Шығыс Қазақстан облысының «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері Қызылордаға келді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев олармен кездесіп, ыстық ықыласын білдірді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға «Үміт» балалар үйінің 50 тәрбиеленушісі қатысты.
– Қызылорда облысында 200 мыңнан астам бала тұрады, оның 150 мыңы мектеп оқушылары. 2014 жылдан бастап 510 түлек Ресейдің Үкіметі есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургттың беделді жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды. Олардың ішінде балалар ауылының бұрынғы тәрбиеленушісі Наргиз Кашапова да бар. Дарынды балаларға, республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздарына «Сыр дарыны» медалін табыстаймыз. Біздің елімізде білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Сіздердің араларыңызда дарынды балалар да бар, олар өз талантымен талай жетістікті бағындырады. Сіздерге Ұлы идеялар мен табысты жетістіктердің қозғаушы күші болуға тілектеспін, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі, сондай-ақ, балалардың сұрақтарына жауап беріп, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.
– Барлық үміттіктердің атынан Сізге жылы қабылдауыңыз үшін алғыс білдіреміз. Біз бұрыннан қонақжай Қызылорда жеріне баруды, өлкенің сұлулығын көруді армандаған едік. Мұнда біз жаңа таныстар таптық және оларды шығыста көруге әрдайым қуаныштымыз, – деді «X-Factor.kz» телевизиялық музыкалық жобасының V маусым жеңімпазы Евгений Выблов.
***
Облыс әкімінің қабылдауынан бұрын «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілері арасында «Ұлт руханиятының алтын қазығы – Сыр елім!» атты достық көпірінің ашылу салтанаты өтті.
Осы және басқа да балалар үйінің тәрбиеленушілері ел өңірлеріне саяхаттауда. Мұндай сапарлар балаларды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулуға, таным көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылған. Балаларды еліміздің әр аймағындағы мәдени-тарихи мұраларымен таныстыру жоспарланған.
– Бұл шара балалардың әр аймақтағы білім орындарын, олардың негізгі кәсіби бағыттарын және болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сегіз тұрғын үйден тұратын отбасылық үлгідегі балалар ауылын ашу арқылы Қызылордада жетімдер үйі жойылды. Мұнда 47 бала тәрбиеленіп жатыр. Осындай балалар ауылын құру арқылы тәрбиеленушілердің қоғамға бейімделуін қалыптастыру көзделген. Осыған дейін Ақмола облысынан кішкентай қонақтарымыз келген болатын. Бүгін, міне, «Үміт» балалар үйі Сыр өңірінде, – деді «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Л.Ысқақова.
Шара барысында Лиза Ысқақова «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Бейсекановаға Сыр өңіріндегі сапарын ұмытпас үшін балалар ауылының логотипі белгіленген статуэтка табыстады. Ал балалар өз өнерлерін көрсетіп, спорттағы, білімдегі, өнердегі жетістіктерімен бөлісіп, жас қонақтармен қосылып флешмоб биледі.
Ертеңіне балалар Қорқыт ата мемориалдық кешенінде болып, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы мұражаймен танысты. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінен өңірдің тарихы туралы жәдігерлерді көзбен көрді. «Атамекен» балалар ауылында бірлесіп концерт өткізіп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Ал, сапардың үшінші күні балалар Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхаттап, «Ұлағат ұландары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ойын-сауық шараларын өткізіп, табиғат аясында серуендеді.
***
Осы шараның барысында облыс әкімдігінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Балалар үйін қайта құру: бірінші тәжірибе және оның дамуы» тақырыбы талқыланды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бүгінгі қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығына мұқтаж балалардың саналы ұрпақ, салауатты азамат болып қалыптасуына қолайлы жағдай жасау мәселесі үнемі назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл орайда облыстағы осы санаттағы 891 баланың 797-сі қамқорлыққа алынып, оның ішінде 94 бала «Атамекен» балалар ауылына орналасқанын, оларға отбасы жылуын сезінетіндей ерекше қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізді.
Кеңейтілген кеңесті жүргізген ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылында жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, қамқорлыққа ризашылығын білдірді.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кеңес төрайымы Майра Бейсеканова «Қайта құру жолындағы 10 жылдық тарих» тақырыбында баяндама жасап, 2008 жылдан бері бұл бағытта үлкен шаралар атқарылып келетінін назарға ұсынды. Мәселен, 2009-2010 жылдары жетім балалар үйінде 15000-дай бала болса, бүгінде 5000-нан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Осы ретте «Жүрекке ұялаған үміт» деректі фильмі көрсетілді. Отбасыларды жан-жақты қолдау орталығы қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Байғабылова Алматы қаласындағы балалар үйін қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесін ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті.
Кеңесте Тараз қаласы, «Балаларды қолдау орталығы» директорының міндетін атқарушы Айжан Мейірханова, «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» корпоративтік қоры бағдарламаны дамыту департаментінің директоры Мария Чернова, «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бибігүл Махметова және «Арал балалары» ҮЕҰ жетекшісі Құралай Исаева, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сарапшысы Гүлмира Құлсариева сынды мамандар тақырып ауқымында түрлі баяндамалар жасады. Жиын соңында шара қонақтарына қаламыздың 200 жылдық мерекесінен естелік сыйлықтар табысталды.
Шынар БЕКБАН,
Ғазиза ӘБІЛДА