АЛПЫСТАҒЫ АҚЖАР АУЫЛЫ

Биыл Қармақшы ауданындағы Ақжар ауылының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Ауыл халықына аянбай адал қызмет еткендер, өздерінің азаматтық-отаншылдық, адамгершілік-имандылық ұстанымдарымен ұрпақтардың кұрметін иеленгендер еліміз тарихының жарқын беттерінде мәңгілік ұлықталады. 1957 жылы кеңшар болып атанған Ақжар – сол жердегі 30-40-жылдары ұйымдастырылған «Ақбел», «Жаңа бақыт», «Қазақстанның 30 жылдығы», «Оян», «Досай серіктігі», «Шілен-көл», «Бозарық», атты ұжымшарлардың біріктірілуінен құрылған шаруашылық. Ақжар кеңшарының қарауына кіретін «Қурайлы», «Аю», «Балажарма», «Сталин» каналдары қазылды. Каналдар жағалауларында өздері еккен, баптап-өсірген көкжасыл жапырақты көркем орындарда сол әкелеріміздің – ел ағаларының есімдерімен аталатын «Ешмағамбет ағашы», «Бұланбай ағашы», «Жалғас талы», «Сәден ағашы», «Ізет ағашы», «Мекебай орманы», «Ысқақ талы» атанған бақтар пайда болды.

Бұл шағын көркем ормандар халық­тың Табиғат-Анаға, туған жерге деген ұлттық дәстүрлі перзенттік махабба­ты­­мыздың көрінісіндей, ұрпақтарды өсіру, өркендету, көгерту-көркейту мұ­ра­­тын­дағы халықтың эстетикалық-көр­кем­дік дүниетанымының өршіл рух­ты оптимистік ұстанымының символын­дай болды.

Алаштың ағартушылары Оразмұ­хам­мед ахун Бекетайұлы (1836-1894), Ал­дашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916), Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928), Садық ахун Қодарұлы (1860-1937), Тапал ахун – Нұрмұхаммед Қадырұлы (1848-1921), Мырзабай ахун Азаматұлы (1833-1916) – бәрі де ке­ңестік кезеңнің саяси-идеологиялық шек­теулі талаптарына қарамастан, ки­елі тұлғалар тұғырында ұлықталды. Ке­ңестік саяси-идеология діни-ислам­дық адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесін насихаттаушыларды қуғын-сүргінге салып қудаласа да, біздің ау­ыл­дағылар абыз-молдаларымызды кұр­меттеуден айныған жоқ. Есмахан (Ешмағамбет) Қауғаұлы, Нияз Тас­бо­­латұлы, Шоқбар Ізтілеуұлы, Сы­дық Уәлиұлы, Құндақбай Құпия­ұлы, Әшіман Жұбайдаұлы, Асан мақ­сұм Алдашбайұлы, Құлдүйсен сопы Жарас­байұлы, Омар мақсұм Алдаш­байұлы, Әбумүтәлләп мақсұм Асанұлы және т.б. ондаған оқымысты молдалар Ақ­жар ауылындағы мұсылмандық дәстүр­лерінің сақталуындағы тірек-тұлғалар болды.

Ақжар кеңшарының алғашқы директоры (1957-1964жж.) Әбдуәли Бө­ле­генов, одан кейінгі кеңшар бас­шы­лары Оразбек Боқанов, Орынбасар Сариев, Жарылқасын Байса­лов есім­дері де ел тарихының де­рек­тері қата­рында айтылады. Ақжар кеңшарын бас­қарғандардың ішінде ең алғаш директор болған Әбдуәли Бөлегеновтің іскерлігі мен адамгер­шілік-имандылық, азаматтық-қайраткерлік қасиеттері ел жадынан әлі өшкен жоқ. Әр жер­дегі шашырай орналасқан шағын ұжым­шар­ларды біріктіріп, оларды Ақжар ауылы­ның орталығына жинақтап қоныс­тан­дырғаны, орталықта екіқабатты кеңшар кеңсесін салдырғаны, оның 1-қабатына халыққа қызмет көрсететін тұрмыстық қызмет ательесін орналастырғаны, аудан ауылдары арасында тұңғыш рет сәулетті мәдениет үйін тұрғызғаны, онда кітапхананың, кинозалдың, сая­си-ағарту орталығының халықтық-эсте­тикалық тәлім-тәрбие жұмыстарын жүр­гізгені – тарихи ақиқат.

