«Сұлу сырдың бойында ән тербеткен Шиелі»

Қызылорданың қос ғасырлық тойына барша жұрт ортақтасып жатыр. Әрбір аудан мерейтойға өз сый-тартуын ұсынуда. Шиеліліктер де айшықты мерекеге орай қала орталығындағы «Еңбек аллеясын» демеушілер есебінен қайта жаңғыртып, салтанатты ашылу рәсімін өткізді.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, дала академигі Ыбырай Жақаевтың мүсіні орналасқан нысанның қайта қалпына кел­тіру жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы мәңгілік ел боламыз десек, өмірін осындай еңбекпен өрген азаматтардың есімін мәңгі ұлықтай білуіміз керектігін айтып, мәдениеті жоғары, тарихи танымы ор­нықты, ойы сергек елдің рухы да биік болатынын жеткізді.
Осыдан кейін А.Тоқма­ғамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен «Сұлу Сырдың бойында ән тербеткен Шиелі!» атты көркемөнерпаздар кешін тамашалады. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шарада Мұхаммедәлі Бекпейіс, Ділнәз Ташмұхаммед, Нұрберген Оспанов, Күнсұлу Түрікпен секілді дәстүрлі әншілер ән шырқап, «Жас дәурен» бишілер тобы мың бұрала би биледі. «Жас толқын» балалар ансамблі де достық әуендерден топтама орындады. Әнипа Мұсабаева дирижерлік еткен хор ұжымына  зор қошемет көрсетілді. Қол­өнер­шілердің ұсынған көр­ме­сінде де келушілер ізденісі мол ісмерлердің жұмы­сы­мен танысуға мүмкіндік алды. Жүйрікті шабысынан танысақ, шын шеберді жа­са­ған жұмысынан бай­қай­сың. Мәселен, Зухра Бай­мыр­зае­ваның қыштан жасалған таң­ғажайып туындыларына таң­даныс шексіз болды. Ұлттық дәс­түрдің парқын білетін ше­бер бұдан бөлек сөмке, кәдесый дайындаумен айналысады екен. Көрмеде ағаштан жасалған бұйымдар, ұлттық на­қыш­тағы ат әбзелдері мен өзіндік сыр-сымбатымен дараланатын дүниелер де керемет әсер қалдырды. Осылайша, келген қонақтар ризашылықтарын біл­діріп, мәре-сәре күйде тарқасты.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2018 г. 535 0