АНГИОГРАФИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНАЛАР АЙМАҚ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде мемлекеттік-жекеменшік  әріптестік аясындағы жобалардың маңызы зор.  Аталған жобалардың екі тарап үшін де тиімділігі уақыт өткен сайын дәлелденіп келеді. Бүгінде осы бағыттағы 75 жобаның 30-ы, яғни  МЖӘ жобаларының жалпы санының 40%-і денсаулық сақтау саласына берілген. Сондай-ақ, спорт, білім беру, цифр­ландыру салаларын дамыту және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жобалары қолға алынған.

Кеше Қызылордада мем­ле­­кеттік-жекеменшік әріп­­тестік аясында 2 ан­гио­графиялық зерт­хана құру жөніндегі ке­лісім-шартқа қол қойылды.   Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңір­дің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қолға алынған осындай ірі жобалардың маңызын атап өтті.

 – Облыстық медициналық ор­талықта және Қазалы ау­дандық орталық ауруханасында ангиографиялық зертхана құру туралы екі келісімшартқа қол қойдық. Барлық қажетті шаралар жүргізілді. Қазіргі таңда аймақта мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында құны 34 млрд теңге болатын 75 жоба іске асырылуда, – деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бізде 2009 жылы облыстық медициналық орта­лық базасына орнатылған жалғыз ангиографиялық қон­дырғы бар. Оның көмегімен 5 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, операциялар жа­салған. Нормативтерге сәйкес, 1 ангиографиялық қондырғы 250 мың адамға есептелген, аймақта жалпы қажеттіліктің тек 40%-і ғана қамтылатынын ескерсек, бұл жобаны іске асыру өте қажет.

– Ангиографиялық зерт­ха­налардың құрылуымен қатар, алғаш рет аудандық аурухана деңгейінде эндо­васкулярлық хирургия ен­гізіледі, бұл жоғары тех­нологиялық меди­циналық қызметтерді халыққа қол­жетімді етуге мүмкіндік береді, –  деді А. Әлназарова.

Өткен жылы «Медтроник Қазақстан» ЖШС біз­дің өңірде мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында ангио­графиялық қон­дырғылар құру туралы бастама көтерген еді.

Әлемдік нарықта – 70, елімізде 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Медтроник» компаниясы медицинаның кардиохирургия, диабет, нейрохирургия салаларына арналған құрал-жабдықтар шығарады. Компанияның Орталық Азия елдері мен Қазақстан бойынша директоры Г.Шамшатованың айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен әріп­тестік орнату арқылы «Медтроник» екі ауруханадағы операциялық блоктарға ең соңғы үлгідегі жабдықтар  қояды. Ангиограф дәрі­герлерге емдеудің жаңа тәсілдерін қолдануға, нау­қастың операция столында қысқа уақыт ғана болуына мүмкіндік береді, бастысы – тиімді нәтижеге қол жеткізеді. Келісім-шарт­­қа қол қойылғаннан кейін опе­рациялық блоктарды дайындау, медицина қыз­мет­керлерін оқыту бас­талмақ.

«СБ» ақпарат.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қараша 2018 г. 535 0