« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының дені елдің әлеуметтік әлеуетін, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып келеді. Ұлт көшбасшысының «Қазақстанды ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден – бір құдірет – білім, білімді ұрпақ» деген сөзі үнемі еске оралады. Осыған сай Елбасы өзінің қай Жолдауында да білім саласының дамуына ерекше назар аударып келеді.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында да негізінен әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Сонымен қатар бұл Жолдау Ұлт көшбасшысының елдің өркендеуі жолында орнықты даму саясатын жүргізіп отырғанын да айғақтады. Жолдауды тыңдай, оқи отырып, кезекті құжаттың білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштерінің нақтылы бағдарламасы екендігіне көзіміз жетті.
Сонымен қатар бұл құжат Елбасының жыл басындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгіленген білім беруге қатысты басты басымдықтардың сабақтасты жалғасы.
Елбасы өз сөзінде бүгінгі күні бүлдіршіндердің 95 пайызының балабақшамен қамтылғанын айта келіп, ендігі міндет мектепке дейінгі білім берудің сапасын түбегейлі өзгерту екендігіне тоқталды. Ең маңыздысы – балабақшалардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын, ондағы тәрбиешілер мен басқа да қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жүйесін қайта қарау керек екенін және бүгінгі күнгі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орын алып отырған күрмеулі мәселелердің нақты шешімі болатын «Жол картасын» әзірлеудің қажеттілігін айтты.
Орта білім беру жүйесінде атқарылатын негізгі бағыттар бұған дейін анықталған, алдағы уақытта оны жүзеге асыруға бар күшті жұмылдыру қажет екенін айта келе, мектепті реформалаудың қорытындылау кезеңі ретінде «Назарбаев Зияткерлік Мектептеріндегі» білім беру жүйесі мен оқыту әдістемелерінің жалпы мектептер үшін бірегей стандартқа айналуы тиіс екендігіне ерекше назар аударды.
«Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің» білім беру тәжірибесін облыс мектептеріне тарату мақсатында 2015 жылы аймақ басшысы мен «НЗМ» дербес білім беру ұйымы төрайымы арасында меморандумға қол қойылып, нақты іс – шаралар жоспары жасалды. Нәтижесінде бүгінгі күні жаратылыстану – математикалық бағыттағы пәндерді тереңдете игеріп, жоғары сыныптарда оны ағылшын тілінде оқытатын, соған сәйкесті материалдық – техникалық базасы жетілдірілген 46 инновациялық мектеп – лицейлер қалыптастырылды, әрбір басқа білім беру ұйымдарымагниттік мектеп ретінде инновациялық мектептерге тіркелді. Бүгінгі күні бұл тәжірибе оң нәтижесін беріп келеді.
Жолдауда балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына мән беріліп, мектеп психологтарының жұмысын күшейтіп, басқа да шараларды жүргізудің қажеттілігі тапсырылды. Осы тұста айта кету керек, «ЮНИСЕФ» балалар қорының ұсынған «Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» халықаралық жобасы республикада алғашқы болып 2015 жылы біздің облыста енгізіліп, оң нәтиже көрсеткен бұл тәжірибе еліміздің басқа да аймақтарына үлгі ретінде таратылып келеді. Қоғам үшін бүгінгі көкейтесті мәселенің бірі - балаларға қарсы жасалып жатқан қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою, олардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Елбасы әлеуметтік бес бастаманың әрі қарай жалғасатынын айта келіп, жас ұрпақтың патриоттық ұстанымын қалыптастыратын «Ауыл-ел бесігі», «Сарбаз», «Өз жеріңді танып біл!» атты жаңа жобаларды ұсынды. Келесі жылдың «Жастар жылы» болып жариялануының өзі де жастар үшін өте жағымды жаңалық, себебі, жыл аясында көптеген қордаланған мәселелердің шешілері сөзсіз.
Ал Жолдау барлық ұстаздар қауымы үшін ең маңызды жаңалық – «Педагог мәртебесі туралы» Заңын қабылдау қажеттілігі жайлы айтылғаны болды. Ұстаз беделі мен оның мәртебесі қай заманда да, қандай халық, қандай ұлт болмасын, жоғары болған. Ежелгі грек философы Сократтың «Ұстаздың мәртебесі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деген сөзі, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Ең жақсы мұғалімді дүниедегінің бәрінен қымбат бағалаймын. Мектептер үшін мұғалім бар нәрсенің кіндігі, мектептің жаны, жүрегі...», ал, Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосқан жерде, төрдегі орын мұғалімдікі» деген қағидаттары ұстаз мәртебесін ерекше айшықтап тұрғандай.
Міне, осынау ұстаз бойындағы ұлы құндылықтарды, мұғалімге деген құрметті кейінгі уақытта төмендетіп алғанымыз да шындық. Қоғамдағы осы олқылықты пайымдаған Елбасы өзінің соңғы кездегі мақалаларында, Жолдауларында мұғалім мәртебесін көтеруге ерекше мән беріп келді. Рухани жаңғырудың да бір негізі осында жатыр. «Келешекте мұғалім мамандығы ең мәртебелі және жоғары ақы төленетін мамандықтардың біріне айналады»,- деген Н.Ә.Назарбаевтың сөзі де осы ойдың бәрін түйіндеп тұрғандай.
Ұстаздар қауымын нақты қолдау – олардың тек лауазымдық жалақысын арттырумен ғана өлшенбейді, оқытушы мамандығының абырой-беделін көтеруге, өзін-өзі жетілдіруге, жаңашылдыққа ұмтылуға ықпал етеді. Сонымен қатар қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болса, ол мамандыққа деген болашақ жастардың қызығушылығы, ынтасы мен ұмтылысы зор болары сөзсіз. Егер, мектепті үздік бітірген түлектеріміз осындай мәртебелі мұғалімдік мамандықты қаласа, олардан қоғамның болашағын тәрбиелейтін жақсы ұстаз шығары да анық.
Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларының талаптарына сай заманауи және сапалы еңбек етіп келе жатқан М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұжымы үшін жаңа Жолдау олардың алға қойған мақсаттарына жету жолындағы серпін болары анық.
Ия, адамдар береке мен бірлік салтанат құрған жерде өмір сүруге жайлы орта қалыптасқанда ғана алаңсыз білім алып, қызмет жасайды, ертеңіне үлкен сеніммен қарайды. Елбасының жаңа Жолдауы осы сенімді орнықтырып, жаңа мұраттарға жетелейді.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,
М.Мәметова атындағы педагогикалық
жоғары колледжі директоры, п.ғ.д., профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |