ҚАУІПСІЗДІК ҚЫРАҒЫ БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ ТИІС

Сырдария өзенінен мұз жүру кезеңінде су тасқыны қаупін шығынсыз өткізу қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осындай міндет қойды.
Қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған жиында аймақ басшысы дер кезінде мониторинг жүргізу және алдын алу шараларын ұйымдастыру су тасқыны кезеңінен аймақ тұрғындарына зиян келтірмей өтуге мүмкіндік беретінін еске салды.
– Жыл сайын өңірде су тас­қынының алдын алу, бөгет­тердің жағдайын тексеру және зақымдалған аумақтарды ны­ғайту бағытында жұмыс жүр­гізіледі. Осы орайда біздің бірін­ші кезектегі міндетіміз – халықтың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін қолдан кел­геннің бәрін жасау, – деді облыс әкімі.
Күн тәртібіне сәйкес 2018-2019 жылдардағы болуы ықти­мал су тасқынының алдын алу шаралары туралы облыстық жұмылдыру дайындығы бас­қар­масының басшысы Асылбек Шәменов баяндады. Бүгінде Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттерінің ұзындығы 609,4 шақырымды құрайды. Онда 56 су басу қаупі бар аймақ белгіленіп, оған қажетті техника және жұмысшылармен жарақталған 109 жауапты мекеме бекітілді. Қызылорда қаласы мен аудандарда су тасқыны кезеңінде халықты көшіруге арналған 79 эвакуациялық жи­нақтау, 99 қабылдау пункті дайындыққа келтірілді.
– Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасынан өзеннің тө­менгі ағысына секундына 400 текше метр су босатылуда. Облыс аумағына секундына 500 текше метр су келіп түсуде. Сәйкесінше, «Қызылорда» су торабынан секундына – 405, «Әйтек» су торабынан – 380, «Қараөзектен» 20 текше метр су төменгі ағысқа жіберілуде. «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа судың аз көлемде босатылуы­нан Жаңақорған ауданында су тапшылығы сезіліп отыр. Дегенмен, «Тоқтағұл» су қоймасында 19,3 млрд текше метр су жиналғанын ескерсек, алдағы уақытта төменгі ағысқа мол су жіберіліп, ол қауіп төндіруі мүмкін, – деді А.Шәменов.
Мониторинг нәтижесіне сүйенсек, аймақтағы 37 нысан қалыпқа келтіруді қажет етеді. Мұз жүру барысында бұзылып, шұғыл жөнделуі тиіс бірінші кезектегі 25 нысан белгіленді. Қазалы ауданында 18 учаскені жөндеу-қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілді.
Одан кейін облыстық тө­тенше жағдайлар депар­таменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешов қолайсыз ауа райы және төтенше жағдайлар кезінде жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған шара­ларға тоқталды.
– Қысқы уақытта төтенше жағдайларды жою үшін құрамында 232 адам мен 32 тех­ника бар күш-құралдар әзірленді. Оның ішінде қар құр­сауында қалған және күрделі метеожағдайлар ке­зінде зардап шеккендерге кө­мек көрсету мақсатында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолында апаттар медицинасы орталығының 3 құтқару бекеті жұмыс істейді. Бұл бекеттердің 50 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар, – деді А.Төлешов.
Департамент өкілі жиын барысында тағы бір мәселені көтерді. Айтуынша, Қармақшы ауданындағы бірқатар білім ошағы сұйық отынмен жұмыс істейтін бу қазандықтары арқылы жылытылады. Ал бұл адам өмірі үшін өте қауіпті. Облыс әкімі аталған мәселені көпке созбай шешу қажеттігін қаперге салды.
Сонымен қатар, комиссия отырысында басқа да жауапты мекемелердің басшылары, қала және аудан әкімдері қысқы маусымға дайындық жайын сөз етті. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға Сырдария өзеніне тәулік бойы мониторинг жүргізіп, жеке құрамды тұрақты дайындықта ұстауды, сондай-ақ, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда қатты суық күндері қозғалысты шектеуді тапсырды.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қараша 2018 г. 453 0