Сыр өңіріндегі Қазалы ауданында республикалық көгершіндер жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға еліміздің әр түкпірінен - Алматы, Тараз, Түркістан, Ақтөбе, Шалқар қалалары мен көршілес Байқоңыр, Арал, Сексеуіл, Қармақшыдан келген жүздеген әуесқой құс өсірушілер өздерінің кептерлерін алып келді. «Көгершін - кептердің қолға үйретілген түрі, - деп бастады әңгімесін атын жасырып қалуды жөн санаған жәрмеңкеге қатысушы. - Оны әкем ерекше жақсы көретін. Менің бұл құстарға қызығушылығыма сол себепші болған секілді. Көгершін - өте сезімтал, еске сақтау қабілеті жоғары құс. Бұлар басқа құстардан тұмсығының көлемімен, кекілінің ауқымдылығымен және табанының қауырсындалғандығымен ерекшеленеді. Жылтырбасты, мұрнында кекілі бар, тұлымды және қос кекілді, ұзын, орташа және қысқа тұмсықты деген түрлері кездеседі.
Қауырсындарының түсі де әртүрлі болып келеді. Әрбіреуіне еркелете баламалы атау қойғанмын», - деп әрбір құсын таныстырған ол. Кептер асыраушылардың айтуынша, мұндай шаралар негізінен халық тығыз орналасқан үлкен қалаларда ұйымдастырылады екен.
«Бұл - Қазалы топырағында ұйымдастырылып отырған алғашқы көгершіндер жәрмеңкесі. Негізгі мақсатымыз - еліміздегі кептер асыраушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, танысып, білісу. Сол арқылы бейбітшіліктің символы саналатын бұл құсқа деген жастардың қызығушылығын ояту. Себебі, құс өсірген жандардың бос уақыты болмайтынын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан да құс өсіруді қолға алған жастар жаман әдеттерден аулақ болады деп ойлаймыз. Бір жағынан, бүгінгі күні кептер асыраудың өзі бизнестің бір көзі болып тұр. Олай деуге себеп те жоқ емес. Мысалы, осы жәрмеңкеде сатылған ең қымбат кептердің бағасы 180 мың теңгені құрады», - дейді кептерлер жәрмеңкесінің Қазалыда өтуіне мұрындық болған Ерлан Ерекенов.