«Алтын дән» мерекесі аталып өтті

Қызылордалықтар «Алтын дән» мерекесін атап өтті. Мереке аясында облыстың барлық аудандары мен қала төңірегіндегі елдімекендерінің қатысуымен дәстүрлі ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Қызылорда облысының шаруалары 1500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімін – көкөніс, бақша және сүт өнімдерін, балық, сондай-ақ қой мен ешкі әкелді.
Айта кетейік, барлық өнім облыс орталығында нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. Сонымен қатар, жәрмеңке алаңдарында концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды. Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Жаңақорған және Шиелі аудандарының жәрмеңкелеріне барып, диқандарды егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жасаған қамқорлығының арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд.теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы жылдың ауа райы, әсіресе, мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, диқандарымыз жаңа заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен аянбай еткен еңбектің арқасында астықты ысырапсыз жинап, міне, бүгін біз дала еңбеккерлерінің жемісті еңбектерінің мерекесін шат көңілмен тойлаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алды, 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қазынасына құйылды», – деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында аймақтағы Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Монғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып, сондай-ақ, Иранға экспорт жасау жоспарлануда. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері - Қытай мен Ресейге, тағы басқа елдерге жеткізіледі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2018 г. 520 0