
Сыр жерінде күріш дақылы қашаннан бастап егілді? Бұл сауал төңірегінде түрліше жорамал айтылады. Кейбір ғалымдар оған жергілікті жұрт өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап көңіл бөліп келеді дейді. Ендігі бірі одан да ертерек кезеңде біздің жерде егілгенін тілге тиек етеді. Қалай десек те, бүгінгі таңда елдегілер үшін күріш өндірісі негізгі тіршілік көзіне айналғаны белгілі. Осылай дегенімізбен, күріш шаруашылығында күрмеулі мәселелер бар екенін жұртшылық жақсы біледі. Әрине, кез келген жұмыс жаңа технология мен ғылым саласына тәуелді. Ал мұнда 30 жылдан астам уақыттан бері жергілікті тұқым сорттары өндіріске енгізілмеген. Сондай-ақ әлемнің кейбір елдерінде жасалып жүрген жобаларды біз енді ғана тәжірибе негізінде пайдалана бастадық. Алайда олардың барлығы кең ауқымда қанатын кеңге жайып кетті деп айта алмаймыз.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа қызметіне келген күннен бастап қаншама жылдан бері түйінді тақырыпқа айналып келген мәселе түйінін тарқатуға көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде диқандармен жүздесу барысында айтылған ойлар қаперге алынып, ғалымдар мен мамандардың пікірлері сарапталды. Осының нәтижесінде күріш шаруашылығы саласында батыл бетбұрыс жасалды. Қарапайым халықтың мүддесі мен мақсаты ескеріліп, ендігі кезекте нақты жұмыстарды жүзеге асыруға назар аударылды.
Бұрын бұл салаға берілетін субсидия ауыз тұшыта қоймайтын. Оның нормасы 18 мың теңгеден аспайтын еді. Өзге дақылдарға қарағанда күрішке кететін шығын орасан. Мардымсыз ақша жыртықты жамауға жете бермейді. Биыл мемлекет тарапынан шаруаларды қолдауға бағытталған игілікті істер жасалды. Субсидия нормасы әр гектарға 25 мың теңгеден шамалады. Сондай-ақ, минералдық тыңайтқыш, гербицид, су жеткізіп беру қызметіне де осындай көмек көрсетіліп отыр. Соның бәрін шотқа қағып есептеп көрсең, мемлекет тарапынан дария бойындағы диқандарды демеу мақсатында көптеген көмек бар екеніне көзіңді анық жеткізуге болады. Нақтырақ айтсақ, жергілікті еңбекшілер бір гектар күріш алқабына орташа есеппен 166,7 мың теңге шамасында шығын шығарады. Сол шығынның ширек бөлігі, яғни, 42,7 мың теңгесі субсидия есебінен өтеледі. Бүгінгі нарық заманында бұл қолдаудың өзі аз жәрдем емес.
Соның бірі – күріш кластерін дамыту консорциумы. Аталмыш идея тектен-текке айтылған жоқ. Оның мақсаты қандай болмақ? Алдымен агроөнеркәсіп кешенінің өрісін кеңейту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән берілмек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы салаларын тиімді ұйымдастыру және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында көптеген жұмыстар қолға алынады. Облыс әкімінің биылғы жылға арналған іс-қимыл жоспарында осы мәселе қозғалды. Мамандар біздің аймақтың еліміз бойынша күріш өнімі халықты толықтай қамтамасыз етуге жететінін талай мәрте айтып келеді. Тіпті артылған өнімді алыс және жақын шетелдерге экспортқа шығарудың әлеуеті зор болып отыр. Сондықтан консорциум құру арқылы көптеген түйткілді бірлесе шешуге мүмкіндік туады. Өйткені күріш Сыр өңірінің брендтік тауары деп бағаланады. Мамандар күріш кластерін дамыту консорциумы дер кезінде қолға алынып отырғанын айтады.
Бізде күріштен тек өнім жинап алынады. Қалған дүниелер ешбір кәдеге жарамай келді. Енді ондай олқылыққа жол берілмейді. Күріш кластерін дамыту бағытында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көптеген игілікті істерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Жалағаш ауданындағы «Жалағаш элеваторы» ЖШС-не қарасты өндірістік нысанды өз иелігіне алынған. Алайда, бүгінгі күнге дейін элеватор қолдан-қолға өтіп келген еді. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы толық қуатында жұмыс істеген жоқ. Соңғы жылдары алып кешенде небәрі 7 мың тоннаға жетер-жетпес күріш ақталған. Енді шаруа қожалық жетекшілері бұрынғыдай күрішті арзан бағаға өзге делдалдарға өткізе салмайды. Осы жерден өнімін сапалы өңдеп, тиімді бағаға сатуға мүмкіндік алады. Шаруа қожалықтары арасындағы жұмыс жүйеленді. Барлық тараптарға тиімді ұсыныстар жасалады. Болашақта элеваторда күрішті ақтап қана қоймайды, одан крахмал өндіру ісі де қолға алынбақ. Сонымен бірге, бұл өндірісте бидай тартып, нан өнімдерін шығару да ойластырылып отыр.
Биыл бірқатар шаруашылықтарға егін еге алмау қаупі туындады. Оның себебі де жоқ емес. Бұрынғы жылдарда оларды инвесторлар иелігіне алған еді. Өкінішке орай, сол қалталы компаниялар шаруаларды орта жолда тастап кетті. Соның салдарынан қолында қаржысы, техникасы, өзге де дүниелері жоқ егіншілер қиындыққа душар болды. Ұзақ жылдан бері басты дақылдың бабын жасап келген жергілікті жұрт ертеңгі күнге еріксіз алаңдап қалды. Сол сәтте облыс әкімі оларға үлкен қолдау көрсетіп, қажетті қаржы мен техниканы, басқа да қажетті дүниелерді тауып беруге қамқорлық жасады. Осының арқасында елдегілер жылдағы кәсібінен жаңылмай, қара жерден несібесін теруге мүмкіндік алды.
Қызылордалық мамандар тәжірибе алмасу мақсатында көптеген елдерде болып қайтты. Атап айтқанда, олар Еуропа мемлекеттерінде бұл сала бойынша үйренетін тұстар көп екенін көбен көріп, көңілге түйіп қайтқан еді. Оларда күріш кластері жолға қойылған. Күріштің қауызы мен сабағынан да түрлі қажетті өнімдер шығарылады. Қысқасы, шетелдік әріптестер тыңнан жол тауып, барлығын қалыпты жүргізіп келеді. Күріш өндірісінен де қыруар кіріс кіргізіп отыр.
Шетелдерде крахмал өндірісі жоғары дамыған. Өткен ғасырдың 60-жылдарында қантты пайдаланудың орнына қантты крахмал өнімдерін қолдануға мән беріле бастады. Қызылша дақылы өсірілмейтін Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде және ол өніммен өзін қамтамасыз ете алмайтын еуропалық елдерде крахмал өндірісіне көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде крахмал сірнесі, глюкоза, фруктоз шырыны сияқты өндірісті өрістете түсті. Олар картоп, жүгері, бидай, сұлы, қарабидай және күріштен өндірілген. ТМД елдерінде крахмал өндіретін және оны сірнеге қайта өңдейтін 16 кәсіпорын бар екен. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, ұсақталған күріштен алынған ұнды және күріш салысын өңдеуде 14 пайызға дейін өндірілетін ұнтақты пайдалануға болады. Ресейде шығарылған РУМ-3 қондырғысы тәулігіне 50 литрден астам таза спирт шығара алады. Сондай-ақ кейбір елдерде күріш майын өндіру дұрыс жолға қойылған. Аталған өнім майлықышқыл құрамы бойынша тәуір тамақ майларының, яғни арахис, зәйтүн сияқты түрлеріне жатқызылады. Қазіргі кезде бізде күріш сабанын өртейтінін көзіміз көріп жүр. Оның қоршаған ортаны ластайтыны тағы бар. Дегенмен, бірқатар елдерде одан қағаздың жоғары сорты дайындалады. Құрылыс картоны мен мықты және арзан жіптер әзірленеді. Сондай-ақ, үйге киетін жеңіл аяқ киімдер, сөмкелер мен кілемшелер тұтынушылар арасында зор сұранысқа ие болып отыр. Демек, күріш кластері жөнінде кең ауқымда айтуға негіз бар. Бізде бүгінгі күнге дейін түрлі себептермен ондай жұмыстар қолға алынбады. Соның салдарынан көптеген дүниелер кәдеге жарай қойған жоқ. Күріш кластерін дамыту консорциумын құру сондай игілікті істерге жол ашады деген сенім бар.
