« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қасиетті қос тұғыр
Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлт руханиятының қабырғалы қайраткерлері Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғараев тың тұжырымдама жасады. Ел ертеңіне алаңдаған азаматтар «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша өлкетану кітаптарын шығаруға ұсыныс білдіріп, ауқымды жобаны қолға алады. Мақсат белгілі, Батыстың баласына шығыстың тарихын ұғындыру. Шығыс тұрғынына Батыстың бай мұрасын таныстыру. Бұл – ұрпақ ұлт тарихын ұмытпау үшін жасалған игі іс. Бүгінге дейін осы серия бойынша облыс аумағындағы 4 аудан туралы кітап жарық көрген.
Ал Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың тарихшы, әдебиетші бір топ ғалымдары Қармақшы ауданы туралы кітап жазуды өткен жылы бастаған. Айта кетерлігі, осы серия бойынша кітаптар 4 негізгі бөлімнен құралады. Кітап мазмұны ежелгі, орта ғасырдағы, кеңес заманындағы және тәуелсіздік жылдарындағы тарихты қамтиды. Ал, «Қармақшы» кітабының бөлім саны – бесеу. «Өйткені, аудан аумағындағы Қорқыт бабамыздың кешені және Байқоңыр ғарыш айлағы тек облыстың ғана емес, бүкіл қазақ елінің ұлттық бренді. Сондықтан «Қасиетті қос тұғыр» деген атаумен осы бөлімді кітапқа қостық» дейді кітап авторы Бағдат Кәрібозұлы.
Ежелгі мәдениет дәлелі –
Шірік-Рабат
Біздің елдегі ең алғашқы мәдениеттің бірі Сыр бойында қалыптасқан. Оның айқын дәлелі ежелгі астана, сақтардың ордасы – Қармақшы топырағындағы Шірік-Рабат шаһары. «Соңғы зерттеулер нәтижесі осы сөзіміздің айғағы» дейді тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.
– Шірік-Рабат қаласы б.з.б. ІV-ІІ ғасырлармен б.з. Х-ХІІІ ғасырларға дейін өмір сүрген сақтардың астанасы болған. Бұл қала бүкіл Еуразия құрлығындағы алғашқы қалалардың бірі саналады. Ортағасырдың алғашқы кезеңдеріндегі қалалық мәдениет деп Отырар оазисін айтып келгенбіз. Соңғы қазба жұмыстары одан 500 жыл бұрын Сырдың бойында Шірік-Рабат мәдениеті қалыптасқандығын дәлелдеді. Қазір бүкіл Еуразия археологтары ғылыми тұжырымдамаларымызды қолдап, еңбектерінде сілтеме жасайтын болды. Шірік-Рабаттың үлкен үш орталығы бар: Бәбіш-мола, халық оны Қосқала деп кеткен, онан кейін Шірік-Рабат, Баланды. Ерекше айта кетер жайт, осы үш қаланың маңайында жерлеу құрылыстары ғибадатхана, тіпті мавзолей ретінде салынған. Сондай-ақ, үш кешеннің арасын жалғап жатқан 200-ге жуық ауыл бар. Бұл ауылдардың барлығы егіншілікпен айналысқан және маңайды әскери гарнизондар қоршап тұрған. Бүгінде Байқоңырдың төменгі жағындағы Алыптың қорғанын барша жұрт біледі. Бұл – Шірік-Рабат халқын Батыс Қазақстан Үстірт аймағындағы сарматтардан қорғайтын бірінші гарнизон. Шірік-Рабаттың оңтүстік-батыс жағындағы Әмударияның бойында жаудан қорғану үшін екінші гарнизон тұрғызылған. Демек, бұл жерде тұтастай бір мемлекеттің тарихы жатыр, – деді ол.
Жыраулық өнер
ұлт тарихының жәдігері
Конференцияда жырау Алмас Алматов мыңжылдықтардан қалған мұра мен бұл өнердің философиялық өлшемін Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің мұрагер ұрпақтары жалғап отырғанын атап өтті.
– Сыр бойындағы жыраулық өнер орындаушылық деңгейден рухани ағартушылық факторға айналды. Мұның дәлелі Сыр елінде ұлттық өнерді асқақтатып, дәріптейтін оқу орнын ашуға болады. Жуырда Моңғолияның Ұлан Батыр қаласында өткен «Дүниежүзінің эпосы және «Жаңғыр» атты конференцияға қатыстым. «Жаңғыр» – моңғолдардың ХІІІ ғасырда жазылған жыры. Бар көлемі 14 мың жол және жырды бұдан артық ұзартып, дамытуға болмайды дейді ғалымдары. Ал біз «қазақ даласында 550-ден астам жыр-дастан бар. Ол миллиондаған жол жыр мұрасы және күні бүгінге дейін ақын-жыраулар бабаларын дастан күйінде жырлап, ұлттық өнерді жалғастырып отыр» дедік. Сондай-ақ, 15 мың жолдық «Шыңғыснама» дастанын, 25 сағаттық жыр дискіні табыстадық. Сонда моңғолдың ғалымы «қазақтың жырауы 15 мың жолдық Шыңғыс дәуірін жырлап кетіпті, ал біз оны мемлекет болып қолға ала алмай отырмыз» деген еді. Демек, жыраулар – қазақ тарихының тірі жәдігері. Аймақ басшысы бастамашы болған дәстүрлі академия рухани жаңғырудың табысты жолы болмақ, – деді ол.
Мұнан кейін жыр жампоздары жиылған жыраулар фестивалі мен республикалық ақындар айтысы өтіп, көкіректен сөз төресі төгілді. Ауданның 90 жылдығы мен Тұрымбет жырау Салқынбайұлының 150 жылдығына арналған сөз барымтасына 10 ақын қатысып, бақ сынады. Жырау Алмас Алматов бастаған қазылар алқасының шешімімен қызылордалық айтыскер Мұхтар Ниязов бас жүлдеге тігілген жеңіл автокөлікті жеңіп алды. Қармақшылық Сырым Әділбек бірінші, тараздық Аруна Керімбек екінші, оралдық Эльдар Ихсанов үшінші орынға ие болды.
Мерейтойда аудан тұрғындарының бір бөлігі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде ұлттық спорт ойындарынан ұйымдастырылған сайысты тамашалады. Спорттың қол күрес, гір көтеру, түйе палуан сынды үш түрінен өткен жарысқа 70-ке жуық спортшы қатысты. Ұлттық спорт түрінде бабы мен бағы келіскен азаматтар аудан әкімдігінің дипломдарымен, қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Ал Жосалы кентіндегі ипподромда ұлттық ат спорты жарысы өтті. Сайын даланы дүбірлеткен жүйріктердің ұзын саны отызға жуық. Бәйгеге Қызылорда, Тараз, Шиелі, Арал, Сырдария, Жалағаштың сәйгүліктері қатыстырылды. Аламан бәйгеде қызылордалық Ақтай Әділетұлының аты озса, құнан бәйгеде шиелілік шабандоз Талғат Ғанидың жүйрігі мәре сызығын бірінші қиып өтті. Ел қуанышын еселеген бұл күні Ш.Төлепов атындағы аудандық мәдениет үйінде Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклі сахналанып, мерейтой кеші «Қасиетті Қармақшым» гала-концертіне жалғасты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |