ҚР Президент Әкімшілігінің сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин Сыр еліндегі сапарында дін саласындағы облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен кездесті. Ғалым Нұрмағанбетұлы жиында АТТ мүшелерінің жұмысын одан әрі жетілдіру бағытындағы өзінің ойларымен бөлісті.
«Біздің мемлекетіміздің көздеген мақсаттарының бірі – кең құқық шеңбері мен бостандықтың үйлесімдігі. Соған сәйкес денсаулық сақтау, медициналық көмекке жүгіну, білім алу сияқты жалпыадамзаттық құқықтар мен бостандықтар наным-сенім мен ар-ождан бостандығымен шиеленіске келуге тиісті емес» деді Ғ.Шойкин.
Кездесу барысында АТТ мүшелері тарапынан біршама сауалдар да қойылды. Жаңа оқу жылы басында кей аймақтардың мектептерінде орын алған «хиджап» мәселесіне байланысты: «Қазақстанда мемлекеттік білім беру және тәрбие жүйесі де қатаң зайырлы сипатқа ие екенін және оның діни білім беру жүйесінен ажыратылғандығын баса айта кеткен жөн. Бұл жағдайда зайырлылық мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың бойында белгілі бір нақты дінге көзқарасын қалыптастыруға тыйым салынатынын білдіреді. Діни көзқарас қалыптастыру құқығы заң талабына сәйкес, діни оқу орындарын аша алатын республикалық немесе аймақтық мәртебеге ие діни бірлестіктерге ғана берілген» деп жауап берді сектор меңгерушісі.