақытта облысымыздың өзінде 800-ге жуық полиция қызметкеріне үй қажет. «Ішкі істер органдары туралы» Заңға сәйкес, үйі жоқ қызметкерлер қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтылуы тиіс", - деді Ғани Төлебаев.

Ал, ҚОПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың айтуынша, халықпен етене қызмет жасайтын полиция қызметкерлеріне қатысты қосымша өзгерістер енгізілуде. Енді жаңадан қабылданған қызметкерлерге жаңа талаптар қойылмақ. Сонымен қатар, тұрғындармен жұмыс жасаудың жаңа форматы енгізіледі. Ол үшін барлық полиция бөліністерінде азаматтарды қабылдайтын арнайы фронт-офис ашылады. Бұл офис ЦОН үлгісінде халыққа қызмет көрсететін болады. Фронт-офисте азаматтарды арнайы іріктелген кеңесші-қызметкерлер қабылдайды. Осындай фронт-офис облыстық полиция департаменті аумағына кіретін орында ашылып осы айда қолданысқа берілді", - деді Б.Ибраев.


Өңірлік коммуникациялар қызметі
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2018 г. 609 0