Қызылорда облысында мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолданудағы кемшіліктер жайлы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы What'sapp-чаты жұмыс істей бастады.
Қызылордада мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста облыс әкімі Қ.Көшербаев мемлекеттік рәміздердің жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығын айтты.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, «Мемлекеттік рәміздер-ұлттың рухы мен санасы, оның ерлігі мен көрегенділігі, болашаққа деген сенімі, ұмтылыстары мен қилы тағдырының бейнесі". Сондықтан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу – еліміздің әрбір азаматының парызы ", - деді аймақ басшысы.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов аймақтық ұйымдар мен мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуы мен орналастырылуындағы кемшіліктер туралы баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында өңірдің 628 мекемесінде мемлекеттік рәміздерді тексеру бойынша кезекті рейд өткізілді. Рейд қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды: кейбір мекемелерде мемлекеттік рәміздер тақтасы жаңа стандартқа сәйкес өзгертілмеген, ҚР туы орнатылған ғимараттардың түнгі жарықтандырылуы қамтамасыз етілмеген.
«Мемлекеттік рәміздерге байланысты түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізіліп, мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолдануда кемшіліктерді жібермеу жөнінде хаттамалық тапсырмалар берілгенімен, кемшіліктер әлі де қайталанып келеді. Алдағы уақытта мұндай кеткен кемшіліктерді тез арада жою және халықтың көзіне оғаш көрсетпеу мақсатында анықталған кемшіліктерді суретке түсіріп, салып отыратын «Ramiz.kzo» чаты жұмыс жасайтын болады. Онда мемлекеттік рәміздерді қолдануда жіберілген кемшіліктер талқыланып, мекеме басшыларына шұғыл түзету ұсынылады және кемшілікті түзеткендігі жөнінде есебі де ұсынылатын болады»,-деді Т.Маханов.
Сондай-ақ, жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов және аудан әкімдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Отырысты қорытындылай келе, аймақ басшысы анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды және атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты облыстық ішкі саясат басқармасына жіберіп отыруды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік мекемелердегі, аумақтық департаменттер мен инспекциялардағы мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы
мен стандарттарға сәйкес қолданылуын тұрақты түрде тексеретін инспекциялық топ жұмыс істейді. Ай сайын рейд жүргізіліп, анықталған кемшіліктер мен оларды түзету туралы ақпараттар БАҚ-та жарияланады.
2015 жылдан бастап облыста мемлекеттік рәміздерді сатып алудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесі енгізілді. Саны мен жауапты тұлғалар туралы ақпарат көрсетілген мемлекеттік рәміздер бойынша бірыңғай база құрылды. Облыста мамыр айындағы республикалық инспекциялық топтың мониторингісі бойынша мемлекеттік рәміздердің бірыңғай базасын құру туралы аймақ тәжірибесін басқа өңірлерде тарату ұсынылып отыр.