ШЕШУШІ СӘТ. ӨНІМДІЛІК ҚАНДАЙ?

Сырбойылық диқандар күзгі егін жинау науқанын қорытындылау үстінде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл 184,5 мың гектар аумаққа тұқым себілді.
Оның 95,3 мың гектары – дәндi, 10,3 мың гектары – майлы, 61,5 мың гектары – мал азығы түріндегі дақылдар. Ал 17,4 мың гектар жерді картоп, көкөніс және бақша дақылдары құрады. Негізгі дақыл – күріш – 87,3 мың гектар аумаққа егіліп, қазір гектарына 54,5 центнерден өнім айналып, 473 422 тонна астық жиналды. Жергілікті диқандар өткен жылы Сыр маржанының әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алып, өңір тарихында алғаш рет қамбаға жарты миллион тоннадан астам астық құйып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген болатын.
Дала еңбеккерлері күріштен басқа дақыл түрлерін де жауын-шашынға ұрындырмай жинап алғанына риза. Атап айтқанда, 7483 тонна күздік бидай, 2695 тонна жаздық бидай, 368 тонна арпа, 3849 тонна дәндік жүгері, 1766 тонна тары қамбаға құйылды. Сондай-ақ, орташа өнім гектарына картоп – 174,5, көкөніс – 202,2, бақша дақылдары 235,7 центнерден алынды. Майлы дақылдар – мақсары ­(8317 тонна) мен күнбағыстың (179 тонна) да шығымы биыл жаман болған жоқ.
Құнарлы мал азығын дайындау үшін ескі жоңышқа дақылы екі рет орылып, барлығы 188 963 тонна, сонымен қатар, 17 914 тонна жаңа жоңышқа, 60 тонна түйе жоңышқа, 206,9 мың тонна шөп және 7750 тонна сүрлем дайындалды. Бүгінде мал азығы үшін 485,7 мың тонна табиғи шөп және 37 мың тонна сабан әзір.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары қазіргі таңда 400 га күздік бидай (16%) егіп, алдағы жылдың егісі үшін 12 770 га (19,6%) сүдігер көтерді. Одан бөлек, келер көктемгі егіске арнап 18 600 тонна (87,4%) күріш тұқымы құйылды.

Назерке САНИЯЗОВА,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2018 г. 993 0