Бүгін Қызылорда қаласы Мәслихатының мәжіліс залында Қызылорда әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Ұстаздар қауымын құттықтап, оларға Қызылорданың 200 жылдығына арналған "Мерейтойлық медальді" табыстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі мамандары, ардагер ұстаздар және белсенді білікті мұғалімдердің барлығына құрмет көрсетілді. Қаламыздағы ұстаздарға құрмет көрсету, оларды марапаттау тек бүгіннен басталған жоқ. 4 қазанда А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде Ұстаздар күні мерекесінде арнайы жиын өтіп ол жерде де ардагер ұстаздарға, сала мамандарына "Мерейтойлық медаль" беріліп, талантты дарынды оқушылардың, жастардың қатысуымен мерекелік концерт өткен болатын. Одан бөлек сол жерде қаламыздағы ең беделді 10 ұстазға Бурабайда демалып келуге арнайы жолдама берілді.
Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы өзінің құттықтау сөзінде білім саласындағы жетістіктердің жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті. Мәселен, биылдың өзінде қаланың білім саласын қамтамасыз етуге 21 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Жыл сайын қала бюджетінің 45-50 пайызын білім саласына бағытталып келеді. Нәтижесінде қаладағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға орындалды. Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер 100 пайызға қамтылды. Жасалған қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде Қызылорда қаласы түлектерінің жетістіктерін де ауыз толтырып айтуға болады. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл - 91. Ең жоғарғы балл-135. Қала түлектерінің 561-і 100-ден жоғары балл жинады. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 98 оқушы "Алтын белгі", 100-ден аса "Үздік аттестат" иегері атанды. 2018-жылы мектеп бітірген 2141 бітірушінің 980-і мемлекеттік грантты иеленді. Биылғы оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша Қызылорда қаласы аймақта 1-орынға шықты. "
Ұстаздарға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау - біздің парызымыз. Қызылорданың биылғы 200 жылдығында ең көп медаль алып жатқан осы білім саласының мамандары. Себебі Сіздер барлық марапатқа лайықсыздар", - деді қала әкімі жиын соңында.