Бейсенбі күні Қызылордадағы «Жан-Арай» ЖШС-де жаңа оқу орталығы пайдалануға берілді. Қызмет көрсету нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мұнда банкет залы, 10 нөмірлі қонақүй, 50 орынды хостел, сондай-ақ лаунж-бар, конференц және көрме залдары, оқу орталығы орналасқан. Кешеннің арт-директоры Еркебұлан Жәкетайдың айтуынша, құрылыс жұмысы 2012 жылы басталып, еуропалық стандартқа сәйкес жүргізілді.
Жаңа нысанда 50 адам жұмыспен қамтылған. Кешендегі оқу орталығында негізінен аграрлық сала мамандары білімін жетілдіреді. Ал қалаға жұмыс барысымен келушілер, турист, студент, спортшылар хостел қызметін пайдаланып, ақшасын үнемдей алады.
Нысанның ашылу рәсімінде аймақ басшысы ауқымды жұмыстың ұйымдастырушысы болып, кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып жүрген «Жан-Арай» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашовқа ризашылық білдірді. Оқу орталығы, қонақүй және мейрамхана кәсіпкердің жеке қаржысы есебінен салынған болатын.
– Ауқымды агроиндустриялық орталықта осындай кешеннің ашылуы – өңір экономикасына инвестиция салудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың тағы бір жарқын көрінісі. Мұнда мамандардың тәжірибе алмасуы үшін мүмкіндіктер қарастырылған. Осы жерде елге пайдалы бизнес-жобалар дүниеге келеді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Серіктестік директорының сөзіне қарағанда, жақында ғана мұнда ауыл әкімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өткен. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін кәсіпорында көрнекі тәжірибелік оқулар өткізуге жағдай жасалған.
Кәсіпорын негізінен мал шаруашылығына арналған жем өнімдерін шығарумен айналысады. Ал 2016 жылы кәсіпорында қаз фермасы ашылды. Қазіргі уақытта агрокешенде 250-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыт тәулігіне 150 тоннаға жуық күріш, 170 тонна ұн, 80 тонна жем өнімін өндіреді.