Әртараптандыру өңір экономикасына өзгеше дем беруде

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баспасөз конференциясыбарысында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Гүлсім Байгереева, «Qazaq­stan» ұлт­тық арнасының қыз­меткері:  – Биылғы су тапшы­лығы күріштің шығы­мына кері әсерін тигізді. Келесі жылы бұл мәселе қалай шешілмек?

Жауап: – Су тапшылығы – күллі Орта Азияға ортақ проблема. Жақында Түркі­менстанның астанасында Орта Азия мем­лекеттері басшыларының сам­миті өтті. Халықаралық Арал қо­ры да бұл түйткілге назар аударды. Біз «Қараөзек» және «Кү­міскеткен» су қоймаларын салып, алдағы жылы іске қосу үшін жұмыс жасаудамыз. Өйткені көктемгі босқа ағып кететін суды жинақтап, 2 су қоймасын толтырсақ дейміз. Оған мүмкін­дік бар.  Жобаға Үкімет қолдау көрсетуде. «Күміскеткен» мен «Қараөзекте» жылына 2 млрд текше метр су жинақталады. Бұл біздегі көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді. САРАТС жобасының 2 кезеңіне кірістік. Сонымен бірге суармалы жерге байланысты биыл көктемде Арал қаласында Үкіметтің көшпелі мәжілісі өтіп, онда арнайы бағ­дарлама қабылданды. Соған сәй­кес Қызылорда облысындағы 187 мың гектар суармалы жер­ді қалпына келтіру жобасы мем­лекеттік бағдарламаға енді. Жоба құны – 84 млрд теңге. Өңірде 270 мың гектар суармалы жер бар.

Күрішке байланысты айтсам, біз өнім сапасын көтердік. Бұрын тек  «Ақмаржан» сортын еститін болсаңыздар, қазір «Лидер» сорты Сыр өңіріне жерсінді. Сапаны одан сайын көтеру үшін ресейлік әріптестермен тығыз байланыс орнаған. Ауыл шаруашы­лығы са­ласындағы кәсіпкерлер тек пай­даны ғана көздемей, жердің құнарлығын арттыруға, ауыспа­лы егісті сақтау, экологияны сау­ықтыру, әлеуметтік мәсе­ле­лер­ді шешу және ғылыми же­тістіктерді енгізуде өте жоғары нәтижеге жетіп келеді.

Рауан Мыңбаев, «Хабар 24» арна­сының редакторы: – Өңірдегі қалған 3 аудан қашан газға қосылады? 600 мың шаршы метрден астам баспана қанша қызылордалықты тұрғын үймен қамта­масыз етуге мүмкіндік береді?

Жауап: – Қазір құрылысы жүріп жатқан үйлерден  1714 пәтер пайдалануға беріледі. Бір отбасында 5-6 адам бар деп есеп­тесек, қаншама адамның бас­панаға қолы жететінін, қуа­на­­тынын байқаймыз. Ал газға қатысты, көгілдір отын жеткі­зілмеген Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының ор­талығы. Қазір Жосалыға газ тарату станциясының салынды. Жалағаш пен Тереңөзекке ор­тақ газ тарату станциясы құры­лысы аяқталуға жақын. Қара­ша­ның соңында газ келеді. Ал­дағы жылы елді мекендердің ішкі газ желілерін жүргізуге респуб­ликалық және облыстық бюджеттен  қаржы бөлу жоспарланған. 2020 жылға облыс елді мекендері тұрғындарының 95 процентін газбен қамтамасыз етеміз. Аудан орталықтарынан 200-300 шақырым қашықтықтағы ауыл­дарға құбыр тартуға тиімсіз.

Сұрақ: – Қызылордадағы Сырдария өзенінің сол жаға­лауын игеру қалай жүзеге асуда?

Жауап: – Біз Астананың үлгі­сімен жаңа қала салып жатырмыз. Жоба бойынша 15 шағын аудан салынады. Бірінші шағын ауданның құрылысы, ондағы  тұр­ғын үйлер, балабақша, «Бола­шақ» университетінің кампусы пайдалануға беріледі. Алдағы жылы Жастар орталығы, тағы да басқа нысандар құрылысы аяқ­талады. Сол жағалаудағы ал­ғашқы нысан Қызылорда ас­тана болған кезеңдегі тарихи ғимарат – Қазақ Орталық атқару комитетінің ғимараты сызбасы негізінде салынды. Оған «Ру­хани жаңғыру» орталығы мен биыл 200 жылдығы атап өтілген Қызылорда қаласының тарихы музейі орналасты. Ендігі жылы жаңа қаланың құрылысы жалғасады. 7-9 жылда 15 шағын ауданның 12-сі салынады. Жаңа қала табиғи ерекшеліктеріміз ес­керіліп, халыққа ыңғайлы етіп жобаланған. Ұлттық нақыштарға бай. Келесі жылдың соңына қа­рай театр, футбол манежі құры­лысы басталмақ. Шамамен 97 мыңдай тұрғын қоныстанады деп күтілуде. Халық санының табиғи өсу көрсеткіші жоғары. Алдағы онжылдықта сырбойылықтар са­ны 1 миллионнан асып кетеді. Болашақта жаңа қала ескі қа­ланың жаңаруына, жасаруына сеп­тігін тигізбек.

Дулат Әбибуллаев, «Qazaq­stan» ұлт­тық арнасының ре­дакторы: – Мұнай өндіру кө­­лемінің қысқаруынан туын­да­­­ған мәселелер туралы таратып айтып берсеңіз. Екінші сауа­лым, «7-20-25» бағдар­ла­ма­сы­ның орындалуы  қай дең­гейде? 

Жауап: – Соңғы 6 жыл ішін­де республика бойынша өнім көлемі азаюының 70%-тен астамы Қызылорда облы­сында орын алды. Бір жағы­нан қиындық туғызғанмен, екін­­­ші жағынан Елбасының ин­дуст­­риялық-инновациялық бағ­дар­ламасының, экономи­ка­ның құ­рылымын әртараптандыру туралы қойған міндетінің дұрыс­тығына көзімізді жеткізді. 2017 жылдың қорытындысымен өң­деу өнеркәсібінің дамуы бойын­ша маң­дай­алды аймақтардың қа­тарындамыз. Әсі­ресе, өңдеу өнер­кәсібін дамытудың арқа­сын­да осындай жетістікке жеттік.

Бізде мұнай 2-3 шақырым те­реңдікте бұрғыланады. Ма­ман­дардың айтуынша, одан да тереңдікте бұрғылауға мүм­кін­дік бар. Жаңадан барлау жұ­мыс­тарын жасау үшін қажетті қаржы бөлініп отырған жоқ.

Біздегі мұнай компанияла­ры өнімнің 80 процентін ішкі на­рыққа жібереді. Тек 20 процентін ғана сыртқа шығарады. Батыс аймақтардағы әріптестер 50 де 50 қағидасымен жұмыс іс­тейді. Үкіметке және Энергетика министрлігіне экспорт пен импорттың көлемін теңестіру туралы ұсыныс айтылды. Бұл мұнай компанияларының пайдасын еселеп, барлау, жаңа кен орындарын игеру жұмыстарына оң ықпал етер еді.

Екінші мәселе газға қатысты. Қазір мұнай компанияларына газ өндіру тиімсіз. Ұлттық оператор өз бағасынан да төмен бағаға сатып алады. Газ шаруашылығының рентабельділігін көтеру туралы ұсыныстар әлі күнге дейін талқылануда. Менің ойымша жер қойнауын пайдаланушылар жеткілікті дәрежеде ынталандырылмай отыр.

Сондай-ақ, «7-20-25» бағдар­ламасы турасында да көптеген пікірталастар жүруде. Бастама керек әрі өзекті екеніне дау жоқ. Ал орындалу тетіктеріне байла­нысты өз ұсыныстарымызды бер­дік.

Лаура Амантаева, «Қазақ­парат» тіл­шісі: – Өңірде Үде­мелі индустриялық-инно­ва­ция­лық бағдарламаның орын­­­да­луы, осы бағдарлама ая­сын­да іске қо­­сыл­­ған нысандар ту­ралы айтып берсе­ңіз...

Жауап: – Бағдарламаға 22 өндіріс енгізіліп, қазір 17-сі жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш бізге жобаларды әлі де нақтылай, нарықты, сұранысты зерттей түсу керектігін байқатты.

Дәулет Ізтілеуов, «Қазақ­парат» тіл­шісі: – Байқоңыр қаласындағы қазақ­стан­­дық­тардың жағдайы туралы біл­гім келеді. Қаланың болашақ дамуына қатысты екіжақты келіссөздердің нәти­жесі, атап айтқанда, білім беру, ден­сау­лық сақтау, жұмыспен қам­ту салаларының көрсет­кіш­тері туралы айтсаңыз...

Жауап: – Байқоңырға байланысты бұған дейін «Ғарыш айлағын жалға бергенімізбен, азаматтарымызды жалға берген жоқпыз» деген едік. Олардың әлеуметтік жағдайына біз жауаптымыз. Мәселелерді шешу үшін үкіметаралық комиссия құрылған. Алдағы күндері Петропавлда кезекті форум өтеді. Үкіметаралық комиссия жемісті жұмыс істеуде. Осыдан екі жыл бұрын Байқоңырда бұрын са­лынған перзентхананың негі­зінде облыстық медицина орта­лығының филиалын аштық. Бір жағынан облыстың солтүстік аудандары тұрғындарының емде­луіне жағдай жасадық. Соңғы 27 жылда Байқоңырда 3 нысан ғана салынған. Мектеп, перзентхана және «Роскосмостың» қонақ үйі. Енді ғарыш инфрақұрылымын дамытуға «Роскосмос» қаржы бөлсе, қаланы және Төретам, Ақайды дамытуға Қазақстан Үкіметі қаржы бөледі. Биыл бас жоспар бекітілді. Байқоңырдың әлеуметтік, инженерлік инфрақұ­рылымына қатысты жобаларды жүзеге асыруға облыс әкімдігі жауапты болады. Биылдың өзін­­де 5 көпқабатты үйдің құ­ры­лысы жүруде. Төретамда спорт сауықтыру кешені пайда­ла­ну­ға берілді. Қазір арнайы эко­но­­микалық аймақ ашу туралы ұсыныс қаралуда. Егер арнайы эко­номикалық аймақ, салық­тық преференциялар болса, Бай­қоңырға инвестиция салуға ниетті мемлекеттер бар. Роскосмос та көптеген жобаларын Байқоңырда жүзеге асыруға мүд­делі. Өйткені ол барлық жағынан қарағанда тиімді.

Жоғарыда Мәскеу мен Санкт-Петер­бургтің ЖОО-да жастарымызды оқытып жатқанымызды айттым. Енді Мәскеудің авиа­циялық институтына жыл сайын 20 қызылордалықты жіберу туралы келісімге келдік. Онда ІТ саласы бойынша маман дайындауды жоспарлап отырмыз. Бұл мамандар бізге экономиканы санды технологияға көшіруге көмектеседі.

Динара Оспан:  – Облыста 3 ауысым­да оқытатын және апаттық жағ­дай­да тұрған мек­тептер мәселесі қалай шешіл­ген? 

Жауап: – Халық санының өсу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарлы аймақпыз. Ендігі жылдан бастап даярлықты бітірген балалар да бірінші сыныпқа келеді. Бұл оқушылар санының өсуіне әкеледі. Сараптап көрсек, жаңадан 5 мектеп салуымыз керек. Бұл нысандар тез салынбаса, 3 ауысымдық мәселесі алдымыздан шығатын сыңайлы. Жобалық-сметалық құжатын жасап, Үкіметке ұсыныс бердік.

Дәурен Ерболат, «Baq.kz» тілшісі: – Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру бойынша қандай жұмыстар жүр­гізілуде? Ресейлік БАҚ «Рос­космостың» қазіргі жағдайына қатысты материалдар тара­туда. Бұл Байқоңырдағы әлеу­меттік жағдайға әсер етпей ме?  

Жауап: – Арнайы эконо­ми­калық ай­мақ туралы ұсыныс Мемлекет басшыларына бері­ле­ді. Қолдау табылса, арнайы экономикалық аймақ туралы ке­лісім жобасын, басқарушы ком­панияның жұмысының ережесін үкіметаралық комиссияға ұсы­на­мыз. 2019 жылдың соңына дейін арнайы экономикалық аймақ туралы мәсе­ле заңдастырылуы керек. «Роскосмос» стра­­те­гиялық корпорация болғандықтан, оны қаржыландыру азаймайды. Кей­бір бағ­дар­ламалардың қыс­­қа­руына байланысты кә­сіп­орын­дар қысқарды. Дегенмен, жаңа кә­сіпорындар ашылады де­ген үміт бар. Үкі­мет­аралық комис­сияға Байқоңыр ғарыш саласына қызмет жасайтын моно­қала емес, көпсалалы қала болуы керек деген ұсыныс бердік.                 

Айнұр Есенжолова, «Yvi­sion» порта­лының тілшісі: – Сіздің бірнеше мектеп директорын жұмыстан босатқаныңыз есімізде. Бұл білім саласындағы өзгеріс­терге жол ашты ма?

Жауап: – Бұл 2013 жылы болған. Оқу, тәрбие процесін уыс­тан шығарып алғандары үшін мектеп басшылары жұ­мыстан босатылды. 2012 жыл­дың қорытындысымен білім көр­сеткіштері бойынша соңғы орын­­да болсақ, соңғы 5 жылда ал­ғашқы бес­тік­тің ішіндеміз. Ал соңғы екі жылда шәкірт­теріміздің 97 проценті жоғары және арнаулы оқу орындарына түсті. Қазір 46 мектеп Назарбаев мектептерінің үлгісімен жұмыс істейді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қараша 2018 г. 641 0