ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 69 КӨППӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

  1747 пәтерге есептелген 69 тұрғын үйдің 55-і ағымдағы жылы, оның ішінде Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұрғын үй, яғни тұтас шағын мөлтек аудан пайдалануға беріледі  деп жоспарлануда. 

  Өңірде 2013-2018 жылдары 2,6 млн.м2  тұрғын үй пайдалануға берілді, ал, соңғы 2 жылда мемлекеттік қаражат және жеке мердігерлердің есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. 

"Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы өңірді дамыту және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Ең алдымен, бұл, әрине, тұрғын үй сатып алу бойынша жаңа мүмкіндіктерді қамтиды. Осыған байланысты бүгінде Қызылорда облысының аумағында 1747 пәтерлік тағы 69 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Кемінде 55-ін биыл іске қосамыз, олардың қатарында Сырдарияның сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйден құралатын тұтас шағын мөлтек ауданды  пайдалануға беру жоспарланып отыр", -деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

  Айта кетейік, 2013 жылдан бастап қолға алынған аймақтағы апатты жағдайдағы кезекте тұрған үй иелерінің мәселесі 2017 жылы оң шешімін тапты. Бүгінгі таңда  облыс бойынша апатты жағдайдағы үйлердің орнына 645 отбасы үшін жаңа жайлы баспана салынды.

  Сонымен қатар, соңғы 3 жылда жеке тұрғын үй құрылысы (ИЖС) шеңберінде 24 мыңнан астам жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, тек 2017 жылдың өзінде тұрғындарды баспанамен қамту 17%-ға жуық, ал, 2018 жылдың 9 айында тағы 4%-ға өсті.

  "Біз алдымызға әлеуметтік осал топты барынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Ол үшін "Орда" тұрғын үй құрылысының Жол картасын әзірледік. Несиелік тұрғын үй барлық көпбалалы отбасылар, мүгедектер және халықтың аз қамтылған басқа да топтары үшін қолжетімді болмайтынын ескере отырып, жыл сайын облыстық бюджеттен "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді сатып алуға қаражат бөлу туралы шешім қабылдадық. Бастапқы жарнасыз халыққа кейіннен сатып алу құқығымен ай сайынғы жалға алу төлемдерін төлеу  шартымен беріледі. Оны іске асыруға 3,5 млрд. теңге қарастырылды. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін апатты үйлер мен жатақханаларда тұрған тұрғындар пайдаланып үлгерді", - деді облыс әкімі.

 Қазіргі таңда Сырдарияның сол жағалауындағы алғашқы нысан - "Рухани жаңғыру" орталығы мен қалалық мұражай ашылды. Жыл соңына дейін 14 көппәтерлі  тұрғын үй, 320 орындық балабақша, "Болашақ" университетінің кампусы және жастарға қызмет көрсету орталығы пайдалануға беріледі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қараша 2018 г. 528 0