« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазалы қаласындағы кітапханада П.П.Семёнов-Тянъ-Шанскийдің өз қолымен тапсырған кітаптары сақтаулы тұр, - деп жазады BAQ.kz.
Сыр бойындағы кітапханалардың алғашқысы дәл осы Қазалы қаласында 117 жыл бұрын іргесін түрген. Мәдени ошақ Орта Азия мен Қазақстанның табиғатын, тарихын зерттеуді мақсат тұтқан орыс саяхатшылары жанашырлығымен жұмыс бастаған. Игі бастамаға жер аударылып келген социалдық-демократияның өкілдері де үлесін қосыпты. 1901 жылдың 2 желтоқсанында алғашқы оқырмандарына 437 дана кітап қорымен есік ашқан орынның сол жылдары жүзден астам оқырманы болған екен.
Кітапхана меңгерушісі Гүлнар Пірімбетованың айтуынша, Қазалыдағы кітапханаға арнайы ат басын бұрған академик А.С.Берг бірнеше ғылыми кітаптары мен жазбаларын қалдырған. Ал, П.П.Семёнов-Тянъ-Шанский мұнда табан тірегенде жеке кітапханасынан 200 кітапты қолтаңбасымен сыйға тартқан.
«Берг, Семёнов-Тянъ-Шанский тапсырған кітаптардың көбісі заманында жоғалып кеткен. Қазір 80-ге жуығы ғана қалды. Олар «Алтын қор» сөресінде. Солардың қатарында сөздіктер мен энциклопедиялар, этнографиялық және географиялық классикалық, әдеби кітаптар бар. Атап айтсақ, 1864 жылы Санкт-Петербург қаласында басылып шыққан 3 томдық үстел анықтамалық сөздігі, 1899-1901 жылы жарық көрген «Шағын энциклопедиялық сөздіктер» бар. Алғашқылары сол кездегі білімнің барлық саласы ақпараттарын қамтыса, соңғы сөздікте адам өмірі мен табиғат құбылыстарына қысқаша мәлімет береді. 1903 жылы жарық көрген «Үлкен энциклопедия» аталатын көп томдықтың оныншы томынан Қазалы уезі туралы мәліметпен ұшырастық. М.Арсеннің редакциялауымен басылған «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 20 томында 1911-1914 жылдардағы Қазалы қаласының алғашқы құрылған жылы, тұрғындардың ұлттық құрамы, экономикалық көрсеткіштері көрсетілген», – дейді кітапхана меңгерушісі.
Сонымен қатар, кітапхананың «Алтын қорында» В.Дальдің «Ұлы жазушылар кітапханасы» топтамасында 1902-1903 жылдары С.А.Венгерованың редакциялауымен баспаланған У.Шекспирдің 5 томдығы мұқият, өз реттілігімен жиналыпты. Кітапханашылар бұл томдықтарға классиктің төл туындыларымен қатар авторға танылып жүрген шығармалар да енгенін айтып өтті. Бұл қатардан Байронның тұңғыш орыс тіліне тәржімаланған шығармалар жинағын да кездестірдік. Н.В.Гербель жинақтаған «Орыс ақындары» кітабының үшінші басылымында ХVІІІ-ХІХ ғасыр ақындары шығармалары енген.
Сөредегі К.Штерненің «Дүние дамуы» кітабында дүниеннің жаратылуы жайынан дерек берсе, В.Мейердің «Дүниетаным» еңбегі аспан денелері туралы ілімді оқырманына айқын мазмұн, тартымды, түсінікті тілмен жеткізген. Лависс және Рамбо атты авторлар бірігіп жазған «ХІХ ғасыр тарихы» атты көп томдықтарда Батыс Еуропа мен Еуропадан тыс мемлекеттердің тарихы баяндалып, халықтың саяси көзқарастары тартымды баяндалған.
Осындай ғылыми, тарихи мазмұны терең, маңызы жоғары құнды жауһарлар бүгінгі таңда Қазалы қаласындағы кітапханада сақтаулы тұр.
«Бұған қоса, біздің кітапхана тарихи ғимаратта – 19 ғасырдың соңында салынған Ноғай мешітінде орналасқан. Кітапханамызда алыс-жақын шет елдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен ғылыми зерттеу, ізденістермен айналысатын азаматтар жиі бой көрсетеді. Керекті мағлұматтарын алады. Мұндайда біз көмектесуге ықыластымыз. Оның үстіне, сирек кездесетін кітаптарды сақтау кітапханашыларға үлкен жауапкершілік жүктейді», – дейді тәжірибелі кітапханашы Нұржамал Қожанова.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |