Елдікті нығайтқан еңбек мерекесі

Биылғы «Алтын дән» мерекесінің жалағаштықтар үшін маңызы ерекше болды. Астықты жиып, қамбаға құйып, арқаны кеңге салған осынау мерейлі шақта аудан халқы туған жердің тұғырлы перзенттері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың 115, Социалистік еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Халқымыздың саяси-мәдени өмірінде салмақты орны бар аға буынның ерлігі мен еңбегін  ұлықтауға арналған тарихи-танымдық шара өркені өскен елдің өмірлік құндылықтарын айқындай түскендей.
Мерекелік шаралар аудандағы  мәде­ниет және өнерді дамыту орталығында ұйымдастырылған 9-10 сынып оқушы­лары арасындағы «Жүргенов оқулары» облыстық байқауынан бастау алды. Әде­би шараны аудан әкімінің орынба­сары Жағыпар Тажмаханов және Т.Жүр­генов атындағы қоғамдық қордың төр­ағасы Сәби Аңсат ашып, көркемсөз бай­қауына қатысушыларға қайраткердің ел тарихындағы ерекше орны жайлы ес­теліктер айтты. Байқауда оқушылар Т.Жүргеновтің  халқымыздың мәдениеті мен өнерін өркендетуге сіңірген өлшеусіз еңбегін, оның ішінде қазақ тілінің мәр­тебесін көтерудегі көрнекті ой толға­ныс­тарын көркем тілмен көрермен көңіліне жеткізді.
Қ.Қазантаев атындағы аудандық мә­дениет үйінде драматург Рахымжан Отар­баевтың «Нарком Жүргенов» спек­таклі қойылды. Қойылымға аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға Те­мірбек Жүргеновтің еліміздің оқу-ағар­ту, мәдениет, өнер саласының өркен­деуіне, жалпы қазақ руханиятының қа­лып­та­суына қажырлы еңбегі өзек бол­ған. Мемлекеттік деңгейдегі маңызды ше­шімдердің қабылдануына ерекше ұлт­жандылықпен үлесін қосқан қайрат­кер­дің тартысты да тауқыметті тағдыры кө­рермен көңіліне алай-түлей әсер етті.
Жалағаш кентінің Дәуімбай елді ме­кенінен бой көтерген Ілияс Қабылов­тың кеуде мүсінінің ашылу салтанатын­да облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Садық Әлиев  сөз сөйлеп, тұғырына қонған туған жер перзентінің елдің саяси өміріндегі салмақты орнын айрықша атап өтті. Ал Ілияс Қабыловтың 115 жылдығына арналған «Рухани жаңғы­ру және Ілияс Қабыловтың мұрасы» та­қы­рыбындағы ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренцияны облыстық мәслихат хатшы­сы, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Бай­қадамов жүргізді.
Онда филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібозұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Б.Қожамберлиев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, фольклоршы-ғалым Т.Дайрабай, халық­аралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Қ.Достанов, тарих ғылым­да­рының кандидаты У.Ибраев және  Ха­лықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, «Ақпарат саласының үздігі» Б.Бүркітбаев баяндама жасады.
Белгілі этнограф-ғалым Тынышбек Дай­рабайдың баяндамасында айтыл­ған­дай, Ілияс Қабылов республика өмірін­дегі халық ағарту, идеология, әдебиет, мәдениет, тіл және баспасөз салаларында айтарлықтай еңбек етіп, маңызды тұ­жы­рымдарын өзі басқарған «Қазақстан Большевигі» және басқа да газеттерде жариялап отырған. Айталық, оның 1925-1930 жылдары жарияланған мақалалары «Мағжанның өлеңі», «Орта мектептерде қай тілде са­бақ жүргізу керек?», «Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сы­ны», «Мәдениет кадрлары туралы бі­рер сөз» деп аталады. Конференцияда қай­раткердің ел тарихындағы еңбегі жайлы тың ақпараттар, толғанысты пікірлер ортаға салынды.
Енді бір сәт аудан жұртшылығы Жалағаш кентіндегі «Тағзым» аллеясы­ның, мемлекет және қоғам қайраткері Те­мірбек Жүргеновтің, Ілияс Қабыловтың, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың кеуде мүсіндерінің, сондай-ақ, Қарақұм көтерілісіне, Ауған соғысына, Семей, Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушыларға арналған ескерткіштердің ашылу салтанатына куә болды. Еңселі ескерткіштер ертеңгі ұрпаққа жол сілтеп тұрғандай ерекше айбынды.
Табиғат тосын мінез танытып, күн қабағы ашылмай тұрса да, тойға жиылған халықтың көңіл-күйі ерекше. Орталық стадионда тоғыз үй қатар тігіліп, тамаша сән-салтанат көрініс тапқан.
«Алтын дән» мерекесінде облыс әкі­мінің орынбасары Серік Қожания­зов аудан жұртшылығына аймақ басшы­сы­ның құттықтауын жеткізді. Бұдан соң ауыл шаруашылығы өндірісінің озатта­рына аудан әкімінің  марапаттаулары мен  сый-сияпаттары табысталды. Мә­де­­ниет үйінің көркемөнерпаздары ұй­ым­­­дас­тырған концерттік бағдарлама ме­­ре­келік шараның мазмұнын байыта түс­­кен­дей. Сондай-ақ, қазақ күресінен түйе палуандар арасындағы алғашқы  сайыс та тартысты өтті. Өңірден 12 спорт­шы қатысқан бозкілемдегі бәсекеде қар­мақ­­шылық Еламан Ерғалиев І орынды ие­леніп, 2 млн теңгені қанжығасына байлады. Ал, аралдық Нұрым Сәлімгереев жүл­делі ІІ орынды (500 мың теңге) же­ңіп алса, Қызылорда қаласынан келген Мақ­сат Исағабылов ІІІ орынды (300 мың теңге) иеленді. Ал мерейтой иелерінің мерейін тасыт­қан республикалық ақындар айтысында тұғыры мықты, тұлғасы биік туған жер перзенттерінің даңқы дәріптеліп, абыройы аспандады. Айтыста бас жүл­дені Нұрмат Мансұров (1 млн теңге), бірінші орынды Рүстем Қайыртайұлы (500 мың теңге), екінші орынды  Айбек Қалиев (400 мың теңге), үшінші орынды  Мұхтар Ниязов (300 мың теңге) иеленді.
Осы күні аудан тұрғындары Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертті, отшашуды тамашалады.

Ғазиза ӘБІЛДА,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қазан 2018 г. 621 0