«БОЛАШАҚ – ТЫҢ ДҮНИЕЛЕРДІ МЕҢГЕРГЕНДЕР ҚОЛЫНДА»

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХІ ғасырдағы қазақ баласының санасын жаңғыртумен қатар білім деңгейін жетілдіру қажеттігін алға тартты. Білімін жетілдіру дегенде заман сұранысына сай мамандықтарды оқытуды баса айтты. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында да бұған аса маңыз берілді.
Осы тапсырмалардан кейін «Нұр Отан» партиясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа жобаны қолға алды. Әр аймақтың мектептерінде жаппай IT сыныптары ашыла бастады. Сыр өңірінде де бұл бағыттағы жұ­мыс қарқынды жүргізілуде. Оқу ошақтары сандық технологияға ерек­ше ден қойған. Электронды кітап, интерактивті карта мен тақта, автоматтандырылған күн­делік жүйесі секілді ресурстар білім сапасын арттыру тұрғысында пайдаланылып келеді. Тіпті, қала­дағы №3-ші мектеп-лицей өңірдегі алғашқы инновациялық білім ұясына айналмақ. IT ілімді, робототехниканы дамытуды басты нысанаға алған мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасы ақпараттық технология бағытында жабдықталуда. Мұнда оқушының көп­салалы ғылымның тереңіне бойлап, оны зерттеп-зерделеуіне толық мүмкіндігі бар екен.
– Цифрландыруға қатысты маңыз­ды міндеттерді іске асыруда об­лыс басшылығы белсенділік та­нытып отыр. Биыл облыс делегациясы Татарстан Республикасына жасаған сапарында Иннополис біртұтас экономикалық аймағымен бірлескен жоспарларды жүзеге асыруға арналған меморандумға қол қойды. Білім саласындағы ынты­мақтастық Қазан Федералдық университеті жанындағы ІТ лицей, Иннополис  және біздің білім ошағы арасында орнады. 10 қыр­күйектен бастап оқу ордамыз ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі болып белгіленді. Болашақ тың дүниелерді меңгергендердің қолында. Біз осыны ескере отырып, жас Цукерберг пен Стив Джобстарды ерте кезден уақыт пен шығынды үнемдейтін тех­нологияға бағыттауды қолға алып отырмыз. Бүгінгі таңда STEM жүйесі бойынша ІТ және робото­техника сыныбы қолданысқа бе­рілді. Облыс мектептері арасында өткізілген «Үздік білім беру ұйымы» байқауынан жеңіп алған 17 миллион теңге көлеміндегі грант қаражатын ақпараттық тех­нологияны оқытуға арналған құралдарға жұмсадық. Ноутбук, 3D принтер, Smart kaap элек­тронды флипчарты алынды. Сонымен қатар облыстық білім бас­қармасымен бірлесе отырып, «ІТ жол картасы» дайындалып, 3D кабинеттер, цифрлық зертханалар, компьютерлер және тағы да басқа жабдықтар алу арнайы жоспарға енді, – деді мектеп-лицей директоры Меруерт Әбдіхалықова.
Меруерт Наушақызы оқушы­лар жаңадан ашылған сыныптар­да ізденуге құштар екенін, олар тек жаңа технологиялармен танысып қоймай, роботты бағ­дарламалау, инновациялық тех­­но­логияларды одан әрі игеруге икемделіп жатқанын айта­ды. Бірнеше рет аймақтық, рес­пуб­ликалық олимпиадаларға қаты­сып, техникалық көрмелерде топ жарған өрендер көп.
– Бүгінгі болжам – ертеңгі ақиқат. Мәселен, Microsoft ком­паниясының негізін қалаушы Билл Гейтс осыдан 15 жыл бұ­рын «Ғаламтордан сырт қалған адамның болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін» деп топшылаған. Қазір ол шындыққа жанасып келеді. Сондықтан біз тех­нологиялық жаңалықтарды жатыр­қамауымыз керек. Балаларға ІТ бағ­дарламаларды, робототехниканы меңгеріп кетуіне жағдай жа­сау да күн тәртібінен түспек емес. Қазір оқушыларға «Python Programming», «3D модельдеу және анимациялау», «Web программалау және сайт құру негіздері», «Си++ программалау тілі» бойынша арнайы курс­тар жұмыс жүргізеді. Нәтиже бар. Оқушылар түрлі сайыстардан жүлделі оралып жүр. Атап айтар болсақ, «RoboFest-2018» облыстық фестивалінің кегельринг-квадро категориясы бойынша Құрманғазы Әбдуәли мен Нұрбол Сансызбай секілді мек­теп оқушылары ІІІ орынды иеленді. Жуырда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ата-ана, мен және робот» отбасылық-танымдық чемпионатта Қуаныш Нұрлан ІІ орынды қанжығасына байлады. Республикалық пәндік олимпиадада Хамза Қабылбек те үздіктер қатарынан табылып, ІІ орынға табан тіреді. Халықаралық жобалардан да оқушылар құра­лақан қайтқан емес. Бұдан бө­лек, бүгінгі күн талабынан туындайтын жаңартылған білім мазмұнындағы курстардан 6 информатика пәні мұғалімі кәсіби біліктілігін көтерсе, 2015-2020 жылдарға арналған үш тілде білім беруді дамытудың Жол картасы аясында информатика пәні бойынша ағылшын курсынан 2 мұғалім 3 айлық курсты  тәмамдады, – деді  Меруерт Наушақызы.
Оқу орнындағы жаңа аудиториялармен танысу барысында өркениет талабына сай болуы үшін бар жағдай жасалғанына көз жеткіздік. Ол болашақтың балаларын жан-жақты дамытары сөзсіз. Бір жағынан, бұл – білім саласына инновациялық технологияларды енгізуге күш салып отырған білім беру мекемесінің  жетістігі деп айтуға болады.
Мөлдір Қалымбет,
Суретті түсірген  Н.НҰРЖАУБАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қазан 2018 г. 699 0