Цифрлы дәуірдің игілігі аз болмайтынына күн сайын көз жеткізіп келеміз. Адамзат баласы ғылым мен білімді игерудің нәтижесінде «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып», жаңа дәуірдің талап-тілегін тұрмыс-тіршілігіне енгізуде. Соның бір мысалына бүгін куә болдық.
Аймағымыздағы ескерткіштерге QR-код орнату жобасын облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме сәтті жүзеге асырыпты. Нәтижесінде ескерткіштер тарихын білгіңіз келсе, кітапханаға барып немесе архив ақтарып әуре болмайсыз тарихты ескерткіш өзі-ақ «айтады». Қалай дерсіз?! Оқырман қауымға түсінікті болу үшін QR-код дегеннің не нәрсе екенін айта кетелік. «Quick Response – Шұғыл жауап» деген мағынаны білдіреді. Бұл мобильді телефонның камерасы арқылы ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік беретін екі өлшемді штрих-код. Аталған мекеме мамандарының айтуынша, биылғы жылы өңірімізде 150 ескерткішке QR-код орнатылған. Ескерткіштің жанына барған кез-келген азамат қолындағы ұялы телефонындағы «Play market» бағдарламасы арқылы «QR-сканер» қызметін жүктеп алып, ескерткіш жанындағы штрих-кодты сканерлеп алады да, сол ескерткіш жайында барлық мәліметті сол мезетте оқи алады. Бұл тарихын танығысы келген жас ұрпаққа да, туристер үшін қолайлы екені даусыз.
Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме мамандарымен бірге игілікті істі жариялау үшін пресс-тур барысында біз де ұялы телефон арқылы ескерткіштерді «сөйлетіп көрдік». Облыс орталығындағы Қорқыт Ата ескерткіші жанына орнатылған тақтайшадағы QR-кодты ұялы телефонымызға сканерлеп алып, ашып қарасақ, ескерткіш туралы барлық мәлімет шыға келді. Ескерткіштің қай жылы салынғаны, Қорқыт бабамыз туралы ел ішіндеғі аңыз әңгімелер, Қорқыт Ата кітабы жайында тарихи мәліметке қанық болдық.
«Ескерткіштер туралы мәліметтерді барынша толықтыру үстіндеміз. Тарихи ескерткіштер туралы ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді де жинақтаудамыз. Көпшілік ескерткіш жанына келгенде білгісі келгенін QR-код арқылы іздей қалса, мазмұнды мәлімет болсын деп жұмыс жүргізудеміз» дейді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері.
Айта кетелік, QR-код интернет байланысы жететін жердегі барлық ескерткіштерге орнатылмақ. Ал байланыстан қашық орналасқан ескерткіштер туралы мәлімет облыс орталығындағы аялдамаларда орнату жоспарланған.
Ең бастысы, елге ақпараттың қолжетімді болуына барлық мүмкіндік жасалуда.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жемісі...
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
«Сыр бойы».