Қазақ елінің мақтанышына айналған ән падишасы, Халық Қаһарманы Роза Бағланова атындағы әншілер конкурсын туған жері – Сыр өлкесінде ұйымдастыру дәстүрге айналған. Талай таланттың танылуына сеп болған «Ақмаңдайлым» атты әншілер конкурсы биылғы жылы төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биылғы конкурстың бір ерекшелігі, аудан орталығында емес, Сыр өңірінің бас шаһарында өтетіндігі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында конкурсқа қазылық етуге келген белгілі өнер иелері және Роза Бағланованың ұлы мен келінінің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев ән падишасымен өнер әлемінде бірге еңбек еткен кездегі ұмытылмас қызықты сәттерімен бөліссе, келіні Марал оның отбасында мейірімді ана, немерелеріне қамқор әже болғанын сағынышпен еске алды.
Төртінші рет ұйымдастырылып отырған конкурста 20 үміткер бақ сынамақ. Бүгінгі конкурста өзінің бағын сынамаққа Сыр өлкесіне жан-жақтан ат терлетіп келіп жатқан үміткерлер ішінен талантымен танылғандар конкурстың екінші күнінде халық қаһарманының туған жері Қазалы ауданында өтетін гала концертке қатысып, әншінің туған өлкесін әнге бөлейтін болады.
Гүлмира ДІЛДАБЕКОВА,
"Сыр бойы".