ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШАБЫТ, ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ

30 қазан-6 қараша аралығында Талдықорған қаласында  Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған   Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалі болып өтті. Фестивальге Башқұртстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің  театрлары және Қазақстаннан бірнеше театр ұжымдары қатысты.   

 Темірбек  Қараұлы Жүргеновтің есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ елінің  мәдениеті, әдебиеті мен өнер саласын бір арнаға тоғыстырған көрнекті ұйымдастырушы.   Сонымен қатар, Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударып,  Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. Жүргеновтің тікелей қатысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды. Т.Жүргенов  Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін аброймен атқарды. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Сонымен қатар,  М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеевтей   қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады.  Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.  

Аталмыш фестивальге Алп Арслан атындағы Түркімен Ұлттық жастар театры Н.Реджеповтың «Кероғлы және Агаюнус» спектаклімен (Түркіменстан Республикасы),  М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры  Т.Миннулиннің «Іздеп таптым сені...» қойылымымен (Ресей Федерациясы, Башқұртстан Республикасы), Хасан Ажар өндірістік театры Н.Хикметтің «Пирайе» спектаклімен  (Түркия Республикасы), Б.Қыдыкеев атындағы Қырғыз Мемлекеттік жасөспірімдер театры С.Досанов, М.Ааматовтың «Қасқыр ұлыған түн» спектаклімен (Қырғызстан Республикасы), Сырдария облыстық музыкалық театры Ш.Айтматовтың «Ана Жер - Ана» қойыдымымен (Өзбекстан Республикасы)  және Қазақстан театрларынан Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры М.Әуезовтың «айман-Шолпан» комедиясымен, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» спектаклімен, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясымен, «Театр 28» ұжымы Г.Бюхнердің «Войцек» спектаклімен және  «Дариға-ай» жастар театры У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымдарымен қатысты. Халықаралық фестивальдің Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Театрлар Ассоциациясының президенті. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі - Асанәлі Әшімов, Театр және кино режиссері, профессор, Қазақстанның халық артисі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, жазушы-драматург, аудармашы,  әдебиет саласындағы философия докторы, Тәжікстан өнер академиясының және «Жаңа дәуір» әлемдік өнер академиясының академигі, Халықаралық іргелі білім беру университетінің профессоры Абдугаффор Абдужабборов (Таджикистан), театр сыншысы, өнертану докторы, Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер, Әзірбайжан Мемлекеттік университетінің профессоры, «Умай», «Гызыл Дервиш», «Золотое перо», «Симург» Халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі   Исрафил Исрафилов  (Әзірбайжан), белгілі  театр және кино режиссері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Жастар сыйлығының лауреаты Нұрлан Абдықадыров (Қырғызстан), театр сыншысы, Өнертану ғылымдарының докторы, Замануи грузин театрын зерттеу орталығының бас директоры, Шота Руставели атындағы Грузия мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, Грузин театр сыншылар одағының вице-президенті, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі (AICT-IATC)  Лаша Чкхартишвили (Грузия) және театртанушы, Өнертану кандидаты. Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі (IATC), М.О.Әуезов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Анар Еркебай мүшелік етті.

Жетісулық көрермендер Халықаралық фестивальдің ашылу салтанатын Талдықорған облыстық қазақ драма театрының жаңа ғимаратында тамашалады. Аталмыш қатысушы ұжымдар мен фестивальдің әділқазылар алқалары  өнер додасының ашылу салтанатында қызыл кілеммен жүріп өтті.  Шарада сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Ғабасұлы Баталов 2016 жылдың 12 қазан күні Жетісу төрінде театрдың алғашқы қазығы қағылған кезде Елбасының өзі қолдау білдіргенін ерекше қуанышпен атап айтты.   510  орындық көрермендер залы бар әсем заманауи ғимараттың  жалпы ауданы 10 538 шаршы метр.   Қазақ өнерінің абызы атанған КСРО және Қазақстан халық артисі, Қазақстан Театрлар Ассоцасиясының төрағасы Асанаәлі Әшімов облыс әкімімен бірге лента кесу рәсімін өткізсе, жаңа театрдың шымылдығын шаңыраққа қоныстанған өнер иелері қазақ классикасының жауһары Мұхтар Әуезовтің   «Айман-Шолпан» комедиясымен ашты.
Фестиваль аясында  Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнер жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция  ұйымдастырылды.
Аталмыш конференцияда  «Ұлттық өнер мен әдебиеттің қалыптасуы мен дамуындағы Темірбек Жүргеновтің бірегей тәжірибесі»,  «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту» және «Қазақстан мен Орта Азиядағы тарихи-мәдени және білім беру моделінің реформашысы ретіндегі Т.Жүргенов қызметінің мәні»  атты тақырыптық мәселелер қамтылды.  Қазақ Ұлттық Өнер университетінің  ректоры   міндетін атқарушы, профессор Ш.Әмірбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инситиуты директорының орынбасары, профессор С.Борбасов, М.Ұлуғбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры З.Ишанходжаева, Ресей-Тәжік славян университетінің кафедра меңгерушісі, доцент А.Артықов, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор директоры С.Аңсатов,  Темірбек Қараұлының туысқандары, Л.Гумилев атындағы  Еуразия Ұлттық университетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс»  кафедрасының доценті Б.Иманғалиев қатысты.  Осындай үлкен ғылыми басқосуда Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында сөз болды. Жүргеновтанушы-ғалым Б.Иманғалиев Нарком Жүргенов туралы арнайы баяндама жасап, қайраткердің республика тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесі және тың ұсыныстарын жеткізді. Шығып сөйлеушілер де Ағарту комиссарының қилы ғұмыры, атқарған қызметі туралы мол естеліктер айтты.  Сондай-ақ, іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, Т.Жүргеновтің өміріне арналған деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті.  

Ең бастысы Т.Жүргеновтің 120 жылдығына арналған аталмыш халықаралық фестивальге қатысушылар өзара шығармашылық тәжірибе алмасты.  Оның ішінде Башқұрт елінен келген қатысушылар ұсынған «Іздеп таптым сені..» атты спектаклі көрермендерді үлкен ойға жетеледі.   Жалғыздықтан жапа шеккен жарымжан екі адамның: әйел мен еркектің арасындағы іщкі жанкүйзелістерінің бір арнаға тоғысуы, тіршілік-тұрмыс жолындағы күресі, дүние көзқарасы туралы толғаныстарды бейнеледі. Адамның бойындағы ыстық ықылас, сүйіспеншілік қана жат пиғылдардан сақтап, жан жарасын жазуға септігін тигізетіні қойылымның негізгі ұстанымы ретінде айқын сомдалды.  Ал, Түркімен жастар театры әкелген «Кероғлы және Агаюнус» спектаклі эпостық жанрдағы қойылым.   Пьесаның басты кейіпкері сұлтан Кероғлы бір күні Қап тауының арғы жағында жасайтын перінің қызы Агаюнусты түсінде көреді. Ғашықтық дерті шалдыққан ол сүйіктісін іздеп жорыққа аттанады. Соңынан сұлтанның жауынгерлері ереді. Кездескен көп қиыншылықтарды жеңіп Кероғлы соңында Агаюнуспен үйленіп мұрат мақсатына жетеді. Түркімен жастарының сахналық ойыны, ұлттық киім үлгілері мен ұлттық мінез-құлықтары көрерменнің көңілінен шығып,  көңілін жібітті. 

 Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Сатыбалдының жетекшілігіндегі  «Театр 28» ұжымының  «Войцек» спектаклі әділқазылар алқасын да, жалпы көрермендерді де таңдай қақтырды.   Туынды – әлі күнге өзектілігін жоймаған әлем драматургиясының жауһары. Қатігез өмірдегі қарапайым кейіпкердің басынан өткен қасіретке толы тағдырын ғасырдан астам уақыт бойы жүздеген режиссер өзінше жырлап келеді. Анасынан адал туған, періштедей пәк ұлды айналасының бәрі алдады, маңайы мазақ қылды, біртіндеп сатты, ең ақыры тұтастай теріс айналды. Ашыну, жауығу, қызғаныш сезімдері ақыры Войцекті өзін қорлағандардан кек алуға жетеледі. Бір кездері өзі жақсы көрген, сенген, құдайдай табынған жақын адамдарына қызғаныштың қара қанжарын сұғып алғанымен қоймай, жайбарақат жүре беретін сезімсіз, жүрексіз тасмүсінге айналды.  Ал, «Дариға-ай» жастар театры ұсынған У.Шекспирдің «Ричард III» спектаклінің негізгі идеясы  -  мемлекеттік бірліктің қажеттігі, феодалдық анархияны жою. Шекспир Англия королі Ричард III –тің мемлекетті басқару кезеңінде тарихи шындықты мифтік емес, реалистік әдіспен бейнелейді. Ол шығармаларына феодалдық қоғамның барлық өкілдерін, сондай-ақ демократиялық пікірдегілерді де қатыстырады. Алайда Шекспир өз дәуіріндегі гуманистердің күмәншылдығынан асып кете алмай, халықтың өз тағдырын және мемлекет мәселесін өзі басқара алатындығына сеніңкіремей қарайды. Фестивальге қатысқан әрбір қойылымның айтар ойы, спектакльдердің тұтастығы, актерлік ансамблі әділқазылар алқасы тарапынан  жоғарғы бағаға ие болып, толымды пікірлер айтылды. Күні кеше Халықаралық фестиваль өз мәресіне жетіп, салтанатты жабылу рәсімі болып өтті. Өнер додасының қорытындысы бойынша  «Өнер мен мәдениетті қолдау қорының»  арнайы сыйлығымен  Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Үміт номинациясымен Қарагөз ролі үшін С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы  Мадина Өсербаева,  «Дебют» номинациясымен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлері  Олжас Жақыпбек пен Жанат Оспанов марапатталады.  Ал, үздік эпизодттық роль үшін Алп Арслан атындағы Түркіменстан Ұлттық жастар театрының актрисасы Гульайым Аннаменглиева, көрермендер көзайымы номинациясымен   Б.Қыдыкеева атындағы  Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры марапатталса, үздік актерлік ансамбль номинациясымен М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының актерлері   Гүлмира Исмагилова мен Фиргат Гарипов марапатталады.  Сондай-ақ, Қазылар алқасының арнайы жүлдесімен  Түркияның Хасан Ажар өндірістік театрының артисі  Мурат Чидамлы  иеленсе, Т.Жүргенов атындағы арнайы сыйлықпен   Алп Арслан атындағы Түркімен Ұлттық Жастар театры марапатталады.   Сонымен қатар, Классиканың үздік заманауи интерпретациясы номинациясымен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры  Қарагөз спектаклі үшін,   ең үздік сценографиялық шешім номинациясымен Өзбекстанның Сырдария облыстық музыкалық драма театрының суретшісі   Шухрат Абдумаликов, «Екінші пландағы үздік эпизодттық ролі үшін»   С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Аида Супатаева марапатталса,  Бикен Римова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын  Толғанай ролі үшін  Өзбекстандық актриса   Мавлюда Маматиллаохунова  иеленді. «Ең үздік ер бейнесі» номинациясымен «Дариғай» Жастар театрының актері Еркебұлан Нұғыманов Ричард ролі үшін марапатталады.  Сондай-ақ,  «Ең үздік режиссерлік шешім»  номинациясымен Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттк академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері  Әлімбек Оразбеков  марапатталса, Халықаралық фестивальдің  Гран-При «Ең үздік спектакль» номинациясын «Театр 28» ұжымы   «Войцек» спектаклі үшін иеленді.
Ал, халықаралық фестивальдің тақырыптық айнасын ашқан Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы үш бірдей номинацияға қол жеткізді. Театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі  Қара ролін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдразақов марапатталды. Сыр театры қойған «Нарком Жүргенов» қойылымында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің өмірі жайлы сипатталады.  Сонымен қатар, спектакльде сол замандағы қазақ өнерінде өшпес із қалдырған атақты әнші, биші, күйшілер де көрсетіледі. Қойылымның мақсаты – өз заманынан озық туған тұғыры биік тұлғаның білімге құштарлығын, еңбексүйгіштігі мен отансүйгіштік қасиеттерін үлгі-өнеге ету; жан-жақтылығы, ширақтығы, уақытты бағалағыштығы және халқы үшін сіңірген еңбектері туралы кейінгі ұрпаққа мағлұмат беру. Спектакльді қойған режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Х.Әмір-Темір, суретшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, марқұм С.Пірмаханов. Жүргеновтің жары Дәмеш ролін театрдың жас актрисасы Г.Берікбай, Ғ.Мүсірепов – А.Көшімбаев, К.Байсеиітова – А.Төлеуова, Ш.Жиенқұлова – М.Абишева, Қ.Жандарбеков – Қ.Архабаев, Қ.Байсеиітов – С.Жүзбай, Б.Н.Орлов – О.Аманов, Л.Мирзоян – Б.Ошақбаев, Жамбыл – Н.Шыналиев, Нартай – Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты Б.Темірбеков, Малақаевтың әйелі ролін мәдениет қайраткері – З.Төлепова,  Қазақстанның мәдениет қайраткері Б.Ботбаев, Жұманазар ролінде  – Қ.Құрманбектер  жоғары деңгейде сомдап шықты.

 Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры өзінің алпыс төрт жылдық тарихында халықаралық, республикалық  өнер додаларына үзбей қатысып, талай жетістіктерге қол жеткізді. Күні кеше Шотландия елі, Эдинбург қаласында өткен Халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне  қазақтың халық жазушысы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясының желісінмен режиссер Х.Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклімен қатысқан болатын. Нәтижесінде  спкетакль  режиссері Х.Әмір-Темір, Мақпал ролін сомдаған   Залипа Төлепова және Қодар роліндегі Қанат Архабаев фестивальдің алтын кітабына енсе, Қызылорда театры әлемнің ең үлкен өнер фестивалі «Фринджке»  «Еркін  қатысу»  құжатына ие болды. 

Міне, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің халықаралық фестивалінде Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының «Нарком Жүргенов» спектаклімен қатысуы үлкен мәртебе. Аталмыш фестивальден театр ұжымы үлкен шабыт алып,  шығармашылық тәжірибе алмасып қайтты.


 

Ұлбосын Қылышбаева 

Театрдың әдебиет бөлімінң меңгерушісі

 

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қараша 2018 г. 1 171 0