« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазіргі уақыт дән даласында ала жаздай еңбек еткен диқандар жұмысы еленіп, көктемгі шығын мен күзгі табыс ескерілетін кезең. Аймақ үшін биылғы күз де толайым табысымен келді. Өткен аптаның сенбі күні облыс орталығында барлық аудандар күздің сыйын қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған және Шиелі аудандарының ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесін аралады.
Молшылық мерекесіндегі думанды тойдың сәні мен салтанаты бөлек, тіпті сенбілік сауда да сұраныс пен ұсыныс бір-бірін адаспай тауып, ел қалағанынша керегін алды. Бұл күні 1500 тоннаға жуық бақша және сүт, ет өнімдері, балық әкелініп, базар бағасынан төмен бағада ұсынылды. Айталық, картоп өткен жылы 100 теңгеден болса, биыл 60-70 теңгеден, сәбіз былтыр 130-дан саудаланса, биыл – 80, күріш 150-180 теңгеден берілді. Биыл ауыл шаруашылығы саласында Шиелі, Жаңақорған аудандары жоғары көрсеткішке ие болып, егін шаруашылығын дамытуда ерекше еңбек үлгісін көрсетті. Жәрмеңкеде, Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы Елбасының 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 2,5 есеге арттыру тапсырмасына сәйкес, саланы әртараптандыруға басымдық берілгенін атап өтті. Ауданда ет, сүт өнімдері, дәнді дақыл көлемі өткен жылғыға қарағанда 10-30 процентке артқан.
Мұнан кейін Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі сала қызметкерлерін егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтап, үздік қызметкерлер мен ардагерлерді марапаттады. Думанды еңбек тойында «Құрмет» орденінің иегері, Социалистік Еңбек ері, 11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана Сәлима Жұмабековаға жаңа үйдің кілті табысталды. Дән даласында Сыр маржанын жайқалтып, берекелі еңбектің үлгісін көрсеткен, шаңырақтың алтын қазығына айналған анаға қай құрмет те жарасымды.
– «Алтын дән» - еңбек мерекесі болғандықтан, Социалистік Еңбек ері, Батыр ана, Ыбырай Жақаевтың шәкірті Сәлима Жұмабекованы марапаттау рәсімінен бастау керек деп санаймын. Сыр елін "Алаштың анасы" деп атайды, ал Сәлима Жұмабекқызын "Сыр анасы" деп атауға болады", – деді аймақ басшысы.
Ал осы уақытқа дейін көп қабатты үйде тұрып келген Сәлима апа облыс басшылығына қамқорлығы мен кең баспанасы үшін алғыс айтып, батасын берді.
Жер өмірдің бесігі болса, еңбек елдің, ердің несібі. Бұл күні еңбек еткендер еленіп, табысына кенелуі заңдылық. Жалпы, аймақта Елбасының аграрлық саланы дамытуға кең қолдау көрсетуінің арқасында серпінді даму қалыптасқан.
– Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы жылдың ауа райы, әсіресе, мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей, диқандарымыз жаңа заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен астықты ысырапсыз жинап, міне, бүгін біз дала еңбеккерлерінің жемісті еңбектерінің мерекесін шат көңілмен тойлаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алдық, 87 мың гектарға жуық күріштің әр гектарынан 54,5 центнерден өнім алынып, 473 мың тоннадан астам Сыр маржаны ел қамбасына құйылды», – деді облыс басшысы.
Мемлекет басшысының аграрлық саладағы еңбек өнімділігін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру тапсырмасына сәйкес, аймақта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Айталық, бүгінде күріш экспорты бойынша Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтары игерілуде, сондай-ақ, ендігі мақсат – өнімді Иранға экспорттау.
Облыста 2016 жылдан бастап, бақша өнімдерін экспорттау қайта жанданып, өткен жылы көкөністерді сыртқа шығару қолға алынса, осы жылы алғаш рет мақсары майын экспорттау басталды. Биыл Қытайға 200 тонна мақсары майы экспортталатын болса, жыл сайын оның көлемін 2,5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Ал, Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер мен бақша өнімдері Қытай мен Ресей сынды алыс-жақын шетелдерге жеткізіледі. Айтпақшы, облыстың буферлік аймақтан шығуы мал шаруашылығы өнімдерін шекара асыруға үлкен мүмкіндік берді.
Биыл облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 7,1 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Бұлар – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты мен Қызылорда қаласындағы 2 гектарлық автоматтандырылған жылыжай, Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, Шиелі ауданында 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мал бордақылау алаңдары.
Облыс әкімі су тапшылығын болдырмау және ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында келесі шаралар қабылданатынын атап өтті.
Біріншіден, шаруашылықта құнарлылығы жоғары малазықтық дақылдар – жүгері, сорго, судан шөбі, майлы дақылдар – соя мен мақсарыны, халық көп тұтынатын картоп, көкөніс, бақша дақылдарының және көпжылдық жемістердің егіс көлемдерін ұлғайтуға басымдық беріледі.
Екіншіден, суармалы егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту шараларын іске асыру және суармалы жерлердің көлемін ұлғайту арқылы облыста өндірілетін өнім көлемімен өнімділікті арттырады. Бұл бағытта алдағы жылдары барлығы 188 мың гектар суармалы жерлер бойынша сомасы 127,3 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылатын болады. Нақты айтқанда, суармалы жерлердің ирригациялық дренаждық және инженерлік жүйелерін қалпына келтіру, пайдаланылмай жатқан жерлерде ылғалды сақтайтын агрогельдер мен аквасорбенттерді пайдалану, жерасты суларды пайдалану, тамшылатып және топырақасты суландыру жүйелерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту.
Үшіншіден, аграрлық салада «ақылды технологияларды» өндіріске енгізу салада еңбек өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы техникаларының барлық процестерін компьютерлік бақылау, ауа райын болжау арқылы шаруашылық құрылымдар өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Биылдан бастап Шиелі ауданы «Ақмая» шаруашылығы базасында «нақты егіншілікке» арналған «Aқмая смарт ферм» жобасы іске қосылуда. Сондай-ақ, аймақ басшысы 2022 жылға қарай, облыста «ақылды технологияларды» өндіріске енгізген шаруашылықтардың санын 286-ға жеткізуді тапсырды.
Төртіншіден, ауыл шаруашылығы өнімінің өндіріс көлемін арттырумен қатар, тұтынуға дайын тамақ өнімдері өндірісіне басымдық беріледі. Осы орайда «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, кластерлік дамыту бағдарламасы аясында 2019 жылы кем дегенде 10 тамақ өнеркәсібін құру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2019 жылға қарай ет өндіру – 17%-ке, сүт өнімі – 7%-ке, жұмыртқа – 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.
Еңбек мерекесінде қырманды астыққа толтырып, дән даласын думанға бөлеген еңбек озаттары марапат биігінен көрінді. Елдің берекесі ауылда екені рас. Халық несібесін еселеген дала еңбеккерлеріне ел ықыласы да ерекше болды. Сондай-ақ, бұл жиында «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясы бойынша – Қазалы ауданы, «Мал шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясы бойынша – Қызылорда қаласы, «Егін шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясы бойынша – Жаңақорған ауданы, «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген – Үздік аудан» номинациясы бойынша Шиелі ауданы деп танылып, аудан басшылары марапатталды.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |