Қызылордада жұмыссыздық үш есеге дейін азайды - Қырымбек Көшербаев

Қызылордада жұмыссыздық дегейі үш есеге дейін төмендеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен болған брифингте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Облыс басшының мәлімдеуінше, осы жылдың 9 айында өңірде 62 мың адам жұмыспен қамтылып, тиісінше жұмыссыздық деңгейі 3 есеге азайған. «Жыл басындағы арнайы тексерістің нәтижесінде, облыста 97 538 тұрақсыз жұмыс істейтіндер мен жұмыссыз азаматтар анықталса, 9 айдың ішінде олардың саны 62 мың адамға қысқарды, яғни 3 есеге азайттық. Дегенмен әлі 36 мың адам жұмыссыз. Жұмыспен қамтылғандардың 14 мыңнан астамы шағын және орта бизнесті қолға алды», - деді Қ.Көшербаев. Оның айтуынша, өңірде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 2014 жылдан бастап инвестиция орталығы жұмыс істейді. Биыл аталған орталықтың жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Оның шеңберінде 270 шағын бизнес субъектілерінің жобасы қаржыландырылды және 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы филиалы және «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Осы мақсатта өңірде кешенді «Жол картасы» әзірленді, оны іске асыруға ағымдағы жылы 32 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде 3 млрд. теңгеден астамы стартап жобаларға қарастырылған. Сонымен қатар, облыс басшысы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталғанын тілге тиек етті.

 «Жалпы құны 168 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын алғашқы уақытта 1 мыңға дейін, ал толықтай іске қосылғанда 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. «Шалқия» кен орнында 6,5 млн. тонна мырыш бары дәлелденген және ықтимал қоры бар мөлшері бойынша әлемде бесінші қорғасын-мырыш кен орны болады. Бұл республиканың барлық қорларының 30% құрайды», - деді өңір басшысы. Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев жылдың 9 айын қорытындылап, есеп берген болатын. Баспасөз мәслихатында сыр әкімі өңір мектептеріндегі үш ауысыммен оқу толығымен жойылғанын айтқан болатын. Одан бөлек, қызылордалық күрішшілері биыл 473 мың тонна күріш жинаған. Сол сияқты әкім Сыр өзенінің сол жағалуында 14 көппәтерлі тұрғын үйден тұратын шағын ауданның пайдалануға берілетінін мәлім етті.


inform.kz

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қараша 2018 г. 507 0