КҮН ПАНЕЛЬДЕРІ – КӨП МҮМКІНДІК КӨЗІ

«Көмірсутектік экономиканың дәуірі ақырын-ақырын аяқталатыны айқын. Адамзат тіршілігі мұнай мен газға ғана емес, энергияның жаңартылмалы көздеріне негізделетін заман келе жатыр». Осыдан оншақты жыл бұрын осындай келелі пікір білдірген Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында энергияның баламалы көздерін пайдалануды кеңейту туралы айтып келеді. Жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар міндеттер айқындалған. Жолдаудың алтыншы міндетінде «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика саласын дамыту жүктелді.
Жалпы еліміздің баламалы энергия көздерін дамытудағы әлеуе­ті жоғары. Қазақстан ТМД елде­рінде бірінші болып, «жасыл» эко­номикаға көшудің институционал­ды жағ­дайын жасады. 2009 жылы «Жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң, ал 2013 жылы «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, 2017 жылы экологиялық кодекс қабылданды. Қазақстан үшін энергия өндірудің аралас жүйесі тән. Ол қуатты дәстүрлі энергия көздерімен қатар мүмкіндігінше баламалы энергия көздерін дамытуды жобалайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында да табиғи ресурстардың сарқылуы қазіргі заманғы сын-тегеуріндердің бірі ретінде қарастырылған. Осыған орай еліміз баламалы қуат көздерін дамытуды қолға ала бастады. Электр энергетикасы саласындағы жаң­ғырмалы энергияның үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін жет­кізу міндеті тұр.
«Жасыл экономикаға» көшу энергетика саласындағы кешендерден шы­ғатын қалдықтарды барынша азайтып, қоршаған ортаның ластануын едәуір төмендетеді. Экологиялық ахуалдың жақсаруы адамдар ден­саулығының нығайып, өмір сүру деңгейінің артуына, экономикалық көрсеткіштердің өсуіне әкеледі.
Бұл бастамаға Қызылорда облысы да өз үлесін қосуда. Аймаққа сырттан алынатын электр энергия­сын азайту, күн сәулесі, жел күші секілді табиғаттың әлеуетін пайдалана отырып энергия алуға қол жеткізу бағытында біраз жұмыс қолға алынды.
Мамандардың зерттеуінше, об­лыс­та   жылына 300-ден аса ашық, бұлт­­сыз күн болады. Аймақ геогра­фиялық жағынан да желді белдеуде орналасқан.
Қазіргі таңда Жаңақорған ау­да­нындағы «СКЗ-U» ЖШС-ның қуат­­тылығы 12 МВт-тық электр кеше­­ні жұмыс жасауда. Кешеннің ерек­шелігі күкірт қышқылын өнді­ру барысында пайда болатын будан электр энергиясын шығарады.
Сонымен бірге зауытта  саға­тына 420 кВт электр энергиясын өндіретін күн электр станциясы са­лынған.    Күн сәулесінен алынған энер­гия вахталық қалашық пен кәсіп­орынның әкімшілік-тұрмыстық кеше­ніне беріледі. Сондай-ақ, Шиелі ауданында  «Сейітжанов» шаруа қожалығында қуаттылығы 4,5 кВт күн сәулесімен істейтін станция іске қосылып, пайдалануға берілді.
Осыдан сәл бұрын облыстық ин­вес­­тициялық кеңес отырысында болгариялық «ХидроЭнерджи Компани» компаниясының бас директоры Владимир Табутов  Жаңақорған ауданында жүзеге асы­рылатын «Қуат­тылығы 10 МВт күн-электр станциясын салу»  инвес­тициялық жобасын таныстырды. Айта кету керек, «ХидроЭнерджи Компани» әлемнің көп­теген елде­рінде күн-электр станцияларын салған тәжірибелі компания. Компания көктемгі аукционның қорытындысымен ҚР Энергетика министрлігінің тізіміне электр қуа­тын өндіруші ретінде енгізілсе, жазда қуаттылығы 10 МВт  күн-электр станциясын салу жөнінде облыс әкімдігімен келісімге қол қойды. Құны  9 млн доллар болатын жобаны 2019 жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар­масының бөлім басшысы Тұрарбек Бадаев бұдан бөлек бүгінгі күні облыс аумағында жаңартылған энергия көздерін дамыту мақсатында күн электр стансалары бойынша тағы 2 жобаны жүзеге асыру жос­парланып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Шиелі ауданы, Сұлутөбе мен Бірқазан елді мекендерінің ара­лығында қуаттылығы 50 МВт, Жала­ғаш ауданында қуаттылығы 30 МВт күн электр станциясының құры­лысы салынуы керек. Жобаларды жүзеге асыруға қажетті жер телім­дері бөлініп, қаржыландыру көздері анықталды, құрылыс-мон­таждау жұмыстарын бастау осы жылғы жел­тоқсан айына көзделіп, 2019 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жобалардың жүзеге асырылуы өз кезегінде облы­сымыздың электр энергиясына деген тәуелділіктен ары­луға оң ықпалын тигізіп биз­нестің қарқынды дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Облыстық жер қатынастары бас­қар­масының дерегінше, облыс көлемінде жаңғыр­тылмалы энергия көздері нысандары үшін жалпы көлемі 1100 гектар жер бөлінеді.  
Күн көзінен алынған энергияны ауыл шаруашылығы құрылымдары да кеңінен пайдалана бастады.
– Күн панельдерін жылжымалы вагондарға және қыстаудағы үйлерімізге орнатып, игілігін көріп отырмыз. Одан алынған ток көзін күні бойы пайдаланамыз, – дейді «Жаңақорған Асыл Түлік» ЖШС төрағасы Сәрсенбек Молдашев. Ол күн сәулесі панельдерін сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетілгенін жеткізді. Бұрын движок қосып әу­реге түсетін шаруашылықтар енді осындай құрылғылардың рахатын көріп отыр. Күн бұлттанып тұрғанның өзінде жинап алынған қуат көзі екі-үш күнге жетеді. Әсіресе уақ мал өсіріп отырған шаруа қожалықтары  жер астынан су шығаруға және тұрмыстық қажеттіліктер үшін күн панельдерін пайдалануға көше бастады. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінде өткен жылы Сыр өңірінде 56 кәсіпкер өз қожалығына баламалы энергияны енгізсе, тек биылдың өзінде 132 шаруа қожалығы 154 күн панелін сатып алған. Мұның өзі уақыт өте келе баламалы энергия көздері көбейе беретінін айғақтайды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2018 г. 957 0