«Арайлы Ақмешітке – Қаратаудан қоңыр саз»

  Жаңақорған ауданы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай облыс орталығындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне толықтай жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Кеше оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, аудан дамуына атсалысқан зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кешеннің жұмысына демеушілер тарапынан 17 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілген. 365 шаршы метр жерге керамогранит, 520 шаршы метр аумаққа брусчатка төселген. Сонымен қатар кешеннің таныстырылым сәтінде  елімізге белгілі айтыскер ақын, Жаңақорған ауданының тумасы Әбілқайыр Сыздықов арнау өлең оқыды.

Жаңақорған – қарт Қаратау мен Сыр-Ананы тел емген қасиетті мекен. Қалың елдің несібесіне біткен кен байлықтары өндірістің тынысын ашып, Сыр өңірінде өңдеу өнеркәсібі жөнінен көшбасшы ауданға айналғаны белгілі. Облыстағы өңдеу өнеркәсібінің 40 проценті осы ауданға тиесілі. Сонымен қатар аудан кәсіпкерлер үлесі жөнінен аймақта алдыңғы қатарда тұр.

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде жергілікті қолөнер шебері Ұлмекен Маутованың туындылары мен ауданның тарихынан сыр шертетін көрме көпшілік назарына ұсынылды. Шара «Арайлы Ақмешітке – Қаратаудан қоңыр саз» атты концертке ұласты. Сахна шымылдығы «Әлшекей» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Б.Айсыновтың «Егеменді Қазақстан» күйімен түрілді.  Кеш барысында бірқатар өнер иелері көрерменге  Жаңақорғанның саз сәлемін жеткізді.

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2018 г. 600 0