« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сонымен аудан орталығынан таң біліне Іңкәрдарияға жолға шықтық. Аудан орталығы мен халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолы арқылы тақтайдай тегіс жолмен қырық минутта жетіппіз. 1965-1996 жылдары қаракөл қойын өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болған ауыл тұрғындары нарықтың кезінде бақшалық пен қызылша өсіріп халқының қант-шайын айырумен де айналысыпты. Қазір Сырдың дара дақылы – күріш егуді де қолға алған. Ауылдың жарты ғасырдан астам тарихында өркендеу ізі байқалады. Күн санап көркейіп келеді. Өсер елдің өрісті мәдениетін айғақтағандай соңғы жылдарда клуб үйі, емхана, әкімшілік ғимараты пайдалануға берілген. Ауылға барар жол айнадай тегіс. Ауыз судың өзі кейбір елді мекендегідей сағаттап, белгілі бір уақытпен беру деген атымен жоқ. 24 сағат бойы тоқтаусыз келіп тұр. Әрине, ауыл ажарын айшықтайтын нысандардың жаңаруы елдің экономикалық та, әлеуметтік те дамығандығын көрсетеді. Сондықтан береке-бірлігі бекем ауыл тұрғындары да абыройлы еңбек етуде.
Атакәсіпті ардақ тұтқандар
Түтін саны 180-ге жуық ауылда жеке мал ұстаушылар да, шаруа қожалықты тізгіндегендер де көп. Оның ішінде мың жарымға жуық мүйізді ірі қара мен уақ мал, 700 жылқы мен 200 бас түйесі бар Іңкәрдария адамдары атакәсіпке бейім. Ауыл бизнесінің тізгінін ұстағандардың дені осы шаруашылықтың айналасында. Былтыр да, биыл да ауылдағы көптеген азамат кәсіпкерлік негізде оқуға ықылас танытып, өтініштері қабылданған. Санмен сөйлесек, Іңкәрдарияда тіркелген 70 кәсіпкер бар. Барлығы да өз кәсібінің көкжиегін кеңейткендер. Мұнда да басым көпшілігі ірі қара өсіруді мықтап қолға алғанға ұқсайды. Сонымен бірге тігін цехы, монша, наубайхана, азық-түлікпен қамту сияқты бизнес нысандарын ашқандар да жеткілікті.
«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы екі жоба жеңіске жетіп, А.Есдәулетов, Ж.Жаппасова сынды ауыл тұрғындары мал басын бордақылау және көбейту сынды жұмыспен айналысып жатыр. Берекелі елде жыл басынан бері 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл аяғына дейін қосымша 6 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Ауылда кәсіпкерлік тізгінін ұстаған жас аналар көп. Солардың бірі – Жансая Жаппасова мен Әлия Қыстаубаева. Кәсіпкер келіншектер түйе мен сиыр малын алып, өнімдерін аудан орталығына өткізуде. Әсіресе, түйе сүтіне сұраныс көп екенін айтқан Жансая кейде тапсырыстың көп болатынын айтып, жетіспеу жағы болып тұратынын да жасырмады. Біз айтып өткен «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Бизнес бастау» курсын бітіріп, жобасы жақсы бағаланған кәсіпкер аналар алдағы уақытта өз бизнестерінің аясын кеңейтпек.
«Дипломмен – ауылға!» келгеніме
мақтанамын
Ел баласын сеніп тапсырар, ертеңгі күнге азамат етіп дайындар, ауылдың басты құнды ошағы №191 орта мектебінде болдық. Наурызбекпен де осында таныстық. Газетіміздің тұрақты оқырманы екенін айтқан мұғалім жігіт бұл ауылға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Ақжармадан келіпті. Физикадан дәріс беретін Наурызбек бағдарламаның жастарға зор мүмкіндік екенін айта келе, өзінің тұрмыс жағдайын да бізге таныстырды.
– 2015 жылдан бері осы ауылда еңбек етіп келемін. Елбасының жастарға деген үлкен көмегінің арқасында, жергілікті азаматтар бір реттік ақшалай көмек те, тұрғын үймен де қамтамасыз етті. Іңкәрдария маған өте ыстық. Себебі, осында алғаш рет халыққа қызмет ету баспалдағым басталды. Осы елде шаңырақ көтеріп, ұжыммен бірге шәкірттердің білім мен тәрбиеде озық болуына жұмыс жасап жатырмыз, – дейді жас маман.
40-қа жуық ұстаз дәріс беретін мектеп заманауи талапқа сай іші жаңа құрылғылармен жабдықталған. Жылы әрі кең сыныптарда бала мен мұғалімге бар жағдай жасалған деседе болады. 200-ге жуық оқушыға арналған білім ордасының пәндік сыныптары барлық қажетті құралмен қамтылған. Атап айтқанда, лингафондық кабинет, интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер де талапқа сай. Асхана мен акт залы, кітапхана бар. Әсіресе, спорттық зал мен балалар ойнайтын ашық алаң ерекше көз тартады. Бұл мектеп оқушыларының спорттың бірнеше түрімен шұғылдануларына да барлық жағдайлар жасалған деген сөз. Мектеп жанында «Еркетай» шағын орталығы бар. Онда 40 бала тәрбиеленуде.
Бес жылдағы белес
Соңғы бес жылда ауылға кіреберіс 7 шақырым жол мен көшелердің айнадай болып тегістеліп, ауылдық клуб пен әкімшілік ғимараты, фельдшерлік-акушерлік бекеті ашылғанын жоғарыда айтып кеттік. Биылдың өзінде 18 сәби дүниеге келген ауылда тұрғындардың денсаулығы жіті қадағаланып отыр. Салауатты өмір салтын ұстану бағытында санитарлық ағарту жұмыстары жиі жүргізілетінін амбулаториялық пункт меңгерушісі Гүлмира Қонақбаева тілге тиек етіп өтті. Сонымен бірге жаңадан берілген ауылдық клуб бұл ауылдағы ең көрікті ғимараттың бірі десек, артық айтпаған болар едік. 150 орындық клуб ұжымы ауылдағы ішінара шаралардан бөлек, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда топ жарып жүр.
– Бізде 4 үйірме жұмыс жасайды, оның 42 мүшесі бар. Үйірме өнерпаздары түрлі байқауларға қатысып өнерлерін көрсетіп келеді. Атап айтсақ, Алматы, Шымкент қаласында, облыс орталықтарында болған халықаралық байқауларда біздің шағын ауылдың өнерпаздары жүлделі орындармен марапатталды, – дейді клубтың әдіскері Әйгерім Жұмабекова.
Тағы бір қуаныштысы, биыл іңкәрдариялықтар үшін егін түсімі мол шықты. Ауылдық округ бойынша тұрғындар мен жеке қожалықтарды қосқанда барлығы 400 гектар жерге егін егілген. Оның тең жарымы күріш, 70 гектар жоңышқа, 75 гектар қауын-қарбыз, 25 гектар картоп және 20 гектар бақшадан мол өнім алынған. Мұнан өзге «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Нұрсейітовтің ауыл үшін еңбегін айтпай кетпеуге болмас. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбжаппар Сырлыбаев ақсақалдың айтуынша, жерді игеру, жоңышқа егіп, ауыл жастарын жұмысқа тарту, түрлі іс-шарада демеушілік көрсететін бұл азаматтың ісі көпке үлгі.
Ел азаматтарының жастар тәрбиесінде көрсетер бұдан өзге өнегесі көп. Ауылда тәрбиелік мәні зор шаралар жиі атқарылады. Өткенін сыйлаған ауыл ағалары жастардың басын қосып, «Мүлкәлән әулие» бейіті маңына тазалық жүргізіп, сыртын қоршапты. Дін мен дәстүрді құрмет тұтқан жастар ауылдың кез келген іс-шарасында жалындап тұр. Ауыл әкімі Саулет Есдәулетовпен пікірлескенімізде, «қарты бар ел – қазыналы ел» дейтін ұстанымын байқадық. Ауыл басшысы елде 9 тыл ардагер, 90 зейнеткер, 20 «Алтын алқа» және 16 «Күміс алқа» иегерлері барын айтып, жастардың оларға ұдайы қамқор екендігін жеткізді. Ал ауыл ақсақалдары жастардың уақытын тиімді өткізуге бар жағдай жасалғанына дән риза. Қарты бірлікке шақырып, еңбекке жұмылған бұл елдің болашаққа беталысы нық. Шалғайда орналасқан шаруасы жайлы елдің осындай жетістігін қойын дәптерге түртіп, кері қайттық. Алда – Айдарлы сапары.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |