ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢАҚОРҒАН

Өткен сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аудан орталығындағы алаңда өткен «Алтын күз» мерекесіне қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралады. Шаруа қожалықтар мен кәсіпорындар өндірген өнімдердің сапасына назар аударды. Осы орайда шаруашылық өкілдерімен пікірлесіп, алдағы жоспарлары туралы әңгімелесті.
Сондай-ақ, Руслан Рүстемұлы жаңа­қорғандықтар мен аудан қонақтарын мерей­лі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ауданның, әрі халық ақыны М.Көкеновтің 90 жылдық мерекесінің қабат келуі, оның «Алтын күз» салтанатымен сабақтасуы елдің рухын көтерер үлкен шаралар екенін сүбелі сөздермен жеткізді. Мұнан кейін аудан әкімі өз құттықтау сөзін арнады.
– Қаратау етегіндегі қалың елдің несі­бесіне біткен кен байлықтары өнді­рістің тынысын ашып, Сыр өңірінде өңдеу өнер­кәсібі жөнінен көшбасшы ауданға  айналуға сеп болды. Облыстағы өңдеу өнер­кәсібінің 40 проценті Жаңақорған ауданына тиесілі деп мақтанышпен айта аламыз. Өз кезегінде республикалық маңыз­ға ие өндіріс орындарының өнімді ең­бегі өңірдің даму динамикасына оң әсерін тигізуде.  
Жаңақорған ауданы нақты белсенді кәсіпкерлер үлесі жөнінен облыста көш бастап тұр. 2018 жылдың 1-қыркүйегіне дейін аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 3806-ға жеткен.
Өздеріңіз білетіндей, Қожакент ауыл­дық округінде отбасылы бордақылау алаңдары құрылды. Мұндай бастаманы барлық ауылдық округтерде жандандырып, «Бір ауыл – бір кәсіп» идеясы төңірегінде жұмыс жасайтын боламыз.
Елбасы жаңа Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл бастама үлкен серпіліс тудырады, – деді аудан әкімі Ғалым Әміреев.
Торқалы той барысында жаңақор­ған­дықтар мен қонақтарға  аудандық мәде­ниет бөлімі дайын­даған «Тоқсанның тұғыр төріндегі жасам­паз аудан» атты концерт қуаныш сыйлады.  Орталық алаңға тігілген ақшаңқан үйлер­де ұлттық тағамдар дайындалып, той қонақтарына тарту етілді.
Аптаның жұмасында тарихи Сыға­нақ қаласының орнындағы ашық аспан ас­тын­дағы көрмені тамашалаумен бірге қонақтар жергілікті өнерпаздар дайын­даған «Сырға толы Сығанақ» атты театр­ландырылған қойылымның куәсі болды.
Биылғы жылдың жаңақор­ған­дықтар үшін тағы бір ерекшелігі – кезінде ел сүйіспеншілігіне бөле­ніп, еңбек дүбірінің бел ортасында жүрген халық ақыны Манап Көкеновтің туғанына 90 жыл толу мерекесі. Өмір бойы «Қызыл отаудың» меңгерушісі болып, ха­лықтың ынтымағы мен бірлігін үндеген, жақсыны мадақтап, жал­қауды сынаған, яғни, қара өлең­нің шапағатымен көпшілікке қуат берген ардақты жанның 90 жылдық тойының қатар аталып өтуі. Ақынның туған ауылынан бастау алған шара жаңа мешіт ғима­ратының ашылуымен есте қал­ды. Осы жерде құран сүрелерін мәнерлеп оқудан жас жеткіншектер арасында сайыс өтіп, көпшілікті жаңа леппен серпілтті.  
– «Манап салған ізбенен» ат­ты этно­графикалық  көрмемен таны­сып, «Ақын әлемі» атты театрландырылған көріністі тама­шаладық. Адамға рухани күш беретін шығармалар расын­да ескірмейді, қайта алдағы істер­ге белсенділікті арттырып, құштар­ландырады. Осы орайда аудандық мәдениет бөлімі тапқырлық та­нытқан екен, – дейді шараға қатыс­қан белгілі айтыс ақыны, түркістандық Бекарыс Шойбеков.  
Түстен кейін аудан орта­лығын­дағы Манап Көкенов атын­дағы мәдениет үйі алдында ақынның қоладан жасалған мүсіні ашылды. Оған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Ғалым Әміреев, Еңбек ері Арапбек Әбиев бастаған той қонақтары қатысты.
Жұрт­шылықтың аңсары Астанадан Дәулеткерей Кәпұлы, семейлік Абаш Кәкенов, тараздық Алтынкүл Қасымбекова, жетісулық Айтақын Бұлғақов, түркістандық Бекарыс Шойбеков және Сыр бойынан Серік Ыдырысов, Кенжебай Жүсіпов және Әбілқайыр Сыздықовтардың сөз сайысына ауған еді. Бұл шараның беташарын облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен аудан әкімі Ғалым Әміреев ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Ретро айтыста ақындарымыз бейбіт өмір мен еселі  еңбекті жырға қосты. Елдің болашағы мен дамуымыздың кепілі – ынтымақ пен бірлікті сөз етті. Манап ақынның өнегелі сөзі мен қайсар мінезін арқау етті.
– Ескі көз ақындардың әлі де бабында екендігіне сүйсіндім. Осы марқасқалардың басын қосқан аудан әкімдігіне ризамын, – дейді кеш қонағы Мәдениет қайраткері Әшімхан Оспанов.
Аудандық мәдениет үйіндегі жиын­да ауданның экономикалық-әлеу­меттік дамуына үлес қосқан бір топ еңбек озаттары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Кешке қарай  Лена Әбдіқалықова, Жеңіс Ысқақова, Дүйсен Сыздықов және басқа да өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өтті. Сондай-ақ, «Жыр керуен» облыстық жыраулар сайы­сы ауданның 90 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналды.
Жексенбіде М.Нәлібаев атындағы ауылда спорттың төрт түрінен респу­бликалық турнир өткізіліп, Машбек Нәлібаев атындағы жүлде сарапқа салынды. Еліміздің бар аймағынан келген апайтөс палуандардың сайысы барынша тартысты өтіп, жаңа чемпиондар жеңіс тұғырына көтеріліп,  олар лайықты марапаттарға ие болды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2018 г. 571 0