Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бастап Қазақстан халқының бай-қуатты һәм тұрақты өмір сүруі үшін түрлі бағдарламалар мен стратегиялық маңызды құжаттар қабылданды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңару, даму жолында жасалып жатқан бұл жұмыстар Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елдің қатарына кіру ұмтылысын айқындай түсуде.
Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауының негізгі өзегі бұл жолы да барша қазақстандықтардың әлеуетін арттыру, тұрмысын жақсарту – еліміздің экономикасын жан-жақты дамытудың жаңа формасын қалыптастыруға бағытталып отыр.
Жолдауда балалардың денсаулығы мен біліміне, адами капиталдың дамуына ерекше басымдық берілді. Жолдау жүктеген міндеттер бөлінісінде оқушылардың 3 ауысымда оқуын жою, елімізде мектеп жетіспеушілігін шешу, азаматтардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын ұстануы үшін заманауи типтігі спорттық алаңдар мен ғимараттарды салу және тегін пайдалануға беру, жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, еліміздегі жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандардың жоғары сұранысқа ие болуы секілді бірқатар мәселелер міндеттелді.
Елімізде «Ұстаздар күні» аталып өтіп жатқан уақытта жарияланған Жолдау мұғалімдер қуана қабылдаған ерекше жаңалық болды. Яғни, келер жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданатыны осы мамандық иелерінің мерейін өсірді.
Әрине, бұл киелі мамандық иелеріне деген қоғам қызметін қалыптастыру үшін жасалып отыр. Себебі білім саласындағы ұзын-сонар реформалар қағазбастылық, негізсіз қоғамдық жұмыстарға тарту, бала құқығын ұстаз мәртебесінен жоғары қою секілді мәселелер білім саласына, соның ішінде ұстаздар қауымының мәртебесіне кері әсер етуде. Міне, осы мәселелердің Елбасы Жолдауында ерекше қамтылуы педагогтар мәртебесін көтеріп қана қоймай, жұмысын жетілдіруге ерекше ықпал етеді деп сенеміз.
Жалпы Жолдауда қамтылмаған сала жоқ. Соның бірі – медицина саласы. Әрине, медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Сондықтан да медицина саласына айтылар сын да көп, қойылар талап та жоғары. Осының бәрін ой елегінен өткізген Елбасы ең алдымен ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын және бұл салаға қатысты бөлінетін қаражатты 5 жыл ішінде 10 пайызға дейін көтеруді тапсырды және 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысының басталатындығын айтты. Бұл медициналық қызметтің сапасы мен денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуына жасалып отырған мүмкіндік.
Елбасы жастармен өткен әрбір кездесуінде «Жастары мықты елдің – жасары да, асары да мол» екенін үнемі айтып келеді. Айтып қана қоймай, ел болашағы жастар үшін барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Жолдауда 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды тапсырды. Бұл жастарды қанаттандырып, алға қарай дамуына тың серпін берді.
Бір сөзбен айтқанда, Жолдауда айтылған әрбір ойдың астында үлкен мән жатыр. Барлық идея «Ұлт жоспары 100 қадаммен» ұштасып, елімізді дамыған мемлекеттердің көшіне қарай бастары айқын.
Сондықтан даму бағдары белгілі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, һәм саяси үдерісінің арта түсуі үшін Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру ортақ ісіміз деп есептеймін.
Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.