ОРМАН – ЖЕР СӘУЛЕТІ, ЕЛ ДӘУЛЕТІ

 Табиғат ежелден адамзат баласы өмірінің ажырамас бөлігі болып келеді. Бұл жерде әңгіме табиғаттың негізін құрайтын орман жайлы болып отыр. Ата-бабамыз «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Орманның адам өмірі үшін дем алатын ауасын оттегімен байытуда, күннің аптап  ыстығынан, жел, шаң-тозаңнан қорғауда, қоршаған ортаға көрік беріп, эстетикалық жағынан  орасан зор пайдасы бар. Сонымен қатар, орманның адам өміріне қажетті топырақты құнарландыруда, оның тұздылығын төмендетуде, құрылыс материалы, отын ретінде,  фармацевтикалық дәрілер, жеміс-жидегін алуда, құстар мен аңдардың мекені ретінде, қысқасы, тіршіліктің өзегі саналатын қасиетке ие.  
Облысымыздың орман шаруашылығын дамытуда осы саладағы барлық орман қызметкерлері өздеріне бекітілген жауапты да абыройлы міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді. Жыл басындағы статистикалық есепте облыс бойынша мемлекеттік орман қоры 6509783 гектарды құрайды.
Облыс орманшылары осыншама аумақтағы орманды өрттен, оны пайдаланудағы тәртіп бұзушылықтан қорғай отырып, оның көлемін ұлғайтумен, мемлекеттік орман қоры жерінде ағаш егумен, қала, аудандарда жасыл желек жасаумен, тұқым бақтар өсірумен белсенді түрде айналысуда. Биылғы жылы мемлекеттік орман қорының 10334 гектарына ағаш егу, 2575 гектар жеріне орманның табиғи түлеуіне ықпал ету жұмыстары жоспарланып, осы бағытта шаралар іске асырылуда. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында 3497 гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. 6837 гектар жерге күз айларында сексеуіл тұқымын себу жоспарланып, қазіргі уақытта оны орындау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қаланы, аудандарды көшет ағаштарымен толық қамта­масыз етіп отыр.
Арал проблемасын шешуде облыс орманшылары ыждағаттылықпен еңбек етуде. Бүгінгі таңда Аралдың құрғаған табанына жергілікті бюджет есебінен, табиғат қорғау шаралары, Арал қоры арқылы, германиялық ГТЗ бағдарламасы бойынша Дүниежүзілік даму банкі арқылы барлығы 161525 гектар жерге сексеуілдің орман екпесі жасалынған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі ойдағыдай болуда.
Облыстың орман шаруашылығын дамы­туға еңбек сіңірген И.Ахметов, Р.Өтембетов, Н.Әбдіхалықов, М.Омарханов, Г.Пак, А.Кузне­цов, Ж.Есімов, В.Шкуренко, Ж.Сыздықов, С.Ахметов, С.Төлеғұлов, К.Кәрібаев, К.Әймі­шев, М.Жеткербаев, Т.Біләлов, М.Қазыбеков, Ә.Раисов, Н.Маханбетов,  Т.Ерімбетов, С.Зака­ряев, П.Мершиев, В.Георгидзе, Ы.Сапа­ров, А.Шуанов, Ж.Орынбасаров сынды білікті ма­мандарды еске алып, аруақтарына тағзым еткеніміз де артық болмас.
Зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбек демалысына шыққан М.Исмаилов, П.Архабаев, Б.Сүлейменов, И.Әбибуллаев, М.Төлеғұлов, Қ.Әлімбетова, В.Капакова, С.Ешмаханов, М.Ибраев және басқа да ардагерлерімізді мақтан етеміз. Олар әлі де болса тұғырдан түспей, өздерінің өмірлік бай тәжірибелерін кейінгі жас буынға үйретуде жалықпай ең­бек етіп келеді. Мысалы, Мұхитдин Исмаилов ағамыз Арал проблемасы десе, ішкен асын жерге қойып, ақыл-кеңесін айтуға әркез дайын. Олай болатын себебі, ол кісінің басшылығымен алғаш рет облыста Арал теңізінің құрғаған ұлтанына ағаш егу жұмыстары басталған болатын. Ал Перден Архабаев ағамыз өзінің мамандығы инженер-механик бола тұра, өмірлік тынымсыз еңбегінің арқасында нағыз орманшыға айналды. Шиелі орман шаруашылығын дамытуда көп еңбек сіңіріп, қаладағы Тұңғыш Президент бағының негізін қалады. Осындай ардагерлердің тәлімді, тәрбиелі жұмыстары өскелең ұрпаққа өнеге.
Енді орман шаруашылығын дамытуды жақсартуға байланысты бірқатар ойларыммен бөліскім келеді.
Қаланы аралап көргенімде, кейбір аймақ­тарда, бұрын да айтылып жүргендей, бірқатар жерлерде лоток салынған арықтарға егілген ағаштар ылғал алатын тесік болмағандықтан қурап қалған. Күтім жасалмағандықтан «Арай» ауданына қарасты жаңа үйлердің жанына егілген қымбат бағалы туя көшеттері де түгелдей қураған. Мұның өзі бұл ағаштардың науқаншылық көзқараспен егілгені көрініп тұр.Осындай жағдайды көрген адамның  көңілі мен жаны құлазып қалады екен. Қайран жұмсалған қаржыны, еңбекті айтсаңызшы! Сондықтан, егілген ағаштарға жанашырлықпен қарап, оған деген оң көзқарасты қалыптастырған жөн деп есептеймін.
Туған Қызылорда қаламыз елордамыз Астанаға қарап бой түзеп келеді. Әрине, оның болашағы бәрімізді де бей-жай қалдырмайды. Сол жағалауға салынып жатқан құрылыстар күн өткен сайын қарқын алуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астананың айналасына жасыл аймақ жасау жұмысын өзінің тікелей басты назарына алып, соның арқасында нәтижелі істер атқарылуда. Менің ойымша, өз қаламызда да осындай жұмыстардың деңгейін көтеруге мүмкіндігіміз бар. Ол үшін Қызылорда орман шаруашылығы мекемесінің материалдық-техни­калық базасын барынша жақсарту керек. Оны қуатты техникалармен, штаттық кестесін ұлғайтып, керекті мамандармен молырақ қамтамасыз ету қажет деп есептеймін. Мұның өзі қаламыздың айналасында жасыл  аймақ жасаудың басты шарты болып табылар еді.
Қызылорда қаласының маңында орман шаруашылығының ардагері, өз ісінің маманы Б.Сүлейменов «Бағбан» шаруа қожалығын ұйымдастырып, көп жылдан бері ағаш көшеттерін өсіретін тұқымбақта жұмыс істеп келеді. Ол кісінің тұқымбағында декоративті және жеміс ағаштарының көшеттері өсіріледі. Ыждағатты жұмысының нәтижесінде біздің аймаққа тән емес ағаштарды да жерсіндіріп (шырша тұқымдас ағаштардың түрлері, акация, қайың және т.б.) көшеттерін шығаруда. Осындай еңбек адамына жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілсе, құба-құп болар еді. Мұнан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Нәтижесінде сапалы, әсіресе, жасыл қылқан жапырақты көшеттердің дайындалуына қол жеткізіліп, жоғарыда айтылған жасыл аймақ жасаудың тағы бір негізгі шарттары жасалған болар еді.
Ендігі мәселе кадр мен осы саладағы қызметкерлердің еңбек ақысына байланыс­ты. Орман шаруашылығы бойынша білімі бар мамандар жетіспейді. Сол себепті, осы мамандықты оқыту, оған гранттар бөлу ісіне назар аударылса. Басқа салаларға қарағанда, орман қызметкерлерінің еңбекақысы төмен. Осы жағдай да ескерілсе деген ойымыз бар.
Қазіргі уақытта облыстық орман, аң және балық шаруашылығы саласы ардагерлерінің бастауыш ұйым құрамында 29 ардагер бар. Бас­тауыш ұйым өз жұмысын бекітілген жос­парға сәйкес барлық құрылымдармен, қоғам­дық ұйымдармен тығыз байланыста жүргізіп келеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы ардагерлер ұйымына тұрақты түрде қамқорлық жасап, барлық іс-шараларға қатысуға, рухани-мәдени жұмыстарға атсалысып отыр. Осындай кәсіби мереке қарсаңында ойдағы дүниелерді електен өткізіп, оқырманға жеткізуді парыз санадық және барша әріптестерді айтулы күнмен құттықтағымыз келеді.

С.ЕШМАХАНОВ,
орман шаруашылығының
ардагері.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қазан 2018 г. 1 725 0