Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жастар кеңесінің отырысы өтті. Жиында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жұмыстары талқыланды.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауы аясында 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланғанын атап өтті.
– Жастар арасында қалыптасқан әлеуметтік проблемаларды шешу, табысты, бәсекеге қабілетті және ұлтжанды жас қазақстандықтарды қалыптастыру – аға буынның міндеті. Осы мақсатта Қызылорда облысының мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасы бекітіліп, онда жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім алу, бос уақытын тиімді өткізу сынды жастардың өзекті мәселелері қарастырылған. Жыл сайын 100 дарынды да талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан жастар еліміздің белді жоғары оқу орындарында облыс әкімінің грантымен білім алуда. Биыл біз мұндай гранттардың санын екі есеге өсіріп, 200-ге жеткіздік, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, 2018-2019 жаңа оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сыр өңірінде кәсіптік мамандықтарға 500 грант бөлінді.
Жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы». Жалпы, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша аймақтағы 20 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында жастар 16 кәсіби емес мамандық бойынша білім алуда.
– 2018-2019 жаңа оқу жылына 500 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Елді мекендерден шалғай орналасқан білім беру ұйымдарына барып-қайтуы үшін материалдық көмек те қарастырылған. Нәтижелі жұмыс істеп, колледж бітірушілерін жұмыспен қамту көрсеткішін жоғарылату, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен оқытушылардың сапалық деңгейін арттыру, өңірде жұмысшы мамандарды даярлау бойынша белсенді жұмыс жасауымыз қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде аймақтағы жалпы саны 700 мыңнан астам халықтың 24%-і – жастар, олардың ішінде 190 мыңнан астамы 14-29 жас аралығында, ал экономикалық тұрғыдан белсенділері 110 мыңнан асады.
Жиында облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов аймақтағы жастарды қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысы жайлы баяндады.
Айта кету керек, Қызылорда облысы республикада алғашқылардың бірі болып «NEET категориясындағы жастармен жұмыс жасаудың кезеңдік жоспары» мен «2021 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатын дамытудың жол картасын» қабылдады.
– Өткен жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің орташа көлемі 4,3 процентті құрап, тоқсан сайынғы көрсеткіш артқан болса, биыл тоқсандық көрсеткіштердің тұрақтылығы сақталды. Аймақтағы NEET санатына жататын жастар санының жылдық көрсеткіші төмендеп келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, 2016 жылы 14,1 процентті құраса, 2017 жылы 9,5, биылғы жылдың екі тоқсанында 9,3 проценттен 8,3-ке төмендеп отыр, – деді ол.
Көрсеткіштердің төмендеуіне NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау бойынша іс-шаралар жоспарының, облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасының бекітіліп жүзеге асырылуы оң ықпалын тигізген. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «ZhasProject» жобасы аясында облыста 266 жоба қолдау тауып, 900-ге жуық жастар жұмысқа орналасқан.
Басқарма басшысы әскерден келген жастарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтендіру, жас отбасылардың тұрақтылығын сақтау, қолдау көрсету бойынша мектептерде кәсіптік бағдар беру кабинеттерін ашу, кеңес беруді қамтамасыз ету үшін жастар мәслихатын қосу, жас аналарды қолдау және тұрғын үй мәселелерін шешу турасында бірқатар ұсыныс білдірді.
Айта кету керек, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтың озық оқу орындарында 510 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74 түлек оқуын тәмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, қалғандары облыстың ірі кәсіпорындарына – «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС, мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Ал келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді деп күтілуде.
Өткен жылдан бастап Қызылорда жастар ресурстық орталығы еуропалық жұмыс үлгісіне көшті. Оның шеңберінде орталықта жастарға қажетті барлық қызмет түрлері: коворкинг орталығы, жаттығу залы, тіл үйрету курстары, интернет қызметтері, заңгерлердің, дәрігерлер мен басқа да мамандардың кеңес беруі, кинозал және т.б. қызметтер ұсынылады. Жастар үшін елеулі жаңалық, келесі жылы Сырдарияның сол жағалауында жаңа жастар ресурстық орталығы пайдалануға беріледі.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша білім саласында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Осы орайда облыс әкімі, Елбасы Жолдауында айтылғандай, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдалану қажеттігін жауапты тұлғаларға міндеттеді. Енді өңірдегі барлық мектептер мен колледждердегі спорт нысандары сенбі, жексенбі күндері арнайы кестеге сай жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ, жиында Арал, Сырдария және Қызылорда қаласының әкімдері мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы хабарлама жасады. Бүгінде Арал ауданында 14-29 жас аралығында – 18314, Сырдарияда – 11131 азамат тіркелген. Ал, Қызылорда қаласындағы 300486 халықтың 67349-ы – жастар. Қызылорда қаласында жастардың жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі көңіл қуантарлық.
– Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесінде биылғы жылдың тоғыз ай қорытындысымен 2617 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 2671 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23 процентке артық, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында аймақ басшысы барлық аудандарда дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жандандыру керек екенін атап өтті.
– Келесі жыл жастар мәселесіне арналған – өте маңызды жыл. Қоғамның бұл категориясы барынша қолдау және ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған орай, «Жастар жылын» атап өтуге мамандар толық, барынша сай болуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп, барлық жауапты тұлғалар маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға қатысуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.