Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Астанадағы Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз конфренциясын өткізді. Онда Елбасы Жолдауының іске асуы, өткен 9 айдың қорытындылары бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігі баяндалды.
Аймақ басшысы өңірдің маңызды деген даму аспектілеріне тоқталып, алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндады.
– Өздеріңізге мәлім, біз үшін соңғы бес-алты жылдың көлемінде мұнай өндіру көлемінің төмендеуі (10-12%) үлкен проблемаға айналып отыр. Республикада мұнай өндіру көлемінің төмендеуінің 70 проценттен астамы Қызылорда облысының үлесіне тиді. Осы уақытта 4,5 млн тонна мұнай өндіру көлемін жоғалттық. Ал бұл дегеніңіз инвестиция, жұмыс орындары және осыған сәйкес бизнес болып табылады. Болжамдар бойынша үстіміздегі жылдың өзінде біз 600 мың тоннадан астам мұнайды кем өндіретін боламыз, – деді өңір басшысы.
Осындай жағдайларға қарамастан, 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыс соңғы төрт жыл ішінде бірінші рет ішкі жалпы аймақтық өнім бойынша оңды көрсеткішке қол жеткізді. Осы межені жыл сайын мұнай мен оған қоса уран өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан биыл да ұстап қалатын мүмкіндік бар. Соңғы үш жыл ішінде өңдеуші өнеркәсіпке салынған негізгі капиталға инвестицияның көлемі екі есеге, еңбекпен қамтылғандардың саны 55 процентке, еңбек өнімділігі 18 процентке, ал өнімнің қосылған құн үлесі 34 процентке ұлғайды.
Дегенмен, экономиканы шикізат емес секторды дамыту арқылы әртараптандыру негізгі міндет болып саналады. Алдағы желтоқсан айында елімізде алғашқы тампонажды цемент зауыты мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі. Ол Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Биыл шыны зауытын пайдалануға беру де жоспарланған еді. Алайда құрылтайшылар арасындағы туындаған мәселеге байланысты оны іске қосу 2019 жылдың жаз айына жоспарланып отыр. Осы жобаның екінші кезеңі бойынша қытайлық компания күн панельдері және гаджеттерге арналған барынша нәзік шыны өндірісін жүзеге асыруды жоспарлады.
Жуырда ғана «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. 2019 жылдың өзінде калцийлендірілген сода өндірісіне арналған тұзды өңдеу зауытының құрылысы басталатын болады. Бұл зауыт құрылыстарын биыл бастау жоспарланған еді. Бірақ жобалық қуаттардың өсуіне байланысты жобаларды қайта қарау үшін құрылыс бастау мерзімі кейінге қалдырылды.
Келесі кезекте облыс әкімі аймақтағы ауыл шаруашылығы кооперациясының даму бағыты туралы айтты. Облыс әкімінің атап өткеніндей, аймақта соңғы екі жылдың ішінде 2688 жеке қосалқы шаруашылықты біріктірген 89 мал бағытындағы кооператив, барлығы 106 кооператив құрылған. Осылайша құс етін өндіру саласы дамып келеді. Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна ет өндіретін құс фабрикасы іске қосылатын болады. Күріш аймақ агроөндірісінің негізгі саласы болып қала береді. Өткен жылдың су тапшылығына және көктемнің кеш түсуіне қарамастан, облыста рекордты өнім – 473 мың тонна күріш жиналды. Облыс өткен жылғы рекордты жаңарта алмады. Бірақ соның деңгейіне жетті. Бұл судың жетімсіздігінен 600 гектар егістік көлемі қысқарғанына қарамастан мүмкін болды. Қазір облыста «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларын салу мәселесі ойластырылған. Олар су тасқыны кезінде 2 млрд текше метр суды жинақтайтын болады.
Облыс әкімі осыған қарамастан күріш өнімімен қазірдің өзінде аймақ шаруашылықтары Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарына шыға бастағанын атап көрсетті. Иран өндірісінің күріш сорттарын игеру қолға алынды. Бұл ел жыл сайын 5 млн тонна күріш тұтынып, оның жартысын импортқа шығарады. Қызылордалық шаруалар бұл нарықта өзінің лайықты орын алуы үшін табанды еңбек етуде.
Аймақ басшысының сөзінше, 2016 жылдан бастап көптеген жылдардан бері тұңғыш рет бақша өнімдерін экспортқа шығару қолға алынды. 2017 жылы көкөніс пен мал (Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Моңғолия, Өзбекстан), үстіміздегі жылы Қытайға тұңғыш рет мақсары майы экспортталды.
Облыста соңғы жылдары жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 28 процентке артты. Агробиржаларда электронды сауда алаңдарының жобасы жүзеге асырыла бастады. Аграршыларға бұл сыртқа өнім өткізу үшін үлкен көмек. Сонымен бірге облыста «Байқоңыр» СПК арқылы агроөндірістің инновациялық бағыттағы қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту көзделуде. Күріш және балық кластерін дамыту үшін Жалағаш элеваторы, «Байқоңыр» агрохолдингі, 8 балық өңдеу зауыты бар. Сондай-ақ, мал шаруашылығы, қайта өңдеу және логистика кластерлерін қабат дамыту көзделіп отыр.
Облыс сыртқа сапалы, бәсекелестікке қабілетті дайын өнімдерді шығаруды міндеттеуде. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, бұл орайда ақылды технологияларды пайдаланудың маңызы зор. Алғашқы кезекте аймақта мал өсімін бақылау үшін «электрондық ветеринария» жобасы жүзеге асырылып, автоматтандырылған жылыжай құрылыстары жүргізілетін болады.
Аймақтың сыртқа шығаратын өнімдері күріш, тұз және балық болып қала береді. Аталған салалардың экспортқа бағытталғаны экономиканың қозғаушы күші болып саналады. Егер 2013 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері салаға 1 млн АҚШ долларынан астам қаржы салса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша ол 15 млн долларға жетті. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда оның өсімі 30 процентті құрады. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық мүмкіндігі артқанының көрінісі. Қырымбек Елеуұлы бұл орайда соңғы бірнеше жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің аймақтық жалпы өнімдегі үлесі 2,5 проценттен 3,7 процентке артқанын атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы экономикалық мәселе ғана емес, ол осы саламен айналысатын адамдардың саны өскенін айғақтап отыр.
Балық бұрынғысынша облыс экономикасының маңызды саласы. 2013 жылдың өзінде 4 балық өңдеу зауыты іске қосылып, экспорт осы кезеңде 9 есеге өсті.
Экономикадағы оңды ахуал соңғы екі жыл ішінде жұмыссыздық деңгейін 4,8 процент деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл республиканың орташа көрсеткішінен біршама төмен. Соңғы жылдары экономикалық қиындықтарға қарамастан, кәсіпорындарда жұмысшы-қызметкерлерді жаппай қысқартуға жол берілмей, 68 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Олар негізінен өңдеуші өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп секторын, тұрғын үй, коммуналдық инфрақұрылым құрылысын құрайды.
2018 жылдың басында облыста 97,5 мың өнімді емес өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар болатын. Олар алдағы екі жыл ішінде өнімді еңбекпен қамтылмақ. 2018 жылдың 9 айында облыста өнімді емес өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тіркелмеген жұмыссыздар саны 62 мың адамды құраса, бұл көрсеткіш 36 мың адамға қысқарды. Осындай адамдармен жұмыс жүргізу үшін 2014 жылы аймақтық инвестициялық орталық құрылды. Ол елдегі жұмыссыз азаматтардың несие ресурстарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Инвестициялық орталыққа биылдың өзінде 1 млрд теңге бөлінді. Оның шеңберінде шағын бизнестің 270 жобасы қаржыландырылып, 500 тұрақты орын құрылды.
Халықтың әлсіз тобының санын қысқарту үшін шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. Облыс әкімдігінің, мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық кеңестің біріккен шешімімен 2018-2020 жыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылдары» болып жарияланды. «Жол картасы» кешенді бағдарламасы қабылданып, үстіміздегі жылы оған 32 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Оның ішінде 3 млрд теңгеден астамы стартап жобаларға бағытталған.
Жүйелі шараларды қабылдау нәтижесінде облыста жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарының саны соңғы жылы 11 процентке артты. Бұл – еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.
Облыстың дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер Президенттің бес әлеуметтік бастамасы арқылы қамтамасыз етілмек. Ең алдымен, бұл тұрғын үй алуға жаңа мүмкіндік береді.
Соңғы екі жылда мемлекеттік қаражат және жеке мердігерлердің есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.
Айта кетейік, 2013 жылдан бастап қолға алынған аймақтағы апатты жағдайдағы кезекте тұрған үй иелерінің мәселесі 2017 жылы оң шешімін тапты. Бүгінгі таңда облыс бойынша апатты жағдайдағы үйлердің орнына 645 отбасы үшін жаңа жайлы баспана салынды.
Бүгінде облыс аумағында 1747 пәтерлік тағы 69 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Кемінде 55 тұрғын үй биыл іске қосылады, олардың қатарында Сырдарияның сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйден құралатын тұтас шағын ауданды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар соңғы 3 жылда жеке тұрғын үй құрылысы (ИЖС) шеңберінде 24 мыңнан астам жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде тек 2017 жылдың өзінде тұрғындарды баспанамен қамту 17%-ке жуық, ал, 2018 жылдың 9 айында тағы 4%-ке өсті.
Енді алдағы уақытта әлеуметтік осал топты барынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін «Орда» тұрғын үй құрылысының Жол картасы әзірленді. Несиелік тұрғын үй барлық көпбалалы отбасылар, мүгедектер және халықтың аз қамтылған басқа да топтары үшін қолжетімді болмайтынын ескере отырып, жыл сайын облыстық бюджеттен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді сатып алуға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бастапқы жарнасыз халыққа кейіннен сатып алу құқығымен ай сайынғы жалға алу төлемдерін төлеу шартымен беріледі. Оны іске асыруға 3,5 млрд теңге қарастырылды. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін апатты үйлер мен жатақханаларда тұрған тұрғындар пайдаланып үлгерді.
Осылайша, «Орда» тұрғын үй бағдарламасы президенттік бастамаға логикалық қосымша болды.
Сонымен қатар өңірде сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері шешімін табуда. Қазіргі таңда аймақ халқының 95%-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және 63%-і табиғи газды тұтынады. Өткен жылы Қызылорда қаласын және 7 аудан орталығының 4-і газдандырылды. 2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілді. Биыл қалған үш аудан орталығына, атап айтқанда, Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарына газ жеткізілетін болады. Ал 2019 жылы елді мекендердегі газ желісінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен, 2020 жылға қарай тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейін 95%-ке жеткізу міндеті қойылып отыр.
Тағы бір басым бағыттардың бірі – өмір тіршілігінің барлық салаларын онлайн-қызметтермен қамтамасыз ету. Бүгінде өңірде түрлі салаларды цифрландыру мақсатында 37 жобаның тізбесі құрылды (қауіпсіздік, бизнес, АӨК, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс, қалалық ТКШ және білім беру, мәдениет басқармасы бойынша). Цифрландыру процесін қарқынды дамыту үшін облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құрылды.
Сондай-ақ, экономиканы әртараптандыруға және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға назар аударылып, әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп келеді.
Сыр өңірінде 5 жыл көлемінде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды.
Аймақта биылдың өзінде 42 әлеуметтік нысанның құрылысы қарқын алып, оның 28-і қолданысқа берілген. Олардың қатарында 7 мектеп, 7 балабақша, 2 денсаулық сақтау нысаны, жуырда Арал ауданынан ашылған аудандық аурухана бар.
Апатты жағдайдағы нысандардың мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. 57 апаттық медициналық бекеттің орнына 49-ы салынып, қалғаны келер жылдың бірінші жартысында іске қосылады деп жоспарлануда. 2013 жылы апаттық жағдайдағы 37 мектеп анықталған болатын. Ал бүгінде өңірде үшауысымдық оқу жүйесі түбегейлі жойылып отыр.
3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес, қазіргі таңда облыста «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын іске асырылды. Балабақшалардың 71 проценті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтінін де айту керек. Бұл орайда аймақ басшысы тиімді әріптестіктің бюджет қаражатын үнемдеп, оны өзге де әлеуметтік-экономикалық маңызы бар салаларға бағыттауға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Облыста қазір МЖӘ аясында түрлі салалар бойынша 34 млрд теңгеден астам қаржыға 75 жоба жүзеге асырылуда.
Баспасөз конференциясында білімді жастардың бүгінгі ахуалы сөз болды. Қазір мыңдаған жергілікті жастың шетелден білімін жетілдіруі, мұндай барыс-келістің білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септігін тигізетіні айтылды. Аймақ басшысы мұның барлығы – білім саласына айрықша назар аударылуының, жастардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасалуының жемісі екендігін жасырмады.
– Осы жылы аймақтағы мектеп түлектерінің 97 проценті жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл бізге маргинал жастарға арналған әлеуметтік базаны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге мәлім, дәл солардың арасынан қылмыстық топтар мен діни экстремистердің мүшелері құралады. Оған қоса Қызылорда облысы – 2014 жылдан бастап РФ Үкіметінің гранты бойынша Ресейдің беделді техникалық жоғары оқу орындарында жүздеген түлектерін оқытуды ұйымдастыра алған еліміздегі жалғыз облыс. Мәскеу болат және қорытпалар институты мен Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық өсімдік полимерлері университетінде Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен білім алу мүмкіндігіне ие болған 452 студенттің алғашқы 32-сі оқуын тәмамдап, осы жылы елге оралды. Ал, 42 түлек магистратурада оқуын жалғастыруда. Ағымдағы жылы 58 сырбойылық түлек оқуға түскен. Осылайша, өңір мектептерінің 510 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтың жетекші техникалық жоғары оқу орындарында РФ Үкіметінің гранттарына ие болды, – деді облыс әкімі.
Шынында, еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес – оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін, кемел келешекке жетелейтін дарынды да білімді жастары. Сондықтан болар, облыс басшылығы сапалы білім алуға салынған инвестицияны жарқын болашаққа деген кепіл деп есептейді. Өңірде жыл сайын аз қамтылған отбасылардан шыққан, әсіресе ауылдық жерлердің дарынды түлектеріне арналған аймақ басшысының білім гранты да бөлініп келеді, биыл ол 2 есеге артты, осылайша грант иегерлерінің жалпы саны 900-ге жетіп отыр.
Алға қойылған маңызды міндеттер қатарында тұрғындарды қажетті онлайн қызметпен қамту мәселесі де бар. Себебі, тұрмыстық қажеттіліктер жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін дәурен таяп қалды. Сыр өңірінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, түрлі саланы цифрландыру бағытында 37 жоба қолға алынған. Сандық технологияларды нарықтық стандарттарға сәйкес дамыту мақсатында облыста арнайы мемлекеттік орган – цифрлық технологиялар басқармасы құрылды. Шетелдік тәжірибе де ескерусіз қалмады. Жыл басында Қызылорда облысының делегациясы Татарстан Республикасы, Қазан қаласына, Қытай халық республикасына жұмыс сапармен барып, ортақ мәміле жасасты.
Аймақ басшысы қорытындылай келе, барлық дүние біз жоспарлағандай жүзеге аса бермейтіндігін ұмытпау қажеттігін еске салды. Осы тұста саяси қайраткер Ли Куан Ю-дың «Барлық уақытта жаңашылдықты жатсынбайтын, өзгерістерге әрдайым дайын тұратын мәдениеттер ғана өміршең. Ал, кім оған дайын емес ұзақ артта қалады» деген сөзімен түйіндеді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
"Сыр бойы".