Қолөнерім – кәсібім

Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны 27 жасар кәсіпкер Сыдық Мая тігін тігіп, тоқыма тоқу алғашында жай ғана қызығушылық деп ойлаған. 19 жасында тұрмысқа шығып, бүгінде 3 баланың анасы атанған ол осыдан төрт жыл бұрын балаларына, тұрмысқа қажетті заттарды өзі тігіп, тоқуды үйренеді. Жасаған жұмысы өзінің ғана емес, ауыл тұрғындарының да көңілінен шығып, тапсырыстар түсе бастайды. Осылайша жас келіншектің қызығушылығы кәсіпке айналып, нәсібін табуға себеп болады.
– Ауыл тұрғындары тарапынан түскен тапсырыстың артуы қажетті құрал-жабдық алып, шығаратын өнім түрлерін де көбейтуге себеп болды. Құрал-жабдықтар әзірлеп, сатқан өнімдерден түскен қаржыға алынды. Тапсырыс көлемінің артуынан қасыма көмекші алдым. Бір жылдай болды бірге жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазір қыз жасауын, жаңа қонысқа қажетті төсек-жабдықтар дайындап жатырмыз, – деді қолөнерші.  
Мая кәсібінің «облыс көлемінде танылуына кәсіпкерлер палатасы көп көмектесті» дейді. Аудандық, облыстық көлемде өткізілетін көрмелерге қатысу арқылы өніміне деген сұраныс та еселене түскен. Осындай жас кәсіпкерлердің жобаларына арналған көрмелердің бірі осы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті. Байқаудың өткізілетіні туралы Палата мамандарынан естіген Мая жолдың алыстығына қарамастан, Астанаға келіп, ұлттық нақыштағы өнімдерін Елорда төрінде көрсетті.
– Астанадағы жас кәсіпкерлердің жобаларына арналған көрмеде жүлдеге ие болғаным жоқ, бірақ тәжірибе жинақтадым. Өзім секілді өзге де жас кәсіпкерлердің өнімдерімен таныстым. Алдағы уақытта мұндай байқауларға қандай дайындықтың болуы қажет екендігін көрдім, ойыма түйдім, – дейді жас кәсіпкер.
Мая жақында «Еңбек» бағдарламасы аясында 240 мың теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Аталмыш қаржыға тігін машинасын алып, кәсібінің көлемін одан әрі арттыра түспек. Жас кәсіпкердің кәсібі табысты болсын деп тілек білдіреміз.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қазан 2018 г. 879 0