Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне – елу жыл

«Бүгінгі күн ертеңгі – тарих». Қазалы қалалық мәдениет үйіндегі Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің елу жылдық мерейтойына арналған шарадан осындай ой түйгенбіз. 

Аталмыш шара қарт Қаратау мен айдынды Арал арасындағы  қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысудан басталды. Айта кетерлігі, қазақтың қол өнерін қастерлеген көрмеге қызығушылық танытқандардың қарасы мол болуы ұлттық өнеріміздің бәсі қашанда жоғары екендігін аңғартты. Біздің назарымызды Қазалы аграрлы-техникалықколледжінің «Электронды есептеуіш машинасының операторы» тобының ІІ курс студенті Мұрат  Жақсымұраттың  (жетекшісі информатика пәнінің оқытушысы  Аяжан Ильясова)жасаған  «AGROBOT» көп функциялы роботтандырылған құрылғы (дән себуге, арамшөптерді тазалауға, астықтарды жинауға арналған) магнитше өзіне тартты. 

«Ғалымдар егістік жағдайы туралы әртүрлі ақпараттарды алу және жинақтау мүмкіндігінің туындауы ақырында оларды жедел өңдей алатын технологиялардың көптеп шығарылуына алып келеді деген пікірлер білдіруде. Бүгінгі біздің жасап келген макетіміздің аты «AGROBOT». Агроботтар өзіне орнатылған камера арқылы піскен астықтарды айқындап, оларды жинап алуға қабілетті. Агробот астықтар арасынан арамшөптерді де ажырата алады. Олар LED дисплейдің көмегімен егістіктің электронды картасына қарап та жұмыс жасай алады. Агроботымыз күннен қуат алады» деген Мұраттың жұмысына сәттілік тіледік. Қолөнер шеберлерінің көрмесінде облыс орталығы, өзге аудандармен қатар  Қазалы ауданынан «Жас прожект» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, жұмысын бастаған «Мархаббат» қолөнер шеберлерінің орталығының бұйымдары қойылды. Көрмеге келген көпшілікке ағаштан ойылып жасалынған қобыз, домбыра, бесік, санамақ секілді мүсіндер мен ұлттық нақышта тігілген киіз үй жабдықтарын, құрақ көрпе, жастық, төсеніштер қойылды.

«Қолөнер жұмыстарын көпшілікке насихаттау, дәріптеу көптен бергі арманым болатын. « Қазақ» деген сөздің өзінен  тіліміз бен өнеріміз, діліміз бен өнеріміз әсіресе қол өнер шеберлігі  есіп тұруға тиісті.Қазалыда ағаш ұсталығы , зергерлікпен айналысатын шеберлердің қатарын неге ұлғайтпасқа? Бүгінгі шарада осы арманым жүзеге асқандай болды. Ел ағалары тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатындығына сенімім зор» дейді қолөнерші Мархаббат Асанова. Қазақтың қолөнерін әлемге танытсақ деген қарындасымыздың алғаусыз пейілі біздің де көңілімізді тебірентті.

Мұнан соң «Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференция  өзінің тартымдылығымен ерекшеленді. Шарада аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның сәтті өтуіне тілектестігін жеткізді.

Алғашқы болып сөз алған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова музей ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың, алтын ордасы,  Өткенімізбен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір. Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ғимараты облыстық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында  дей келе, музейді басқарған басшылар мен еңбегі сіңген жандардың есін атап өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында батыс өңірдегі музейлермен байланыс жасалғаны да көпшілікке мәлім. Музей осы жылы Қазақстан Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Астана қаласындағы Ұлттық музейде өткен алғашқы құрылтайына қатысты. Ғанидың туған күніне орай дәстүрге айналған футбол жарысы мен «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасын  үздіксіз өткізіліп келеді. Музей қоры тың экспонаттармен толықтырылып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуде.

Тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры Тәттігүл Қартаева , Тарих ғылымдарының phd докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев , Ақтөбе облысы, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Гүлсара Сейілова, Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің аға ғылыми қызметкері Жазира Шілдебаева, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат, Евразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Қызылорда қаласындағы Салахаддин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының өнертанушысы Тұрсынбек Омаров  және басқалар жұртшылыққа құнды деректерге негізделген хабарлама жасап, ойларын ортаға салды.

Шара «Ғанидың қара шаңырағы» атты мерекелік бағдарламадаға ұласты.Мерейтойға келген қонақтар, музей ұжымының озаттары марапатталды. Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне тағзым жасалып, музей ішімен танысты. Музейдің мәжіліс залында ұйымдастырылған «Музей – рухани тәрбие орталығы» атты дөңгелек үстел тартымды өтті. Екі жақты жасалған меморандумға сәйкес, Шалқар ауданынан келген делегация Ақтан батыр ауылындағы батыр кесенесіне тағзым етіп, ауылдағы №190 мектеп жанындағы «Тарихи-өлкетану» қоғамдық негіздегі музейінде болды.

Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2018 г. 689 0