Кәсіптік білім: өзгеріске үндестік өте маңызды

Өткен сенбіде М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде “Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты” атты VІІ облыстық форум өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әзімхан Дархан, “Кәсіпқор холдинг” КЕАҚ-ның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асима Бимендина, министрліктің “Қаржы орталығы” АҚ департамент директорының орынбасары Алпамыс Сатыбалдин, “Кнауф Гипс Капчагай” ЖШС оңтүстік аймақ менеджері Олег Абдуллаев және техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары мен жұмыс беруші кәсіпкерлер қатысты.

Форум оқу орындарының кәсіби білім беру бағытындағы ерекшелігін айқындайтын бағ­­дарлы байқау мен білім алу­шылардың “Жас өнер­тап­қыш – 2018” техника­лық шығармашылық бай­қау көр­месінен және М.Ықсанов атындағы Қы­зыл­орда поли­техникалық кол­леджі­нің оқу-өндірістік ше­бер­ханаларының жұмыстарымен танысудан бас­тау алды.

Жиын барысында қатысу­шылар өңірге қажетті мамандарды даярлау бойынша ұсыныстарымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Еңбек нарығына жоғары білікті мамандар даярлауда ақпараттық технологияларды қолдану мен дамыту, техникалық кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын, тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың сапалық сипаттамасы алдыңғы қатарға көтерілген. Жалпы ішкі өнім жоғары технологиялық өндірістердің – білім, денсаулық сақтау, ғылым және басқа да интеллектуалдық қызметтер есебінен артып отыр.

– Сарапшылардың бағалауы бойынша Батыс Еуропа мемлекеттерінде жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда адами капиталдың үлесі – 30%, АҚШ-та – 40%, ал, ТМД елдерінде бар болғаны 10-15%-ті құрайды. Сондықтан, экономикалық өсім мен барлық игіліктердің негізгі драйвері – адам, оның білімі мен дағдысы болуы қажет. Адам білімі мен  шеберлігі, тәжірибесі арқылы жетекші күшке айнала отырып, табысты істің кепілі болып табылады. Нәтижесінде жоғары сапа мен экономикалық өсу қамтамасыз етіледі,– деді облыс әкімі.

Сондай-ақ,  аймақ басшысы адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасатын болғандықтан, бұл сала шығынға негізделген салалар сияқты болмай, керісінше, жаңа экономикалық жағдайда экономикалық өсімнің мүмкіндігін анықтайтын инвес­тициялық сала ретінде қарас­тырылуы қажеттігін баса айтты.

– Бүгінгі таңда техноло­гияның жылдам дамығаны сонша, ол адам өмірін   тез өзгертуде. Ал, біздегі ЖОО мен колледждер  осыған сай жаңа мамандықтар бойынша түлектер дайындап үлгере алмай жатыр. Бүгін қажет деп танылған мамандық бес жылдан соң жойылып кетуі мүмкін. 

Мәселен, есепші, кітапхана­шы, нотариус, бұрғылаушы, шах­­тер, тігінші, жол полициясы инс­­пекторы келешекте авто­маттанды­рылып және роботтармен ауыстырылатыны көрініп тұр. Технология әр 3 жыл сайын өзге­руде, әр 5 жыл сайын алмасуда. Нарықта жаңа мамандықтар пайда болуда. Мысалы, ақпарат­тық жүйе архитекторы – жүйе­дегі деректерді өңдейтін кең ауқымды кәсіби маман, желілік тау инженері – табиғатты пайдалану нысандарымен жұмыс жасайтын маман, тіпті зияткерлік меншікті бағалаушы мамандар пайда болады. Ол материалдық емес активтер мен идеялардың өнертабыстарын бағалайды. Ха­лықаралық экономикалық фо­рум­ның бағалауынша, 2020 жы­лы 20 процент жұмыс орындары өзгереді. Бұл өзгерістер жаңа дағ­дыларды қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан жұмыс орын­дарының автоматтандырылуына байланысты адамдардың өз қызметінен айырылып қал­мау­ын болдырмайтын жүйе қалып­тастыру қажет. Мұның бірден-бір шешімі – үздіксіз білім беру, – деді облыс әкімі.

Мұнан бөлек, 2014 жылдан бастап аймағымызда мек­теп бітірген бірқатар түлек­тер  Мәскеу мен Санкт-Пе­тербургтің ең мықты тех­никалық жоғары оқу орындарында білім алуда. Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты негізінде оқып жатқан 512 студенттің Мәскеу болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербургтің мемлекеттік өсімдік полимері технологиялық университетін бітірген алғашқы 32 студент елге оралса, 42 түлек магистратурада білімдерін жалғас­тыруда. Ресей жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс нәтижесінде биылғы оқу жылында тағы 58 бала оқуға түсті. Сонымен қатар, жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды балалар облыс әкімінің білім беру гранты бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсуде. Биылғы жылы грант саны 2 есеге артса, бұл ретте гранттардың 70%-і IT-ма­мандықтарға бөлінген. Айта ке­тейік, қызылордалық мектеп біті­рушілердің 97%-і осымен екі жыл қатарынан жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп отыр. Олардың 57 %-і мемлекеттік білім гранты иегер­лері. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 509-ға артты.

Білім беруде сапаның тағы бір маңызды көрсеткіші – болашақ мамандардың сұранысқа ие болуы, олардың таңдаған қызмет саласында жұмыс істеуге деген ниеті. Осы мәселелерді шешу мақсатында облыс экономикасына қажетті кадрлардың ұзақ мер­зімдік болжамын анықтай отырып, 2015 жылы аймақтық еңбек ресурстары балансы дайындалды. Бұл, өз кезегінде аймаққа қажетті мамандарды дай­ындауға, мемлекеттік тапсы­рысты анықтауға ықпал етері анық. Біті­рушілердің жұмысқа орналасуына қиындық тудырмау үшін осы еңбек ресурсы балансы мектептегі кәсіби бағдарлы даярлықтың негізі болуда.

Форум қатысушылары облыс­та бейінді оқытуды ұйымдастыру бойынша өз ұсыныстарымен бө­лісті, дарынды жастардың өнді­ріске енгізілетін шығармашылық жобаларымен де танысты. Бі­лім және ғылым саласындағы ба­қы­­лау комитеті төрағасының орын­­басары Әзімхан Дархан кәсіп­тік-тех­никалық бі­лім бе­рудегі же­тіс­тіктер мен техникалық кадр даяр­лау кезінде туындайтын мә­се­­лелерді шешу жолын сөз етсе, «Кәсіпқор холдинг» КЕАҚ-ның басқарма төрағасының мін­де­тін атқарушы Асима Бимендина білім беру саласындағы мо­дуль­дік бағдарламаға талдау жа­сады. Бұл кәсіптік білім беру ұй­ым­­дарында енгізілген жүйе кәсіптік-техникалық профильді колледж түлектері арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал, «Қаржы орталығы» АҚ білім беру қызметтерінің төлем жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Алпамыс Сатыбалдин мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында жатақхана құрылысын салу, қайта жаңғыртудан өткізу туралы маңызды мәселеге тоқталды. Сонымен қатар,  басқосуда «Кнауф Гипс Капчагай» ЖШС оңтүстік аймақ менеджері Олег Абдуллаев колледждерде құзыреттілік орталығын құру жайын қозғады. Бұл орталық өңірлерде маман­дар қажеттіліктеріне талдау, са­ла­дағы технологиялық өзге­ріс­­терді бақылау және маман­дар алдындағы дайындық бағдар­ламаларын әзірлеу, мұғалімдер мен кәсіптік оқытуды сертификаттау, колледждер, өнеркәсіптік кә­сіпорындардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруда оң септігін тигіз­бек.

Еңбек форумы аясында сек­ция­лық жұмыстар да жүргі­зіл­ді. И.Әбдікәрімов атындағы аг­­рарлық-техникалық жоғары кол­­­­лед­жі облыстың үздік кә­сіп­тік мек­тебі деп танылды. Жиын со­ңында форум аясында өт­кізіл­ген байқау жеңімпаздары мен тех­никалық және кәсіптік бі­лім беру саласының үздіктері ма­рапат­талды.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қараша 2018 г. 610 0