
Кеше «Достық үйінде» «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» VIIІ облыстық Азаматтық форум өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, өңірде белсенді жұмыс атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумда аймақ басшысы мүмкіндіктері мол, кәсіби білігі мен ұстанымы биік қоғамдық бірлестіктердің елдің қуатын арттырып, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтудегі маңызын атап өтті. Елбасы Жолдауында көтерілген бастамалар – «Жастар жылы», «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып, біл!», мектептерде әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын дамыту «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндеттерімен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыруда мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар үштігі күш біріктіруі тиіс.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде демократия мен азаматтық қоғамның негізгі институттары құрылды. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар бастамаларына мемлекеттік гранттар беру және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлу жүйесі қалыптасты.
Біздің облыстағы қоғамдық ұйымдар саны көбейіп келеді. Осыдан он жыл бұрын олардың саны 150 ғана болса, қазір бір мыңға жуықтады. 2009 жылы үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына облыстық, қалалық және аудандық бюджет арқылы 45 млн теңге қаржы бөлінсе, өткен 9 жылда қаржы көлемі 22 есе өсіп, биыл 1 млрд теңгеге жетті. Бұл қаржыға үкіметтік емес ұйымдар арқылы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт пен кәсіпкерлік салаларын дамытуға бағытталған, жастар саясатын жетілдіруге арналған жүздеген жобалар жүзеге асуда.
Өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы үкіметтік емес ұйым қызметін белсенді ету бойынша қаржыландыру жағынан Астана мен Алматы қалаларынан кейін 3-ші орынды иеленді. Бұдан басқа аймақта үкіметтік емес ұйымдарды бюджеттен тыс көздерден қаржыландыру шаралары қабылданып, 8,2 млн теңге болатын «Дағдарыс жағдайына тап болған балалар мен аналарға арналған әлеуметтік қонақ үй» жобасы іске асырылуда.
Әлеуметтік жобалардың негізгі бағыттары – қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту, жастар саясатын іске асыру мен балалар бастамаларын қолдау, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қолдау көрсету. Ұзақ мерзімді қаржыландыру, оның ішінде мүгедек азаматтарды оңалту мен әлеуметтендіруге бағытталған ақпараттық технологиялық сауаттылықты көтеру, электронды әкімдік бағдарламасын қолдануды үйрету, «Инватакси» әлеуметтік жобалары оң шешім тапқан.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы, жас ұрпаққа еңбек еткен адамның қалай дәріптелетінін түсіндіру үшін «Еңбек династияларының» форумы, «Жомарт жүрек» акциясы өткізіліп келеді.
Облыс басшысы мектеп жасындағы балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың тән мен жан саулығын қамтамасыз ету, жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беру, өскелең ұрпақтың биік рухани келбетін қалыптастыруда бірлесе атқаратын жұмыстардың жеткілікті екенін айтты.
– Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі, жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға қамқорлығымызды күшейткеніміз жөн. Сіздерден алдағы уақытта осы бағыттағы жобалар мен ұсыныстар күтеміз, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Үкіметтік емес ұйымдардың әдістемелік және ресурстық орталығы – «Азаматтық альянс» бірлестігі құрылған күнінен бастап мемлекеттің сенімді де тиімді әріптесіне айналды. Алдағы уақытта облыстық «Азаматтық альянс» барлық қоғамдық ұйымдармен кеңесе, форум ұсынымдарын ескере отырып, іс-шаралар жоспарын дайындайды. Бұл құжат келешекке дайындаған ортақ жоспар болмақ. Оған қоса альянстың ұсынысымен барлық басқарма басшылары белсенді жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйым басшыларын кеңесші ретінде жұмысқа тартатын болады.
Аймақ басшысы әлеуметтік жобалардың нәтижелі орындалуы мен үкіметтік емес ұйымдар жұмысының сапасына сараптамалық талдау жасау және жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында «Азаматтық альянс» жанынан эксперттік топ құруды ұсынды.
– Халқымызда «азамат» деген қастерлі ұғым бар. Ол басқа тілдердегі төлқұжатпен анықталатын азаматтықтан әлдеқайда кең әрі терең ұғым. Қазақ қоғамында «Азамат» мәртебесі – адамға өрелі ісі, айналасына жанашыр жүрегі, елі мен туған жеріне жасаған қалтқысыз қызметі үшін берілген. Осы қастерлі ұғымның бар ауыртпалығын арқалап, Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жеткен жетістігіне зор үлесін қосып, адал қызмет етіп жүрген сіздерге алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімі сөзінің қорытындысында.
Форумда облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Ж.Базартай, «Арал балалары» қоғамдық қорының директоры Қ.Исаева, Қазақстанның қолөнершілер одағы облыстық филиалының директоры Қ.Ілиясова, «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Жұмашев, тағы басқа үкіметтік емес ұйым өкілдері ұсыныс-пікір білдірді. Азаматтық сектор жұмысын алға жетелеген қоғам белсенділері марапатталды.
Үзілістен соң форум жұмысы сұхбат алаңдарында жалғасты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев, ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Махановтың тренерлігімен ҮЕҰ жетекшілеріне арналған шара ұйымдастырылды.
Гүлжазира Жалғасова,
"Сыр бойы".