« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау мақсатында Тасбөгет кенті тұрғындарымен кездесті. Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов пен Әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшесі Наталья Жұмаділдаева Жолдауды іске асырудағы басты міндеттерге тоқталды. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Жолдаудың басты мақсаты елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту екендігін атап өтті.
Кездесуде Нұртай Салихұлы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімінің 2025 жылға дейін ұзартылуы кәсіпкерлерге үлкен қолдау екенін жеткізді. Бизнес арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуы ел тұрғындарының да әл-ауқатын арттырмақ. Сондай-ақ, ол ең төменгі еңбекақыны 1,5 есеге көбейту туралы Мемлекет басшысы тапсырмасының зор маңызын атап өтті.
– Ең төменгі жалақы мөлшерін 28 мыңнан 42 мың теңгеге өсіру мемлекеттік орган, бюджеттік ұйымдардағы, сонымен қатар, азаматтық сала қызметкерлері жалақысының артуына мүмкіндік береді. Бұл шара 1 миллион 300 мың адамға тікелей әсер етпек. Бұл мәселеге тиісті қаражат үш жылдық республикалық бюджетте қарастырылып жатыр, жалпы жылына 96 млрд-ға жуық теңге бөлінбек. Елбасы Жолдауда денсаулық сақтау саласын да дамытуға басымдық берді. Ендігі жылдан бастап науқасты емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 процентке көбейтуді тапсырды. Ал 2019 жылдан бастап барлық медициналық құжаттар қағазсыз, цифрлық нұсқада дайындалып, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорты жасалатын болады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары онкологиялық ауруға шалдыққан адамдар саны артып, 171 мыңнан асты. Осыған байланысты Елбасы Астана қаласында ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салуды тапсырып отыр, – деді Нұртай Сабильянов.
Мұнан кейін Наталья Жұмаділдаева Жолдаудағы білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мәселелеріне ерекше көңіл аударды. Елбасы бүгінгі күні бүлдіршіндердің 95%-нің балабақшамен қамтылғанын, ендігі міндет мектепке дейінгі білім берудің сапасын түбегейлі өзгерту керектігін тапсырған еді. Мәжіліс депутаты білім беру ұйымдарындағы күрмеулі мәселелердің нақты шешімі болатын «Жол картасы» әзірленетінін айтып, саладағы міндеттерді талдап, түсіндірді.
Жиын барысында кент тұрғындары депутаттарға «7-20-25» бағдарламасы, балабақшалардағы қызметкерлердің жалақысы және бірқатар салаға байланысты сауалдар қойды. Айта кету керек, Жолдаудағы тапсырмаларды тиімді іске асыруға қатысты ұсынысы мен сауалдарын ел тұрғындары электронды түрде Парламент депутаттарына жолдай алады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |