ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ПӘРМЕНІ

Қызылордада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті. Филиал төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор» бағытындағы және «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» комиссияларының атқарған жұмыстары талқыланды. Оған қоса партиялық бақылау комиссиясының құрамы бекітіліп, облыстық партия филиалының кезекті XXІІ есеп беру-сайлау конференциясын шақыру және оның күн тәртібін әзірлеу мәселелері қаралды.
Елбасы, Партия Төрағасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасының жүзеге асырылуын бақылап, партиялық мони­торинг жасауды тапсырғаны белгілі. Соған сәйкес «Нұр Отан» пар­тиясының бақылау-тексеру қызметі айтарлықтай күшейіп, 3 комиссия жұмыс жасайды. Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партия­сы депутаттық фракциясының же­текшісі, облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаевтың айтуынша, комиссия түрлі рейдтер мен көшпелі комиссия отырыстарын  өткізген. Сайлаушылармен, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, Елбасы Жолдаулары мен Үндеулері, «Нұр Отан» партиясының сай­лау­алды бағдарламасы мен өңір­­лік бағдарламаларды ха­лық­­қа жеткізу бағытындағы ақпараттық топпен кездесулер ұйымдастырған.
Партиялық бақылау комиссиялары да өз жұмысының шеңберінде рейдтер, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізді. Фракция мүшелері жетекшілік жасайтын сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын жүзеге асырудағы сарапшы топтар жұмысы да күшейтілген. Барлығы 91 қоғамдық қабылдау өткізіліп, түскен өтініштердің 53,6 проценті оң шешілген.
– Мәслихаттардағы фракция қыз­метінің сапасы мен нәтижелігін арттыру мақсатында Партия Төрағасы бірінші орынбасарының бұйрығымен фракция және оның мүшелерінің қызметін бағалау туралы ереже бекітілді. Онда депутаттар қызметін 9 критерий бойынша бағалау көрсетілген. Жыл басында орталық партия аппаратымен жүргізілген бағалауда фракция мүшелерінің ең жоғары көрсеткіші 98 ұпай болса, ең төменгі көрсеткіш 12 ұпайды құрады.  Нәтижеге қарасақ, фракция мүшелерінің 3-і жоғары көрсеткіш, 7-і орташа көрсеткіш, 16-сы төменгі көрсеткіш көрсеткен. Қазіргі таңда көрсеткіштерді жоғарылату үшін мәслихат депутаттары қарқынды жұмыс жасауда, – деді И.Құттықожаев.
Биыл өңірде аграрлық секторды қолдауға 10,7 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,1 процентке артық. «Аграрлық сектор» бағытындағы комиссия жетекшісі, ай­мақтық тәлімгер Бақдаулет Ма­қашовтың айтуынша, мемлекеттік қол­даудың арқасында аймақтың агро­өнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 8 айда 29,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 25,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,6 процентке артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі ұлғайып, өнімдер экспортталуда.
 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөл­месіне жұмыспен қамту саласы бойынша 1019 өтініш түсіп, олардың 402-сі оң шешілген. Сайлауалды бағдарламаның «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағытындағы комиссия жетекшісінің орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сының басшысы Талғат Дүйсебаев осы орайда атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқ­талды. Облыста жұмыссыздар және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қам­тығандар мәселесін шешу үшін жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 3 жылдығы жарияланды. Ауылдан, көпбалалы, тұр­мысы төмен отбасылардан түлеген шә­кірттерге облыс әкімінің гранты беріліп келеді. Грант саны 2 есеге көбейді. Болашақ мамандар еңбек нарығының балансына сәйкес аймаққа қажет мамандықтар бойынша білім алуда.  
Бюро отырысында партиялық бақылау комиссиясының құрамы өзгеріп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы 13 қарашада өтетін болып белгіленді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша айтылған ұсыныстар қолдау тауып, жұмысты жетілдіру бағытында тиісті тапсырмалар берілді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2018 г. 600 0