Халқымыздың ата-бабалық қасиеті ұлттық дәстүрлерінің жаңа дәуір жаңалықтарымен тұтаса тоғысуы нәтижесінде ауыл орталығындағы мәдениет үйінде кітапханашы Рахия Есмаханова апайдың ұйымдастыруымен оқырмандар конференциялары өтетін. Оқырмандары мол сол ауыл кітапханасы талай түлектерді қанаттандырған, білім, ғылым бағдарына баулыған қасиетті орын. Сол кітапханадан болашаққа бағдар алған оқырманның бірі мен едім.

Ауылымыздың ғылыми-техникалық үдерісіне үндесе дамуға жаңаша талпыныстар жасаған кезеңі – ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасы мен 90-жылдарының бас кезі. Осы кезеңде Ақжар кеңшарының директоры болған Жарылқасын Байсаловтың дәуір талаптарына сәйкес ұйымдастырған, жүзеге асырған іс-шаралары халықтың материалдық және рухани  мәдениетіне оң ықпал етуімен дараланды. Іскер, білікті басшы Жарылқасын ағамыздың ұйымдастыруымен аудан тарихында біздің Ақжар орталығында тұңғыш рет тамақ өнімдерін шығаратын зауыт ашылып, жұмыс істеп тұрды. Бұрын облыс орталығы мен республика астанасы Алматы дүкендерінде ғана болатын өнімдер енді ауылдың өзінде шығарыла бастады. Жәкеңнің ыждағаттылығымен апорт алма, жүзім өсіретін арнайы бақ алқабы ұйымдастырылды.

Ауылдың материалдық және рухани тұрғыдан өркендеуіне үлес қос­қан өнегелі тұлғалар есімдері олар өмір сүрген кезеңде де, қазір де  ел арасында құрметпен айтылады.

Ақжар ауылының байырғы тұрғыны, биыл туғанына 110 жыл толып отырған Социалистік Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтің еңбек майданындағы ерлі­гі сол кезеңде бүкіл Кеңес Одағы халық­тарына мәлім болды. Егістік даласында трактордың шынжыр табаны жаншып кеткен екі аяғын тізеден кестірсе де, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек еткен Қасымтай әкеміздің ерлігі – ауылымыздың мәңгілік абыройы, мәр­тебесі. Қазіргі кезде ауыл ортасын­да орнатылған Қасымтай әкеміздің мүсініне жанындағы тұғырда тұрған тракторына ауылдастары да, жан-жақтан ағылған барлық адамдар да тағзым етеді.

Ақжар ауылындағы №28 орта мектеп – сөз арқауындағы осы өңірдегі халқымыздың балаларының ақыл-ой санасын жетілдірген, орта білім негіздерін жан-жақты таныстырған іргелі білім ордасы. Мектептің құрылуы, қалыптасуы, дамуы тарихындағы білім­ді, білікті, ұлағатты ұстаздарымыз –біздің мәңгілік мақтаныштарымыз. Мо­мынбай Тоқтамысов, Таян Жүсіпов, Би­бігүл Жұбанбаева, Тұрмахан Тұң­ғыш­баев, Алтынбай Арғынбаев, Әли­ма Азаматова, Мәдина Сүйінбаева, Әбді­раш Қыпшақбаев, Жаңаберген Сә­де­нов, Әнапия Құлпайыстанов, Әли­хан Әбдіров, Смайыл Жалғасбаев, На­ғашыбай Махамбетов, Шәһизада Шоқ­баров, Қоңырбай Мүсіркегенов, Ай­дарбек Әбдіраманов, Іскендір Ба­ғатов, Сағат Баянов, Садық Айтұр­сы­нов, Сәден Нұртаев және оның жары Ақбалыш апай, Жұпар Аяпова, Зина­ли Қанбаев, Сараш Ақшолақова, Тұр­сы­най Әбжаппарова, Шамбай Елші­беков, Бақытбек Сейсенов, Үсен Баймаханов, Роза Тұңғышбаева  және т.б.  ұстаздар есімдерін олардан білім алған шәкірт­тердің бәрі де құрметпен атайды.

