« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылында 30 жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблі жұмыс жасайды. Сонау 1988 жылы ХІХ партия конференциясының қарсаңында сол кездегі совхоз директоры Ұзақ Еспанов, партия ұйымының хатшысы Кеніш Жұмалиеваның бастамасымен ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған өнер ұжымының алғашқы құрамында 20-ға жуық ана болды. Олардың алды – 16, соңы 8-9 бала өмірге әкелген ардақты жандар.
Ансамбль ең алғаш 1988 жылдың 7 наурызында ауыл сахнасында мерекелік концерт берді. Алақандай ауыл болған соң бірі апа, бірі жеңге, енді бірі замандас, бір-бір отбасының ұйытқысы болып отырған аналарды сахнадан көру бір ғанибет еді. Сондықтан болар, сән-салтанаты жарасып, жұрт алдына жарқ етіп шыққан аналар ансамбліне көрерменнің қошеметі ерекше болды. Ансамбльдің хор ұжымы орындаған Шәмшінің әйгілі «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекені», жеке орындаудағы «Бір бала», «Ақ дариға», «Балымша», «Сәулем-ай» сияқты халық әндері мен Мұзараптың «Балымша», Ақан серінің «Ләйлім шырағын» сызылта салғанда, тыңдаған жан тебіренбей қалмайтын. Табиғи бояуы қанық, кең тынысты қазақы дауыс қайсыбір әннің де тылсым сырын паш ететін.
«Батыр аналар» ансамблінің бұл бастамасы аудан, облыстан асып, республика көлемінде кеңінен қолдау тапты. Партия ұйымының хатшысы К.Жұмалиеваның ұйымдастыруымен, ел ағаларының демеушілігімен аналар ансамблі сол жылы Алматы қаласына барып, «Қазақстан» телеарнасы арқылы күллі ел алдында концерт берді. Іле-шала республикалық басылым беттерінде аналар ансамблінің тағылымын дәріптеген арнайы мақалалар жарияланып жатты. Одан бөлек, облыс, аудан, ауыл әкімдері тарапынан ансамбльдің ұлттық нақыштағы өзіндік келбетін қалыптастырып, материалдық әлеуетін көтеруге ұдайы қолдау көрсетіліп отырды. Ауылдағы «Еңбек-Жер» шаруашылық серіктестігі өнер ұжымының сахналық киімдеріне, гастрольдік сапарларына тұрақты көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйіндегі аналар бөлмесі қажетті тұрмыстық бұйымдармен түгел жабдықталған.
Ансамбльдің алғашқы құрамында өнер көрсеткен Патима Қаршығаева (он алты баланың анасы), Нәбира Каукенова, Жанымкүл Есімова, Қанша Даярова, Мәрияш Сәтенова, Айнагүл Бұрышова, Әдеп Толыбаева, Ақзереп Аяпова, Абаш Жұмағұлова, Жұмакүл Бексейітова ел-жұрттың ерекше құрметіне бөленді. Олардың бірқатары бүгінде өмірден өтіп кетті. Алайда олар бастаған ізгі дәстүр әлі жалғасын табуда.
...Татулықпен тамсантқан ауылымды,
Ауылымды, ағайын-
бауырымды.
Ізеті мол қазақтың келіндері
Бағалаттың баршаға қадірімді,
– деп Сәнімкүл Желдербаева апамыз әнге қосқандай, шынында сол кісілер ауыл-аймақтың жақсылығын жария етіп, бірлігі мен берекесін, туыстығы мен татулығын таныта білді. Айталық, ауылда жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар алдымен «Батыр аналардың» батасын алып, отбасылық өмірге қажетті ақыл-кеңесіне жүгінеді. Сондай-ақ, мұнда ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын, күнделікті тұрмыстық жабдықтар, ұлттық тағамдар әзірлеуде және сәби күтіміне байланысты жас келіндердің үйренері көп.
Қазіргі уақытта ансамбльге Рахия Жұбатханова апай жетекшілік жасайды. Он екі перзент өмірге әкеліп, олардың барлығын өз орындарына қондырған Рахия апа бүгінде ауыл-аймақ, ағайын-туыстың ақылшысы болып отыр. Аналардан құралған өнер ұжымының абыройы өрлеп, ісі алға басуы үшін әлі күнге аянбай тер төгіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы аналар ансамблі тек ән-би өнерін емес, жалпыхалықтық дәстүрді дамытуда жастармен тұрақты байланыс орнатып, жақсы өнеге қалыптастырған. Менің анам да отыз жылдан бері осы ансамбльдің мүшесі, домбырамен халық әндерін орындайды.
Ауылдық мәдениет үйінің директоры, ансамбльдің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі Рабиға Тоқсейітова отыз жылдық тарихы бар өнер ұжымының ел еңсесін көтеріп, ертеңге деген сенімді нығайтуда, ұлттық өнерімізді ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіруде, сондай-ақ, шаңырақ шуағын еселеп, отбасы құндылығын арттыруда талай жылдан бері тағылымды ізі барын айтады.
Айтқандай, жақсы дәстүр жалғасын тауып, бүгінде «Батыр аналар» ансамблінің жаңа құрамы жасақталып жатыр. Демек, ұлттық тәрбиенің алтын тіні үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа ұласа бермек.
Ғазиза ӘБІЛДА
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |