« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Көптің арасында «Жолдауды оқыдық, тыңдадық, несіне айта береміз?» деушілер жеткілікті шығар деп ойлаймын. Ойым дұрыс болмаса, қуана тұрып, кешірім сұраймын. Бізді қоршап, ойымызды сан жаққа тартып жүрген құбылыстардан қазіргі кезде бас айналады. Ал, шашыраңқы ой сізді қозғайтын күшке айнала алмайды. Бірақ сол ойды бірнеше рет қайталап, назарыңызды жинақтауға және оның күшін арттыруға болады. Яғни, әлсіз әрі шашыраңқы ойлар – әлсіз және шашыраңқы күш те, мықты әрі жинақталған ойлар – мықты және жинақталған күш болып саналады. Ойды белгілі бір бағытқа шоғырландыруда пікір алмасудың орны ерекше. Сондықтан ісімізге, өзімізге қажетті идеяларды үнемі қайталап, ойымызды, ісімізді нақтылап отыруымыз керек. «Бұндай ой бөлісуден не біле аламын? Не істеуім керек? Үміт артарым неде?» деген сұрақтарға жауап аламыз, өзімізді қозғаймыз, санамызды серпілтеміз.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Жолдауындағы тараулардың барлығы еліміздің экономикалық дамуы және өмір сапасын арттыруды үйлестіріп, біртұтас қарастырылуымен маңызды болды.
Елбасымыз «Әрбір Жолдауымда халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт ұстанамын» деген сөзімен жаңа Жолдаудың мақсат-мұратын бірден анықтап берді.
Жолдау – негізінен алдағы атқарылар жұмыстардың бағыт-бағдарын анықтайтын бағдарламалық құжат. Осының негізінде Үкіметте жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы жасалады. Облыстағы атқарылар шараларды облыс әкімі Қ.Көшербаев Жолдаудан кейін өткен облыстық активте жан-жақты талдап, әр сала бойынша шегелеп тапсырды.
Өңір басшысының баяндамасын тыңдағандар, газеттен оқығандар облысымызда көп үдерістер алдын ала дұрыс болжанып, жұмыс жасалуда екенін байқаған болар. Оның ішінде тұрғын үйге қолжетімділікке байланысты «Орда» бағдарламасы, жастарға қамқорлықтың кешенді шаралары, әсіресе, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын және басқа да баянды бастамаларды айта аламыз.
Бүгінгі заманның ерекшелігі, жаһандық және жергілікті, жеке проблемалар өзара тоғыса түсуде. Осындай жағдайда, еліміздің табысқа жетуінің кепілі, Отанымыздың негізгі байлығы – адам капиталының даму мәселесі болып отыр. Бұл өз тарапында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне тікелей байланысты.
Өкінішке орай, біз адам ретінде «Жолдау маған не береді?» деп қана күтеміз. Керісінше, «Жолдау менің тұлғаға айналу мүмкіндігімді пайдалануыма тағы қандай әсері болады?» деп қабылдауымыз қажет. Өйткені, мемлекет өз тарапынан халқымыздың өмір сапасын арттыру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Мысалы Жолдаудағы ең төменгі жалақының 28 мыңнан 42 мың теңгеге өсуі еңбегі төменгі тарифпен бағаланатын халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін ынталандыратын болады.
Әрқайсымыздың әл-ауқатымыздың сапасы табысымыздың өсуімен тығыз байланысты. Ал оған «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, өз кәсібінің озық маманы немесе жеке кәсібін жақсы деңгейде дамыта алғанда ғана қол жеткізе аламыз. Тарылмай, тарықпай өмір кешудің бір ғана жолы – еңбек ету, кәсібіңді иелену. Озық 30 елдің қатарына еркін енуіміздің кепілі – кәсіпкерлікті экономикамыздың алдыңғы қатарына шығару. Кәсіпкерлік қасиетті ұлтымыздың ең жақын досы болғанда тәуелсіздігіміз тұғырлы бола түседі. Көшбасшылықтың алуан қырын қамтитын құбылыс ретінде кәсіпкерлік еркін болудың негізгі тетігі. Еркіндікті сезіне алғандар ғана еркін ойлап, көтеріңкі көңілге ие болады. Көңілді болсақ, ойымыз да сергек. «Тарылмай жүрсең көңіл әдемі, тарықпай жүрсең өмір әдемі» екенін ұмытпайық. Ондайда жақсы ойлар сізді алға сүйрейді. Көңілсіз ой алға басуыңызға мүмкіндік бермейді. Көзқарас салғырт болса, өзімізді төмен бағалап, арманымыздың асқақтығынан айырыламыз. Ал армансыз адам, қанатсыз құспен тең.
Облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, облыстық қоғамдық кеңес, кәсіпкерлер палатасы бірлесіп кәсіпкерлікті жаппай қолдау шараларын қолға алды. Мақсат – тұрғындардың экономикалық сауатын көтеру, оларды бизнеске тарту, өз-өздеріне деген сенімді күшейту, жергілікті атқарушы билік пен қаржылық ұйымдарды осы жұмысқа жұмылдыру. Қазіргі төртінші технологиялық революция жағдайында тек мемлекетке арқа сүйеп қалған халықтың бәсекелестікке төтеп бере алмасы әбден анық. Мемлекет өз тарапынан мол мүмкіндік қалыптастыруда. Алайда, социалистік сананың әсерінен көпшілік «үкімет аш қалдырмайды» деген түсініктен әлі де алшақ кете алмай жүр. Тек мемлекетке сеніп қалмай, өзің әрекет жасағаның дұрыс. «Кәсіпкер» сөзі француз тілінің «әрекет жасау» деген сөзінен шыққан.
Әрбір адамның басты арманының бірі – еркіндікте болуы. Ал, еркіндік дегеніміз – өзгеруге еш кедергінің болмауы. Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру адам капиталына деген талаптарды күннен-күнге күшейтуде. Мамандықтардың бұрынғыдан да нақтыланып, жіктеле түсуі адамдарды дараландырады, бәсекелестік тудырады, шеңбері тар мамандардың пайда болуына әкеледі, жеке адамдардың өзгерістерге бейімділігін талап етеді. Адамдардың барлығына дерлігі өмірінің толыққанды проблемасыз болғанын қалайды. Бірақ проблемалар өмірдің маңызды және мағыналы бір бөлшегі екенін мойындауымыз қажет. Өзгеруге ынталы, өмірге сенімді, бойында рухы мықтылар үшін ғана проблема қасірет емес, қайта жетістікке жетелейтін құбылыс болып саналады. Өмірге бейімделмегеннің ісі өнбейді. Сондықтан, кез келген уақытта өзгеруге дайындығымызға қатысты өз-өзімізге баға бере алуымыз әрқайсымыз үшін өте маңызды. Өйткені, өзін-өзі төмен бағалайтын адамдар өзіне жоғары баға беретіндерге қарағанда тағдырдың тәлкегіне тез түседі. Бұл процесте әрбір адамның қамқоршысы тек өзінің қабілеттілігі екенін түсінуі бұлжымас қағида деп білеміз.
Әл-ауқатымызды күшейтуде артық ысырапшылдық пен негізсіз шығындардан бас тартып, үнемділікке үйренудің орны ерекше. Бас-көзсіз несиеге, қарызға ұрыну борышқа батырады, алдыңызды болжауға мүмкіндік бермейді, еңсеңізді езіп, жігеріңізді жер етуі ықтимал. Қарыз күліп кіріп, жылап шығады. Табыс көп тапқанның емес, көп үнемдегеннің қолына жиналады. Белгілі бір кәсіпкер айтып еді: экономистердің зерттеуі бойынша әрбір адам өз табысының 15-25%-не дейін жинаса әлемде ешқандай кедей болмайды екен.
Әл-ауқатымыздың екінші сипаты – өмір сүру деңгейіміздің артуы екені анық. Бұл дегеніміз – білім алу, денсаулығымызды сақтауға, тұрғын үйге қолжетімділік, қауіпсіз жағдайда өмір сүру құқықтарымыздың жүзеге асуы. Бұл бағыттағы елде атқарылар жұмыстарды Елбасы Жолдауда, ал облыстағы жұмыстар туралы облыс әкімі активте айтып шықты.
Осының ішінде мамандығым педагог болған соң, өзім Жолдаудың адам капиталы мен білім беру бағыттарындағы жобаларына ерекше көңіл бөлдім. Барлығымызды шаршатқан басы бар да соңы жоқ реформаларға шектеу қойылады деп түсіндім. Елбасы барлық білім орындарын Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына келтіруді міндеттеді. Ендігі жұмыстың басым бағыты ұстаздарымыз бен өзіміздің, ата-аналардың қолында.
Өкінішке орай, кезінде Мағжан ақын «Алты Алаштың басы қосылғанда төрдегі орын мұғалімдікі» деп көрсеткен мұғалім қызметін төрден емес, төменнен көретін басшы да, қосшы да ата-ана да арамызда жеткілікті. Қазіргі таңда ұлды емес, ұстазды кінәлауға даяр тұратынымызды жоққа шығара алмаймыз. Мұғалім білім беруге, ал оқушы білімді алуға құлықты болуға тиіс. Біз білім беру деген сөзді, білім алу деген сөзбен өзектендіруіміз керек. Осы бағыттағы жауыр болған проблемаларды Елбасының тапсырған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанда бір жағына шығарамыз деп ойлаймын. Мұғалім мәртебесінің көтерілуі заң ғана емес, оны іске асыруға ұстаздар қауымының да қатысу белсенділігіне де тікелей қатысты. ХХІ ғасырда оқи, жаза алмайтындар сауатсыз болып саналмайды,өзіне, керекті білім алу мүмкіндігін тиімді пайдалана алмағандар сауатсыз болып табылады. Осы жұмыстардың басты ұйыстырушысы – білікті ұстаз және оның беделі.
Әрине, мұғалімдердің беделіне қағазбастылық, табыстың төмендігі, ата-аналардың шектен тыс шағымы, біліксіз, білімі төмен адамдардың мұғалімдік қызметке орналасуы сияқты факторлар кері әсер етуде. Сонымен қатар, бізде білімге қатысты ақпараттар білім беру ме әлде үгіт-насихат па ешкім ажыратып жатқан жоқ. Білім мен тәрбиеге кері әсер етер ақпаратты «жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жариялап жатамыз. Осындай негативтер арқылы, тіске жұмсақ екен деп білім саласын жамандап, баламыздың алдында ұстаз беделін түсіргенде ұтарымыз не? Ертең сол мекемеге өз баламыз бармай ма? Оның үстіне біздің кейбір мұғалім әріптестеріміздің өзі байбалам салушылық ақпараттарға үн қосып, оның өршуіне атсалысып жатады. Ондай да қайта тұрғындарды ащы да болса сабырға тәрбиелеу зиялы адамдардың жұмысы емес пе? «Сабыр» араб тілінен алғанда өте ащы, бірақ керемет емдік қасиеті бар шөптің атауы. Сондықтан ұстаздар да ақпарат таратқанда абай болғаны дұрыс. Өйткені, қоғамның басым мүшесі мұғалімдерге құрметпен қарайды, оларға иланады. Бұдан мұғалімдер беделі артпаса, түспейді.
Ең бастысы, әрбір мұғалім, маған ата-аналар ең қымбат дүниесі – ұрпағын аманат қылып отыр ғой, өз ар-ұятымыздың алдында таза болуға ұмтылуымыз керек деп намысқа тырысқаны абзал. Ал аманатқа адал болу қазақ үшін, ең қадірлі қасиеттің бірі. «Ұстаз ұстаз емес шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес ұстазын ол сүймесе», – деген тәмсіл осындайда айтылған болар. Сол қасиетке мен лайықтымын деген өз-өзімізге сенімділік қалыптастыра алсақ керемет жетістіктерге жете аламыз.
