Биыл алғаш рет ҚР Үкіметінің қаулысымен қазан айының үшінші жексенбісі орман шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі болып белгіленді. Кеше атаулы күнге орай мерекелік шара ұйымдастырылып, жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Мереке иелеріне облыс әкімінің құттықтауын жеткізген Қуанышбек Досмайылұлы ел тәуелсіздігін алғаннан кейін экологиялық жағдайды жақсарту, адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру басты міндетке айналғанын атап өтті.
Қазақстанның шөлді аймағында орналасқан біздің аймақ үшін орман шаруашылығының қызметі аса маңызды. Бүгінде облыс аумағының 30 проценті мемлекеттік орман қоры құрайды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі 8 мемлекеттік мекеме бар, бұл салада 545 қызметкер еңбек етеді.
– Соңғы 5 жылда орман алқабында 50 мың гектар жерге сексеуіл және жеміс ағаштары егілді. Ал 25 жыл ішінде Арал теңізі ұлтанының қазақстандық бөлігіне 163 мың гектар аумаққа сексеуіл отырғызылып, бұл шөлейттенуге қарсы дүниежүзілік бастаманың жүйелі жүзеге асуына септігін тигізді. Сондай-ақ, биылдан бастап Оңүстік Кореяның орман шаруашылығы қызметімен бірлесіп, Арал теңізінің құрғаған ұлтанында фитоорман мелиоративті жұмыстары жүргізілуде, – деді Қуанышбек Ысқақов.
Жиында сала мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің марапаттары, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталды.