Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаевты қабылдады. Сыр елінің ардақты азаматы 75 жасқа толып отыр.
– Ел үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен халықтың оң назарында жүрген азаматтарға Сыр өңірі кенде емес. Біз сол аймағымыздың мақтанышы болған жандарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға, әсіресе, жастарға өнеге етуді дәстүрге айналдырып келеміз. Осындай нар тұлғалы азаматтарымыздың бірі – Қорғанбек Қайруллаев ағамыз. Еңбек жолын ауылындағы шаруашылықта қарапайым механизатор болып бастап, түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған ол өзінің білікті басшы және елінің нағыз ұлтжанды азаматы екенін көрсете білді. Өңіріміздің тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму тарихында да ерекше қол таңбасы бар. Бүгінгі күні де аймағымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеп келеді, – деді аймақ басшысы.
Қызылорда локомотив депосында слесарь-дизельші, тепловоз машинисінің көмекшісі болған Қорғанбек Қайруллаұлы өзінің еңбек жолында облыстық атқару комитетінің заң кеңесшісі, 1975-1987 жылдары облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1987-1990 жылдары облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 4 мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. 1990-1996 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары болды. 1996-2005 жылдары төтенше жағдайлар департаментін басқарды. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болған жылдары да абырой биігінен көрінді.
Облыс әкімі Қорғанбек Қайруллаұлына облыстың Құрмет грамотасын табыстады. Иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, шара барысында замандастары Тұрғанбай Маханов, Ибрагим Әбибуллаев мерейтой иесін құттықтады. Өз кезегінде Қорғанбек Қайруллаұлы облыс басшылығына, әріптес-замандастарына ыстық ықыластары үшін алғысын білдірді.
«СБ» ақпарат.