Сырдариялықтар асарлатып көпір салды

Сырдария ауданында асар әдісімен тағы да бір көпір салынып, пайдалануға берілді. Аудан халқының ынтымақ-бірлігінің арқасында жүзеге асқан бұл жолғы игі іс негізінде Тереңөзек кентіндегі Қазақ көшесі тұрғындарының өтініші бюджет қаражатынсыз-ақ шешімін тапты.

Тұрғындардың қуанышымен ортақтасуға аудан әкімі Ғ.Қазантаев арнайы келіп, жылы лебізін білдірді.

- Көпір салу - сауапты істердің төресі. Бұған дейін де біз асар әдісімен көпір салдық. Бұл аудан жұртшылығының берекелі іске бейім екенін білдіреді. Жаңа көпірдің құрылысына атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Көпірдің тұрғындардың игілігіне жұмыс жасайтынына сенім білдіремін,-деді аудан басшысы.

Жаңа көпірдің ашылуында соғыс және еңбек ардагері, Сырдария ауданың құрметті азаматы Яхия Тасыров ақ батасын берді.

Айта кету керек, көпір құрылысына аудан жұртшылығымен қатар көше тұрғындары, аудан көлеміндегі мекеме басшылары мен қызметкерлері де өз үлестерін қосты.

Атап айтқанда, Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі құрылысқа қажетті техникалармен толықтай қамтамасыз етті.


Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2018 г. 563 0