Қазақ ауылы – көпға­сыр­лық тарихы бар Ұлы Дала Елі өркениетінің ұлттық дү­­ниета­нымының негізгі ті­ні, алтын ар­қауы. Ақжар ауыл­­ында басшылық қыз­мет жа­сағандардың есімдері де ұр­пақ­тар­дың жадында сақ­­тал­ған. Кеңшар директорлары: Бө­­ле­генов Әбдуали (1957-1962), Түршіков Нұрғали (1962-1963), Оспанов Байзақ (1963-1964), Тайманов Әбу (1964-1965), Боханов Оразбек (1965-1977), Сариев Орынбасар (1977-1986), Бай­салов Жарылқасын (1986-1991), Дәу­менов Қоңырбай (1998-2007), Тұр­мағанбетов Алтынбек (1998-2005), Батниязов Құдайберген (2007), Оспанов Орақ (2013), Асқаров Сапарбек  (2013-2018), Жалғасбаев Жомарт (2018); партия ұйымының хатшылары: Иманғалиев Әбжан (1957-1960), Сайдуллаев Әб­жап­пар (1960-1962), Қосанов Спанди­яр (1962-1965), Анафин Маханбет (1965-1968), Таңқаев Өмірбек (1968-1971), Тұрбаев Алмабай (1971-1976), Бөрібаев Әбдірей (1976-1980), Алтынбаев Болысбай (1980-1982), Бисембаев Шыназбек (1982-1991); кәсіподақ ұйы­мының төрағалары (1957-1998 жыл­дары): Қыпшақбаев Мұхамедир, Сәденов Жаңаберген, Ақжігітов Смайыл, Жалғасбаев Шайқыслам, Есмаханов Нұрлыбек, Ахметов Қоянбек, Ахмаханов Хамит, Кенжалиев Өмірбек, Жүсіпов Аманкелді; ауылдық кеңес төр­ағалары: Оразбаева Әлия (1957-1964), Итқараев Өміртай (1964-1968), Жұлқышев Жарылқасын (1968-1971), Ұзынжасов Қаппар (1971-1973), Бүр­кітбаева Әлия, Ахметов Қоянбек, Жү­нісов Зейнет, Дәлиева Тиышкүл, Досбатыров Тынымбай (1986), Жөнейтова Рая (1986-1987), Тұрмағанбетов Газетбек (1987), Жұбандықов Хамидол­ла (1991); ауылдық округі әкімдері: Кенжалиев Өмірбек (1991-2003), Асқаров Сапарбек (2003-2013), Мүсіркегенов Құрманғали (2013-2017), Бисембаев Ерлан (2017 жыл).

Құрылғанына 60 жыл толып отыр­ған қазіргі Ақжар ауылындағы еңселі мешіттің, мәдениет үйінің, 90 жылдан асқан тарихы бар №28 орта мектептің адамгершілік-имандылық ұлағатын ұр­пақтарға ұғындырып, Тәуелсіз қазақ елінің жаңа тарихындағы тұрмысын өр­кендетудегі мұратты бағдарлы игі жұмыстарына қуанамыз. Лайым, алтын бесік  қазақ ауылы жаңа буын ұр­пақтарымызды Мәңгілік Ел тари­хының жарқын болашағына ұластыра бергей!

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор,

ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қазан 2018 г. 1 109 0