Қазіргі күні қолдағы күріш өнімін өткізе алмай отырмыз. Өйткені, оның бағасы бізге қолайлы болмай тұр. Делдалдар арзан сұрайды. Келісін бар-жоғы 30 теңгеден асырғысы келмейді. Кезінде шаруалардан күріш қабылдайтын арнайы мекеме болған жоқ. Бұл жағдай жылма-жыл осылай жалғаса берді. Сол түйткілдің шешімі табылды. Облыс басшысының тапсырмасымен өнімді 40 теңгеден қабылдауға шешім қабылданды. Ендігі кезекте жергілікті диқандар көлденең көк аттыға өз өнімін арзанға өткізе салмайды. Арнайы белгіленген баға бойынша өнімін өткізе алады. Соның нәтижесінде өзгенің үстінен күн көріп келген кейбір кәсіпкерлердің жолы кесілді.
Қай кезде де қарапайым еңбек адамын құрметтеу лазым. Дала қосын дүбірге бөлеген диқандар таңның атысы, күннің батысы демей, мол өнімге негіз қалау мақсатында тынбай тер төгеді. Осының нәтижесінде күміс дәннің жүзін күн сүйіп, қамбаға орасан астық құйылады. Бұл – жылдағы көз үйренген көрініс. Десе де, еңбек озаттарын лайықты деңгейде марапаттауға көңіл бөлгеніміз артық емес. Биыл табыстан тау тұрғызған үздіктерге ерекше құрмет жасалды. Олардың кейбірі жеңіл автокөліктерге ие болса, қалғанына қаржылай сыйақы берілді.
Біздің өңірдің негізгі кәсібі – күріш шаруашылығы. Жергілікті диқандар суармалы егіншілікпен айналысады. Күріш үш-төрт ай бойы суда тұрады. Кезінде 200 мыңнан астам жер инженерлік жүйеге келтірілген. Ендеше, осындай байлықты ұқсата білгеніміз артық емес. Бұл біздің аймақтың абыройын арттыра түседі. Бұрынғы берекелі кәсіпке қайта оралуға оң ықпалын тигізеді.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
- Сыр маржанының даңқы қайта жаңғыруда. Биылғы жылы ауыл еңбеккерлері егілген 74 мың гектар күріштің әр гектарынан 48,8 центнерден өнім алып, қамбаға 365 мың тонна күріш салысын құйды немесе 22,8 млн. пұт Сыр маржаны қамбаға құйылды. Бұл егемендік алғаннан бергі ең ірі жеңісіміз!
***
- Осы жылы күрішке төленетін субсидия нормасы 25 мың теңгеге көтерілді. Бұдан басқа күріш өндірісінде пайдаланылатын минералдық тыңайтқыш, гербицидтер, су жеткізіп беру қызметіне төлейтін үкімет бекіткен субсидиялар бар. Осылардың бәрін қосқанда әр гектарға орташа есеппен 42,7 мың теңге субсидия төленді.
***
- Бір гектар күріш өндірісіне кететін орташа шығын 166,7 мың теңге көлемінде. Сонда кеткен шығынның төрттен бір бөлігін мемлекет субсидиялап отыр. Былайша айтқанда, әр өндірілген килограмм күріштің өзіндік құны 11,5 теңгеге (25,5 пайыз) мемлекет төмендетіп отыр деген сөз.
***
- Бұрындары кейбір инвесторлар күріштің әр килосын 25-27 теңгеден бағалап сатып алып келсе, енді өнім 40 теңгеден қабылдануда. Бұл шаруашылықтардың экономикасын көтеріп, өзіндік дамуына қаржы салуға мүмкіндік береді.
***
- дамытумен қатар, оның көкейкесті мәселелерін шешуге ықпал етіп отыр. Тұқым шаруашылығы жолға қойылды. Бүгінгі таңда шағын шаруашылықтарды ірілендіру шаралары қолға алынып, Сыр маржанының байырғы даңқы қайта оралуда.
Әділжан ҮМБЕТ.