Сыр өңірінде тағы бір айтулы мәдени шара өтті. Қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы, есімі аңызға айналған ән падишасы, Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы IV республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсы ұйымдастырылып, Сыр өлкесін әсем әнге бөледі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен бұл конкурста таланттарды іріктеу үшін белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, әнші Сембек Жұмағалиев, Р.Бағланованың ұлы мен келіні Тәжен, Марал Бағлановтар Сыр еліне арнайы келді.
Айтулы шара ең әуелі қазылар алқасының БАҚ өкілдеріне брифинг беруінен басталды. Брифинг барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы М.Әбуова конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 20 талапкер қатысуға ниет білдіргенін атап айтты. Ән байқауы Сырдың бас шаһарында өтіп, жалғасы, яғни гала-концерт Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында жалғасын таппақ.
«Бұл конкурс жылда аудан орталығында ұйымдастырылса, биылғы жылы облыс орталығында өтіп, әрі қарай әншінің туған жерінде жалғасын табатынына қуанып, төбем көкке жетіп отыр. Алдағы уақытта тек Қызылорда облысында ғана емес, еліміздің басқа қалаларында ұйымдастырылса деймін. Бұл айтулы шара Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласына үн қосу болмақ» деген композитор К.Дүйсекеев Роза Бағланованың өзі куә болған ерлігін айтып берді.
Бірде концерт беруге дайындалып жатқан әншінің аяқ астынан көзі көрмей қалады. Жоспарда бір емес, екі концерт. Ел түгел құлақтанған. Кейінге қалдыруға келіспеген Роза Бағланова қанша қиын болса да, қос концертін де сыр бермей өткізіп, содан кейін ғана көзін емдетуге Мәскеуге жол тартады. «Мұның өзі қаһармандық емей немене?!» дейді К.Дүйсекеев.
Келіні Марал Бағланова әншінің отбасында мейірімді ана, қамқор әже болғанын және жариясыз қайырымдылық жасайтын азаматтығын айтып сағынышпен еске алса, әнші С.Жұмағалиев бүгінгі ән мен әнші жайында өз пікірін білдірді.
***
Сол күні түстен кейін сахна шымылдығы түріліп, ән байқауы басталды. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Халық қаһарманының өмір жолына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл байқауда ереже бойынша талапкер І кезеңде әнші Р.Бағланова репертуарынан бір ән, ІІ кезеңде ел композиторлары жазған жаңа әндерден орындады.
Байқау қорытындысы бойынша 20 үміткердің арасынан ІІІ орынды Түркістан облысынан келген «Сарын» триосы мен Арал ауданының тумасы Сабыржан Көлбаев иеленсе, ІІ орынды ақтөбелік Нұртас Омаров пен батыс қазақстандық Ерқат Жақашев алды. І орынды Қазалы ауданынан қатысқан Рақымжан Мақсатов жеңіп алды.
Ал, бас жүлдені астаналық Айдын Жұмабаев еншілеп, Бағлановтар отбасының жүлдесі 500 мың теңге ақшалай сыйлық және Халық қаһарманының бейнесіндегі статуэтканы иеленді.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.