Ендігі жерде маманның қабілеті қолындағы дипломмен емес, оның бойындағы роботтар, сандық технологиялар алмастыра алмайтын қасиеттермен өлшенетін болады. Өйткені роботтар атқаратын жұмыстарды адамның атқаруы қажет етілмейді.
Технологияның дамуына байланысты 2020 жылға қарай 7,1 млн жұмыс түрлері еңбек нарығынан шығып қалады. Феодализмде негізгі қор жер болды, капитализмде – капитал, ал қазір адамның тұлғалық қасиеттері негізгі қор болып табылады.
Елбасы Жолдауда «Білім беру ісінде 4К моделіне: Креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда» – деп атап өтті.
Бұл дегеніміз:
– Танымдық икемділігі, бір идея мен міндеттен екіншісіне тез ауыса алу қабілеттілігі;
– Сыни тұрғысынан ойлауға, мол ақпарат тасқынын тез игере білуге қабілетті болу;
– Өз мақсатыңызға сенімді болу және пікірлес тұлғаларды таба білу;
– Жаңа нәрселердің көбін өз алдына үйрену, оқу қабілеттігінің жоғары болуы;
– Біреуді сынай берудің орнына өз озық тәсілдеріңізді ұсыну, ең тиімді жолдарын өмірде іске асыра білуге қабілетті болу;
Бұның бәрі қашсаң құтыла алмайтын заманның талабы. Тіпті болмаса өзіміз көнбесек те, ұрпағымызды қателікке ұрындырмайық. Осыдан технологиялық, эмоционалдық ой-санадан басқа, табысқа жол ашатын тағы бір қасиет – рухтандыру идеясы. Адам өзін қанша тәуелсізбін деп санағанымен, қоғамнан тәуелсіз бола алмайды. Технологияның адамдардың бір жақты ойлауына, сөйтіп томаға-тұйықтыққа әкелетін қаупі бар. Екеуара кездесіп, қазақша айтқанда, жақыныңмен ашық-жарқын сөйлесуге қасыңда тұрған телефоннан қорқатын жағдайға жеттік. Қазір тіпті ата-анамен бала бір бөлмеде отырып, сөйлесуден қалып барады. Сонда неке, отбасы, жастар тәрбиесі, қалада бірлесе өмір сүру сияқты, т.б. ортақ құндылықтар мен игіліктерді не істейміз? Сол үшін барлығымыз ортақ мақсат жолындағы ортақ игіліктер мен мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстырып, барлық күш-жігерімізді қоғамдағы тұрақтылықты сақтап қалуға күш салуымыз қажет. Тұрақтылық барлық жетістіктің бастауы. Бұндай нәтижелер билік пен қоғам мүшелерінің өзара сенімділігі мықты болған жерде болады. Осыдан барып, Жолдаудың негізгі мақсаты адам бойында сенімділік қалыптастырып, әрбір қазақстандықтардың еліміздегі, өңіріміздегі өзгерістерге атсалысуына жұмылдыру болып шығады.
Біз бүкіл ақыл-ойымызбен, жүрегімізбен, рухымызбен, физикалық күшімізбен саналы, еркін түрде ұжымдаса жұмыс жасаған жағдайда дамимыз, жетіле түсеміз, әл-ауқатымыз арта түседі. Технология қанша дамығанымен табиғи, адами қатынасты ауыстыра алмайды. Жолдаудың нәтижелі болуы алдымен рухымыз, намысымыз, жігеріміздің жоғары болуына байланысты. Қазір әлемде «рухтастық сана» термині айналымға енді. «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабының авторы Клаус Шваб: «рухтастық сана, яғни рухтандыру ортақ мәселелерді ұжымдық және өнегелі ой-сана арқылы шешу» деп айқындайды. Бұдан ойға түйеріміз, бір-бірімізді жаңа жетістіктерге рухтандырып отырсақ, Жолдаудан әрқайсымыз өз жолымызды табамыз, көп мәселенің оң нәтижесіне жетеміз.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық мәслихат
хатшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |