Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев үкіметаралық комиссияға Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Екіжақты үкіметаралық комиссияға Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру жөнінде ұсыныс берілді. Өйткені, Байқоңырға инвестиция салуға ниетті мемлекеттер көп. Мысалы, БАӘ, Қытай және тағы басқа елдер бар. Бір айта кетерлігі, Байқоңыр Қазақстанның территориясында орналасқан. Сондықтан Ресей мен АҚШ арасындағы санкцияларға қарамастан өңірге қаржы құйғысы келетіндер баршылық», - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, аймақ басшысы биыл Үкіметтің қала маңындағы Төретам, Ақай елді мекендерін дамыту туралы бас жоспарды бекіткенін айтты. «Байқоңыр Ресейге жалға берілгендіктен қаланың ішкі инфрақұрылымына біз жауап бере алмаймыз, ал қала маңындағы Төретам мен Ақайдың халқы біздің қарауымызда. Бүгінде аталған елді мекендерді дамытудың бас жоспары бекітіліп, ол бойынша жұмыстар басталып кетті. Атап айтқанда 50 пәтерден тұратын 5 көпқабатты тұрғын үй алдағы желтоқсан айында пайдалануға беріледі» - деді ол. Одан бөлек, әкім биыл Төретамда кешенді сауықтыру орталығының қолданысқа берілгенін және Мәскеудің авиациялық институмен жыл сайын 20 қазақстандық студенттің білім алуы туралы келісім жасалғанын айтып өтті. Сондай-ақ, Қ.Көшербаев Ресейдің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан біржола кетуді жоспарлап отырмағанын да жеткізді. «Ресейліктер Байқоңырдағы барлық жұмысты бітіріп, «Восточный» ғарыш айлағына көшеміз деп отырған жоқ. Керісінше көптеген жобаларын осы ғарыш айлағы арқылы іске асыруға мүдделі. Өйткені, ғарыш айлағының орналасуы мен ондағы ұшыру технологиясы жағынан алғанда Байқоңыр тиімді. Жалпы аталған аймақтың болашағы алдағы күндері, яғни 9 қарашада Петропавлда өтетін жиында қаралып, жалға беру мүмкіндігін одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданады деп күтілуде», - деп түйіндеді сөзін өңір басшысы.
Еске салсақ, үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Мәскеуде вице-премьер Асқар Мамин «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездескен болатын. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен «Байқоңыр» кешенін одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасылып, «Бәйтерек» бірлескен Қазақстан-Ресей жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
www.inform.kz