ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЙҒАҒЫ РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ ЕРЕКШЕ САҚТАЛУЫ ТИІС

Аймақта мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолданудағы кемшіліктер жайлы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы WhatsApp-чаты жұмыс істей бастады. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды. Онда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов аймақтық ұйымдар мен мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуы мен орналастырылуындағы кемшіліктер туралы баяндады.
Аталған басқарма техникалық реттеу және метрология, ішкі істер департаментімен бірлесіп қыркүйек-қазан айларында Қызылорда қаласы мен аудандарда мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналастырылуы мен стандартқа сай қолданылу тәртібіне байланысты рейд жүргізген. 628 мекеме мониторингтен өтіп, 47 мекемеде кемшілік анықталған. Оның 15-і дер кезінде қалпына келтірілген.
– Мемлекеттік рәміздерге байланысты кемшіліктерді жібермеу жөнінде хаттамалық тапсырма берілгенімен, кемшіліктер әлі де қайталанып келеді. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды тез арада реттеу үшін оны суретке түсіріп, салып отыратын «Ramiz.kzo» чаты жұмыс жасайтын болады. Онда мемлекеттік рәміздерді қолдануда жіберілген олқылықтар талқыланып, мекеме басшыларына шұғыл түзету ұсынылады және ол жөнінде есебі де орналастырылады,– деді Т.Маханов.
Бұл ретте аймақ басшысы мемлекеттік рәміздердің жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңызды құрал екендігін айта келе, селекторлық байланыс арқылы аудан әкімдеріне жіберілген кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдауын тапсырды.
Айта кету керек, өңірде мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы мен стандарттарға сәйкес қолданылуын тұрақты түрде тексеретін инспекциялық топ жұмыс істейді. Ай сайын рейд жүргізіліп, анықталған кемшіліктер мен оларды түзету туралы ақпараттар БАҚ-та жарияланады.
Сонымен қатар 2015 жылдан бастап облыста мемлекеттік рәміздерді сатып алудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесі енгізілді. Саны мен жауапты тұлғалар туралы ақпарат көрсетілген бірыңғай база құрылды.  Оған қоса облыста мамыр айындағы республикалық инспекциялық топтың мониторингі бойынша мемлекеттік рәміздердің бірыңғай базасын құру туралы аймақ тәжірибесін басқа өңірлерде тарату ұсынылып отыр.
Мұнан әрі облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов және Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов пен Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар жайын баян етті. Жиын соңында облыс әкімі көтерілген мәселелер бойынша баяндамашыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
–  Мемлекет басшысы атап өткендей, «Мемлекеттік рәміздер – ұлттың рухы мен санасы, оның ерлігі мен көрегенділігі, болашаққа деген сенімі, ұмтылыстары мен қилы тағдырының бейнесі». Сондықтан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу – еліміздің әрбір азаматының парызы. Біз мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен тәуелсіздік құндылықтарын, ұлттық намысты жастарымыздың бойына сіңіре отырып тәрбиелеуіміз керек. Әнұранымызды еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін білуі тиіс, – деген облыс әкімі осы мақсатта нақты шараларды қолға алу қажет екендігін жеткізді. Осыған орай, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Махановқа анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды және аудандарда көшпелі отырыстар өткізіп, комиссия жұмысын әрі қарай жалғастырып, жұмыс ауқымын кеңейтуді тапсырды. Ал, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақовқа алдағы «Жастар жылында» атқарылатын іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты облыстық ішкі саясат басқармасына жіберіп, бірлесе жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2018 г. 525 0